Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театры

+7 (7262) 45-29-68
+7 (7262) 45-79-70
Сенім телефоны:
+7 (7262) 45-53-25
Тараз қ, Абай проспект, 115
10.08.20 1
 
АБАЙ БОЛЫП ОЙ КЕШТІМ

Қазақтың лайланбаған тұнығындай ой мен жыр жауһарының ғұламасы Абай Құнанбаевты сомдап, оның жүрек тұңғиығындағы сезімін түйсініп, сонымен қатар оны көрерменге ұсыну сомдаушының терең пайымы мен парасатын талап етсе керек-ті. Біз Абайдың шығармашылығына ден қойып, өлеңдерін оқып, сахна төрінде образын сомдап жүрген өнер иелерімен сұхбаттасқан едік.

Диляра ДАРХАН

Асқарбек Сейілхан,

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Қазақстан Республикасы Журналис-тер одағының мүшесі:
– Мен Жамбыл облыстық «Jambyl» телеарнасының бастамасымен Абай Құнанбаевтың монологын көрермендерге ұсынғанда, Абайдың өлеңдерін оқып, рөлін сомдадым. Жалпы Қазақстанның театр сахнасындағы Абай бейнесі алғаш рет 1945 жылы ұлы ақын және ағартушының 100 жылдығына орай пайда болған екен. Мен Абайға 90-жылдары, Қызылорда облыстық драма теат-рында жұмыс істеген кезде жақындай түсуге тырыстым. Спектакльге дайындықтар жүріп жатты, бірақ мен әртүрлі жағдайларға байланысты бұл рөлді ойнауға дайын болмадым. Менің қызметтік ұстанымым кедергі болды. Содан кейін қандай да бір себептермен театр директоры тек әкімшілік мәселелермен айналысуы керек деп есептелді. Ал рөл басқа адамға берілді.
Абайдың рухани мұрасына 2014 жылы режиссер Досхан Жолжақсынов «Құнанбай» фильмінде Сарыбайдың рөлін ойнауға шақырды. Сөйтіп, мен Абайға бір табан жақындай түсуге мүмкіндік алған едім. Алып тұлғаның образын беру барысында да, терең тұңғиыққа батқандай, иірімдер тартқандай, әр сөзіне мән беріп, өз жүрегіңдегі Абайға барынша салиқалы ой, терең мағына беруге тырысасың. Мен Абайдан, әсіресе, адамдарға деген шынайы махаббат пен жанашырлықты терең ұғына алдым. Ұрпақтарымызға дана тәлімгердің үлгісін үйретіп, тереңіне бойлауымыз, үйретуіміз керек. Абай – мұхит. Тереңдігі сол, әлі зерттеліп біткен жоқ.
Ойшылдың ұлылығы туралы ғана айту аз деп санаймын. Ойға шомғанда, расында, біз өзіміздің бар екендігімізге өзіндік көзқараспен қарауымыз керек. Біз негізі шынайы өмір сүріп жатырмыз ба? Осыған көңіл бөлуіміз қажет екенін де барынша беріліп ұғынамыз. Егер Абайша осылай терең ойланып, мұң кешпесек, жасамасақ, түкке тұрғысыз болып қаламыз. Қалай көрінген жағдайда да, біздің қоғамда парадоксалды жағдай дамуда. Барлап қарасақ, Абай жастайынан бізбен бірге. Біз оның шығармаларын мектептен зерттейміз. Өлеңдерін оқып, шығармаларына ден қойып, әндерін тыңдадық. Иә, Абай әлі де зерттелу үстінде.
Ол туралы және оның шығармашылығы туралы түрлі өнер мен жанрлардағы туындылар жасалды. Университеттер, театрлар, ірі елді мекендер оның есімімен аталады. Бірақ Абайдың тереңдігі сондай, шындығында, біз оны әлі нақты таныған жоқпыз. Менің ойымша, мұндай адамның қазақ халқына келуі Құдайдың сыйы деп ойлаймын.
Абайдың кейпін сомдау – бұл адамзат баласының ақылы кемел жанның жан қиналысын, тебіренісін, сезімі мен тілегін бүгінгі ұрпаққа жеткізу ғой. Ойшылдың айтқысы келген ойын, терең пайымын, түсінігін тыңдарманыңа, көрерменіңе өз биігінде бергің келеді. Және бұл жай ғана биік емес, Абайдың биігі болғандықтан, жаныңды аянбай тер төгіп, еңбек етесің. Біздің еңбектің барысында біз сомдаған Абай халықтың көңілінен шықса, ең үлкен құрмет те сол болмақ.

Абзал Дәулетбаков,

Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының әртісі: – Жамбыл облыстық қазақ драма театрында Абайдың 175 жылдығына орай Қуандық Қасымовтың инсценировкасымен «Махаббат, қызық мол жылдар» поэтикалық композициясы өтті. Бұл қойылымның режиссері Анар Сағымбекова болды.
Бұл кешке мені режиссер Анар Сағымбекова өзі дайындады.
Бұрын Ықылас Дүкенұлы атындағы мәдениет үйінде бір қойылымда мен Абайдың рөлін сомдағанмын. Бірақ онда ешқандай сөзі жоқ, жай ғана Абай болмысында сахнаға кіріп-шығатынмын. Абайдың келбетін енгізіп, грим салған сәтте режиссер Анар Сағымбекова ұлы ойшылмен екеуміздің бет-бейнеміздің ұқсастығына «О, сен туа біткен Абай екенсің ғой» деп таң қалғаны бар. Дене бітімім, бет-келбетімде ұқсастық болса керек. Міне енді, осы Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған поэтикалық кеште тағы да осы рөлді сомдау маған бұйырды.
Абайды тану инемен құдық қазғандай. Абайдың даналығы, әрбір сөзі,
өлеңдері, бұрын жазыла тұра, қазіргі заманды жаңғыртып тұрғандай. Мұндай салиқалы, мазмұнды рөлді сомдауым алғаш. Өз кезегімде сахнаға көтеріліп, Абайдың рөлін сомдау маған оңай болған жоқ. Мен Абайдың өлеңін татымды жеткізу мақсатында бір аптаға жуық әбден дайындалдым. Әрбір сөзінің мағынасын түсініп, тоқталып, терең үңіліп, астарына мән беруге тырыстым. Абайдың өлеңінің мағынасы күрделі болғандықтан, маған қиын болды. Ол рөлге ену оңай болмады, бірақ «Болмасаң да, ұқсап бақ» демекші, жеткізуге тырыстым.

 
КазакДрамаТеатры Бекжанов Болат Умбеталиевич
 
10.08.20Aseke