Қадірменді сахна шеберлері!
Ардақты өнер майталмандары - ардагер ағалар мен апайлар! Құрметті барша театр қызметкерлері!
Сіздерді Жамбыл облыстық Асқар Тоқпанов атындағы қазақ драма театрының басшылығы мен Қазақстан Театр қайраткерлері одағының Жамбыл облыстық филиалының алқасы атынан төл мерекелеріңіз – Халықаралық театр күнімен шын жүректен құттықтаймыз!
Осынау айтулы күн – кәсіби тұрғыда ел мақтанышына айналған мамандық иелері, артистер қауымымен қоса, барша өнерсүйер халқымызға да ортақ мереке.
«Мәдениет – өмір мәйегі, өнер – ұлттың жаны», - дейді халық даналығы. Мәдениет пен өнер – елдігімізді бекемдеп, халқымызды қанаттандырып отыратын бір-бірінен ажырамас егіз ұғым.
Театр өнері қызметкерлері атадан балаға мұра болып қалатын асыл қазынамыз, халқымыздың баға жетпес құндылықтары – ұлттық өнеріміз бен мәдениетімізді көздің қарашығындай сақтап, оларды одан әрі жаңартып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу жолында аянбай еңбек етіп келеді.
Қай халықтың мәдениеті мен өнері жоғары болса, сол халықтың рухы үстем.
Үстіміздегі жыл басынан бері барша елімізбен қатар, театр ұжымдары да Ұлы Абайдың - 175, Жеңістің – 75, Алтын Орданың 750 жылдың мерейтойларына арналған мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырып, осы айтулы даталардың жоғары деңгейде өткізілуіне үлкен белсенділікпен ат салысып келеді.
Құрметті әріптестер!
Баршаңызға театр өнеріне, елге, халыққа қызмет ету жолында зор денсаулық, шабыт-шалқар, жаңа шығармашылық табыстар тілейміз!
ІЗГІ НИЕТПЕН: Жамбыл облыстық Асқар Тоқпанов атындағы қазақ драма театрының басшылығы мен Қазақстан Театр қайраткерлері одағының Жамбыл облыстық филиалының алқасы