Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театры

+7 (7262) 45-29-68
+7 (7262) 45-79-70
Сенім телефоны:
+7 (7262) 45-53-25
Тараз қ, Абай проспект, 115

🔹А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының үшінші қабатында орналасқан музейде ҚР Мәдениет қайраткері, жазушы, драматург Әлібек Әмзеұлына арналған экспозиция ашылды.

 

🔹Іс-шараны жазушы, «Алаш» сыйлығының иегері Елен Әлімжан құттықтау сөзімен ашып берді. Одан кейін сөз алған Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай игі бастаманың жалғасын табуына тілектестігін білдірді.
- Осында жиналғандардың біразыңыз көзі тірісінде Әлібек Әмзеұлымен қызметтес болдыңыздар. Ол кісінің дәл осы театрдағы музейдің ашылып, жұмысының жандануына қосқан үлесі ерекше. Сол себепті Әлібек Әмзеұлына арналған экспозицияның театрдағы музей қабырғасында бой көтеруі де өзіндік мәнге ие, аса маңызды. Шын мәнінде, Әлібек Әмзеұлы – өзінен кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық із қалдырған көпқырлы тұлға. Оны әрмен қарай насихаттау, кейінгі ұрпаққа жеткізу сіздер мен біздің еншімізде. Сол себепті, ол кісімен қызметтес, әріптес болған әрқайсыңызды осы театр қабырғасындағы экспозицияны толықтыруға шақырамын, - деді Ерлан Нұрманұлы.

🔹Тұлғаның өмірдерегі мен еңбек жолынан сыр шертетін музей бұрышында Әлібек Әмзеұлының өмірінің соңғы жылдары жазып кеткен «Менің заманым мен замандастарым», «Менің сырым мен шыным» сынды кітаптарымен қатар, алған наградалары және фотосуреттері, медальдары, театрда қызмет еткен жылдары сомдаған рөлдерін айқындайтын суреттері, облыстық мәдениет басқармасын басқарған жылдары көрсеткен жемісті марапаттары топтастырылған.