Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театры

+7 (7262) 45-29-68
+7 (7262) 45-79-70
Сенім телефоны:
+7 (7262) 45-53-25
Тараз қ, Абай проспект, 115

🔸Театр өнерінде қалыптасқан дәстүр бойынша жыл сайын күз айында театрдың жаңа жұмыс маусымы ашылады.
Осы дәстүрге сай, Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының 87-ші жаңа маусымының сахнасы классик дәрежесіне көтерілген аса ірі қаламгер, ел мүддесі жолында тері мен шерін төккен қара нардай қайыспас күрескер, белгілі халық жазушысы Шерхан Мұртаза ағамыздың 90 жылдығына арналып дайындалған «ШЕР-ХАН» атты жаңа қойылыммен түрілді.
🔸Аталған жаңа қойылымның авторы да, қоюшы-режиссері де белгілі режиссер, Ш.Айтматов атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты Қуандық Қасымов.
Қоюшы-суретшісі – белгілі шымкенттік суретші-сценограф – Қалтөре Жұмағұлов.
Шерхан Мұртаза ағамыздың бала кезі мен бозбала шағында көрген қиын-қыстау тауқыметті күндері, қаламгерлік жолдағы қалыптасу, өсу, биіктеу кезеңдері, ғұмыр бойы шындық пен ақиқат жолында күресіп өткен тау тұлғасы мен қайтпас қайсар мінезі, биік болмысы суреттелетін қойылымда Шерхан образын театрдың белгілі сахна майталманы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүніс Әлімбеков актерлік шеберлігінің қуатымен өте сәтті сомдап шықты.
🔸 Драма оқиғасында Шерхан Мұртазаның балалық шағынан бастау алатын өмірі, «халық жауының баласы» ретінде көрген зорлық-зомбылығы, қайсар анасы Айша мен бауырларына деген санасынан үнемі шықпаған сағынышы, Ұлы Отан соғысы жылдарымен тұспа-тұс келген тауқыметке, сан қилы ауыртпашылықтар мен қиыншылықтарға толы балалық шағы, тыныс-тіршілігі, өсуі, қалыптасуы, қазақ халқының тәуелсіздігі мен егемендігі жолындағы күрескерлік тұлғасы көрініс табады.
🔸Қойылымда бала Шерхан – Барысханды театрдың талантты жас актері, облыс әкімінің жастарға арналған «Әулиеата үміті» сыйлығының иегері Жорабек Төлеген сахналық образға айналдырды.
Қойылым барысында, сондай-ақ, Шерханның анасы Айшаны – актриса Индира Мұстафаева, әкесі Мұртазаны – актер Жандар Қырықбаевтар бейнелейді.
Қойылымда, сондай-ақ, қазақ тарихында өзіндік орны бар тұлғалар Бауыржан Момышұлы, Тұрар Рысқұлов, Домалақ ана бейнелері көрініс табады.
🔸Сонымен қатар, Шер-ағамен сұхбат құратын Рух, бауырлары мен достары рольдерінің сахналық кейіптері де театрдың белгілі артистрінің орындауымен ашылады.
 
🔸Қойылымдағы жағымсыз кейіпкерлер мектеп-интернат директорының ролін – актер Жандос Ильясбеков, бәле іздегіш, құйтырқы қылықты Ахмет ролін – белгілі актер, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Асқарбек Сейілхан, милиционерлер рольдерін – актерлер Мейірбек Есімбекұлы мен Сухраб Мадумаров сомдап, драма оқиғасындағы тартысты тұстарды қоюландыра түсті.
🔸Көрермен қауым қойылымды зор ықыласпен көріп, бойларына Шерхан Мұртаза аталарының биік болмысы мен тау тұлғасына ғана тән жоғары батылдық рух, сергек сезім, мұқалмас қайрат, жігер дарығандай болып, театр залынан үлкен әсер үстінде тарқады.