Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театры

+7 (7262) 45-29-68
+7 (7262) 45-79-70
Сенім телефоны:
+7 (7262) 45-53-25
Тараз қ, Абай проспект, 115

Салықова Нұрсифат Рақымбайқызы 1938 жылы 10 маусымда Семей облысы Жарма ауданы Құдас ауылында дүниеге келген.
1954 жылы Семей облысындағы Шалабай совхозында Н.К.Крупская атындағы мектепті бітірген. Мектеп бітірген соң 5-7 класстарға тарих пәнінен дәріс берген.


1956 жылы жолдасы, Қазақ ССР-нің Еңбек сіңірген артисі Мақсұт Салықовтың Жамбыл облыстық қазақ драма театрына қызметке тұруына байланысты, Жамбыл қаласына көшіп келген.
Салықова Нұрсифат Рақымбайқызы 1959 жылы Жамбыл мәдени-ағарту училищесінің театр бөлімін бітіріп, облыстық қазақ драма театрына актриса болып қабылданған.
Н.Салықова сол, 1959 жылдан бері театр сахнасынан түспей, өнер жолына үздіксіз қызмет етіп келеді. Осы жылдар аралығында 100-ден аса рольдерді сомдап, аса қабілетті өнер иесі екенін танытты.
Соңғы жылдары театр репертуарындағы Ш.Мұртазаның «Ноқтаға басы сыймаған» спектаклінде - Сары әже, Қ.Демешевтің «Аюдың түсі» қуыршақ қойылымында - Асыл әже, М.Байжиевтің «Тіл табысқандар» комедиясында –Болдухан, И.Содиковтың «Әпендінің бес қатыны» комедиясында - Пейіш, С.Балғабаевтың «Қыз жиырма толғанда» мелодрамасында - Ана, М.Томанов пен М.Ахмановтың «Екі дос» ертегісінде – Қой және басқа да қойылымдарда көптеген рольдерді сомдап келеді.
Бірқатар телефильм және көркем фильмдерде негізгі кейіпкерлер рольдерін сомдаған. Олардың ішінде, әсіресе, 2015 жылы түсірілген Досхан Жолжақсыновтың «Құнанбай» кинофильмінде Құнанбайдың анасы Зеренің ролінде ойнап, ерекше актрисалық шеберлігімен танылып, осы еңбегі үшін Мемлекет басшысының Жарлығымен «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты» атанды.
Бүгінде зейнеттік демалыста болса да, киелі сахнада түрлі образдарды сомдауға белсенді қатысады.
Н.Салықова жыл сайын өткізілетін халықаралық театр күні, ұлттық Наурыз мейрамында тапсырылған қоғамдық жұмыстарға белсенді араласады. Елу жылдан аса сахнамен бірге жасасып келе жатқан еңбек ардагері кейінгі жас буын өкілдеріне театр тарихы мен өмірі жайлы тағылым айтып, тәлімгерлік үлгі-өнеге көрсетіп отырады.
«Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты», «Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері» атағының, «Еңбек ардагері» медалінің иегері. Көптеген Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттармен марапатталған.
НҰРСИФАТ ӘПКЕ, Сіздің өнер жолындағы ұзақ жылғы жемісті қызметіңіз – кейінгі жастарға зор үлгі-өнеге! Туған күніңізді әрдайым шығармашылық ортамызда мерекелей беріңіз!

ІЗГІ НИЕТПЕН, ҚҰТТЫҚТАУШЫЛАР: Жамбыл облыстық Асқар Тоқпанов атындағы қазақ драма театрының басшылығы, шығармашылық ұжымы, әріптестеріңіз!