АТА-АНАЛАР МЕН МЕКТЕП БАСШЫЛАРЫНЫҢ НАЗАРЫНА! «ОҚУШЫЛАРДЫ ТЕАТРҒА АПАРУ - АҚША ЖИНАУ ЕМЕС...»
Құрметті ата-аналар мен ардақты педагогтар қауымы және «Тараз. Открытый диалог» тобының модераторы, Темурлан Турдалин мырза!
Әлеуметтік желілердегі - «Тараз. Открытый диалог» тобының 2019 жылдың сәуір айындағы постында жазылған: «Мектептерде әр түрлі мақсаттарға заңсыз ақша жиналады» деген пікірлер оқушылардың театр сияқты өнер ошақтарына мәдени демалуға келулеріне еш салқынын тигізбеуі тиіс.
Бала деген – өте әсершіл, кез-келген икемге тез иілгіш. Осы себепті жас жеткіншектердің сабақтан тыс уақытта, бір мезгіл, өзінің жан-жақты дамуына да, болашағына да пайдалы саналатын көпшілік шараларға барып, қатысып, мәдениет, өнер, спорт әлемі сыйқырларынан өзіндік рухани азық алуларына қолдау көрсету – ата-аналардың да, педагог қауымының да басты парыздарының бірі болса керек...
Театр – балалар үшін рухани өсуге, әдемілік пен әдептілікке тәрбиелейтін бірден-бір эстетикалық өнер ордасы. Өресі биік өнер де, көрерменге көрікті ой салар өнер де - осы, театр!
Ғұлама жазушы Мұхтар Әуезов театрды – «Ең сымбатты өнер» деп сипаттаса, Ғабит Мүсірепов - «Театр – хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер» деп тамсанады...
Ендеше, құрметті ата-аналар мен ардақты педагогтар қауымы!
Оқушылардың театрға келуі – босқа ақша жинау емес... Ол – ақша жинаудан да үлкен мақсатты дүние. Оны бүгін ескермесек, ертең кеш болары хақ.