Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театры

+7 (7262) 45-29-68
+7 (7262) 45-79-70
Сенім телефоны:
+7 (7262) 45-53-25
Тараз қ, Абай проспект, 115

🔹Театр өнерінде қалыптасқан дәстүр бойынша жыл сайын жазғы демалыс алдында театрдың ағымдағы маусымы жабылады. Осы дәстүрге сай, 2022 жылдың 24 маусымы күні Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театының 86-шы маусымы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы-драматург Арғынбай Бекбосынұлының туғанына 85 жыл толуына орай автордың «ДОМАЛАҚ ЕНЕ» символикалық драмасы көрсетумен жабылды.

 🔹Қойылым басталмас бұрын көрермендер алдында театрдың Көркемдік жетекшісі Ербол Абжалов 86-шы театр маусымында атқарылған іс-шараларға қысқаша шолу жасап, алдағы 87-ші маусымдағы негізгі жоспарларға тоқталып өтті.

🔹Бұл ретте ретте, өткен күзде басталған 86-шы маусымның басынан бүгінге дейін театр репертуарына 4 жаңа қойылым дайындалып, қосылған. Олар:
Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған драматург Иран Ғайыптың – «Жамбылдың қызыл жолбарысы» драмасы.

 🔹Үстіміздегі жылғы «Балалар жылына» арналған драматург Сұлтанбек Құдайбергеннің «Періште қонған үй», жас драматург Қолғанат Мұраттың «Мұғалім» драмалары және Жәнібек Әлікеннің «Сиқырлы терезе» ертегі-қойылымы.

Театр тарапынан, жалпы, 86-шы маусым барысында, бүгінгі күнге дейін көрермен қауымға барлығы – 184 қойылым көрсетілген.

🔹86-шы маусым барысында бірқатар театр артистері арнайы кәсіби және мемлекеттік жоғары атақтарға ие болған. Оның ішінде театрдың белді актері Жүніс Әлімбеков «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына ие болса, театр тарапынан марапатқа ұсынылған белгілі режиссер Қуандық Қасымов «Құрмет» орденімен марапатталған. Үш актер – «Мәдениет саласының үздігі» белгілеріне ие болған.

🔹Қазіргі уақытта театр тарапынан халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына және ұлы ағартушы, Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына, сондай-ақ, жоспардағы бірнеше жаңа қойылымдарға дайындық жұмыстарын жүргізуде.

🔹Театрдың 86-маусымының жабылуына көрермен назарына ұсынылған көрнекті жазушы-драматург Арғынбай Бекбосынұлының – белгілі режиссер Қуандық Қасымов сахналаған «ДОМАЛАҚ ЕНЕ» символикалық драмасында белгілі тарихи тұлғалар Бәйдібек баба мен Әмір Темір (Ақсақ Темір) өмір сүрген кезеңдегі солармен байланысты әлденеше оқиғалар әсерлі көрініс табады. Сондай-ақ, Домалақ ене – Нұрилә анамыздың Әулие ана болып танылуы тарихи және аңыз әңгімелер негізінде қызықты баяндалады.

🔹Драмада Бәйдібек Қарашаұлы бабамыздың ролін Халықаралық театр фестивалінің лауреаты, ҚР Мәдениет саласының үздігі Мәлік Ақүрпеков сомдап, оның парасатты би, аса салмақты ақыл иесі, қол астындағы өзіне қарасты барша халықтың басалқалы басшысы, байыпты төрешісі ретіндегі образын бар сыр-қырымен жарқырата ашып берді.

🔹Ал, Домалақ ене – Нұрилә апа ролін сомдаған театр артисі Жадыра Құлтаева өз кейіпкерінің бойындағы үлкен ақыл-парасатты, ақжарма адал жүрек, зор адамгершілік қасиеттер мен өмірлік жары Бәйдібекке және оның әулетіне деген кіршіксіз таза махаббатын, сондай-ақ, ең бастысы, оның адам таң қаларлық кереметтей әулиелік қасиеттерін көрерменін сүйсінте отырып, асқан шеберлікпен жеткізе білді.

🔹Драмада Ақсақ Темір мен Бәйдібек бидің кездесуі жылы шырай, жайма-шуақ жағдайда өтеді.

🔹Ақсақ Темір ролін сомдаған талантты артист, ҚР Мәдениет саласының үздігі Кенен Ақүрпеков өз кейіпкерінің бүкіл болмысын тарихтан және ел аузынан белгілі ерекшеліктерге сай, шынайы суреттеп, көрсете білді. Әсіресе, Ақсақ Темірдің ақсаңдап басып жүргенін, насыбай атқандағы іс-қимылдарын, сөйлеу нақыштарын барынша нанымды да көркем жеткізді.
🔹Рухия роліндегі артист Анар Алтыбаева үнемі ақ сағым мен бұлтқа оранған рух пен елес түрінде көрініп, Домалақ ене-Нұриләға күш-қайрат, сенім, жігер беріп отырды.
Қойылымның басқа да кейіпкерлері: А.Сейілхан, Ә.Тінәлі, Г.Қойшыбаева, М.Қожалиев, М.Ердалиев, А.Дәулетбақов, Ә.Шоңбаев, Ж.Қырықбаев, Б.Әлекешов, М.Есімбеков, С.Мадумаров, Н.Маханов, Ж.Төлеген, Г.Сұлтанбекова, Р.Қылышбаева, И.Мұстафаева және тағы басқалар өздеріне белгіленген рольдерді жоғары шеберлікпен сомдап шықты.

#АрғынбайБекбосынұлы85ЖЫЛ
#86маусымныңжабылуы