Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театры

+7 (7262) 45-29-68
+7 (7262) 45-79-70
Сенім телефоны:
+7 (7262) 45-53-25
Тараз қ, Абай проспект, 115

Бүгін 16 шілде – Жамбыл облыстық Асқар Тоқпанов атындағы қазақ драма театрының білікті ардагер актрисасы, сахна шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі МАЙРА АЛИМБЕТОВАНЫҢ туған күні!

Алимбетова Майра Жалмұханбетқызы, 1952 жылы 16 шілдеде Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында дүниеге келген.
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі атағының иегері.
1978 жылы Москва қаласындағы Щепкин атындағы Жоғары театр училищесін бітірген. 1978-1981 жылдары Торғай облыстық драма театрында актриса қызметін атқарған.


1981 жылдан бастап Жамбыл облыстық қазақ драма театрында актриса қызметін үзіліссіз атқарып келеді. Осы жылдар ішінде театр сахнасында 100-ден аса рольдерді сомдау нәтижесінде, актерлік шеберлігі толысып, жетілген білікті сахна шебері ретінде танылды.
М.Алимбетова өзі сомдаған басты рольдер ішінде, әсіресе: М.Әуезовтің «Қаракөзіндегі» - Қаракөз, «Еңлік-Кебегіндегі» - Еңлік, «Қара қыпшақ Қобыландысындағы» - Қарлыға, У.Шекспирдің «Гамлетіндегі» - Гертруда, «Ричард-ІІІ-індегі» - Елизавета, Д:Исабековтің «Әпкесіндегі» - Гауһар, «Кішкентай ауылындағы» - Шәмсия, Т.Ахтановтың «Антындағы» - Батима ханым және басқа да көптеген рольдерді өте сәтті де тартымды шығарып, театртанушылар мен көрермендер тарапынан лайықты бағасын алып, талай биіктен көрінген. Көптеген Республикалық және Халықаралық театрлар фестивалінде жүлделі орындарға ие болған. Осы еңбектері арқасында 1998 жылы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі атағына ие болды.
Актрисаның соңғы жылдары сомдап келе жатқан Ш.Мұртазаның «Домалақ анасындағы» - Марау, С.Сматаев пен Т.Теменовтің «Көгілдір таксиіндегі» - Мариям, И.Содиковтың «Әпендінің бес қатынындағы» - Фатима және басқа да ролдері де - һас шебердің өнердегі жан-жақты шеберлігі нәтижесінде жасалған жанды образдар екендігі мойындалып келеді.
Ол 2011-2013 жылдары Жамбыл облыстық қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі қызметін атқарып, театрдың шығармашылық толысу дәрежесінің артуына көп үлес қосты. Театрдың Көркемдік кеңесінің мүшесі ретінде де, көптеген игілікті жұмыстар атқарып келеді.
Осындай айтулы еңбектері нәтижесінде, ол, 1986 жылы Қазақ ССР Мәдениет министрлігінің дипломымен, 2001 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің «Алғыс хатымен» марапатталса, 1996 жылы Жамбыл облысы әкімінің «Тараз рухы» сыйлығының, сондай-ақ, Москвадағы «Әлем халықтары өнері» ассоциациясының лауреаты атанды. 1998 жылы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі атағына ие болды.
. Өзінің саяси білімін үнемі жетілдіріп отырады. «Нұр Отан» ХДП-ның бастауыш ұйымы жетекшісі қызметін белсенділікпен атқарғаны үшін 2007 жылы «Нұр Отан» ХДП Саяси кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
М.Әлімбетова Қазақстан Театр қайраткерлері Одағының мүшесі әрі Тараз Мемлекеттік педагогикалық институтының доценті ретінде, өзінің актрисалық өнері мен шығармашылық жұмыстарымен қатар, ұлағатты ұстаздық қызметпен де айналысып, театр өнері саласына шәкірт тәрбиелеуді де өзара ұштастыра отырып, үлкен біліктілікпен атқаруда.
МАЙРА ӘПКЕ, Сіздің өнер жолындағы ұзақ жылғы жемісті қызметіңіз – кейінгі жастарға зор үлгі-өнеге! Туған күніңізді әрдайым шығармашылық ортамызда мерекелей беріңіз!

ІЗГІ НИЕТПЕН, ҚҰТТЫҚТАУШЫЛАР: Жамбыл облыстық Асқар Тоқпанов атындағы қазақ драма театрының басшылығы, шығармашылық ұжымы, әріптестеріңіз!