Белгілі режиссер, Тараз Мемлекеттік Университетінің аға оқытушысы, доцент, өнер магистрі, Халықаралық Ш.Айтматов атындағы сыйлықтың лауреаты, Жамбыл облыстық Асқар Тоқпанов атындағы қазақ драма театрының режиссері – Қуандық Құлмамырұлы Қасымов 63 жаста.
Қуандық Құлмамырұлы Қасымов 1957 жылы 16 тамызда Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Георгиевка селосында (қазіргі Қордай ауылы) туған.
1984 жылы - Алматы мемлекеттік көркемсурет-театр институтын «Кино және драма актері» мамандығы бойынша бітірген. 2005 жылы - Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының магистратурасын «Драмалық театр режиссері» мамандығы бойынша тәмамдаған. 1984 - 1998 жылдары - Жамбыл облыстық қазақ драма театрында актер болып қызмет істеген. 1998 - 2009 жылдары - Жамбыл облыстық қазақ драма театрында қоюшы режиисер, бас режиссер. 2009 - 2010 жылдары - Жамбыл облыстық қазақ драма театры директорының міндетін атқарушы және бас режиссері. 2010 - 2011 жылдары - Жамбыл облыстық қазақ драма театрының Көркемдік жетекшісі. 2012 жылдан - М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлеккеттік Университетінің Өнер кафедрасының аға оқытушысы. 2014 жылы - Жамбыл облыстық қазақ драма театрының Көркемдік жетекшісі. 2015 - 2016 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облыстық Ж.Шанин атындағы Академиялық қазақ драма театрының Көркемдік жетекшісі. 2011-2020 жылдары - Астана қаласындағы Айгүл Иманбаеваның «Музыкалық театр орталығының» Көркемдік жетекшісі, әрі кәсіпқой режиссер. 2003 жылдан бері - М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік Университетінің Өнер кафедрасында аға оқытушы, доцент қызметін атқарып, «Актерлық шеберлік және режиссура» пәнінен сабақ беріп, ұстаздық етіп келеді. Бүгінгі күні Жамбыл облыстық Асқар Тоқпанов атындағы қазақ драма театрының режиссері.
Қуандық Қасымов – Жамбыл облыстық қазақ драма театрының сахнасында актер ретінде 20-ға жуық рольдерде ойнаса, режиссер ретінде 40-қа жуық спектакльдер қойды.
Режиссердің Жамбыл облыстық қазақ драма театрында сахналаған драмалары: Ғ.Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу», У.Шекспирдің «Ричард ІІІ», Ш.Айтматовтың «Ана-Жер ана», А.Бекбосынның «Домалақ ене», И.Сапарбайдың «Сыған серенадасы», Д.Исабековтің «Пері мен періште», Ш.Мұртазаның «Ноқтаға басы сыймаған», Ш.Айтматов пен М.Шахановтың «Сократ түні», Е.Әлімжанның «Бауыржан Момышұлы» драмалары; Ф.Буляковтың «Кемпірлер байға тигенде», М.Байжиевтің «Құдалар», «Тіл табысқандар», М.Хасеновтың «О,Махаббат!», Б.Мұқайдың «Сергелдең болған серілер», Е.Әлімжанның «Жанұран», «Бір қазаққа бір қатын», Б.Бекжановтың «Үйлену увертюрасы» комедиялары; «Қыз Жібек» саунд драмасы, Ж.Омаровтың «Құлыншақ пен Бөлтірік» ертегі-фантазиясы, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» трагедиясы және т.б. көптеген шығармаларды сахналады.
Қ.Қасымов – аудармашы ретінде, сондай-ақ, бірқатар шығармаларды өзіне тән қолтаңбасымен түрлі жанрларда сахнаға лайықтап, инсценировкалар дайындауда ерекше танылып жүрген режиссер.
2001 жылы «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. 2006 жылы Қазақстан Республикасының «Ерен еңбегі үшін» медалімен наградталды. 2006 жылы Қырғыз Республикасының «Маданияттың мыкты кызматкери» төс белгісімен марапатталды. 2007 жылы «Қазақстан ардагерлері» Кеңесінің шешімімен Баурыжан Момышұлы ролін ерекше сомдағаны үшін «Батыр шапағаты» медалімен марапатталды. 2011 жылы Республикалық «Еңлікгүл» кәсіби сыйлығының лауреаты атанып, «Жыл режиссері - 2011» номинациясы бойынша арнайы төс белгімен марапатталды. 2011 жылы Қырғыз Республикасының Мәдениет Министрлігінің ұйғарымымен театр өнеріндегі актерлық шеберлік, драматургия, режиссура, сценографиядағы зор еңбегі және көркемөнер мен мәдениетке сіңірген еңбегі үшін «Қырғызстанның халық артисі Мұратбек Рысқұлов атындағы» Халықаралық сыйлықтың иегері атанды. 2013 жылы желтоқсан айында Халықаралық Ш.Айтматов клубы Ассоциациясының шешімімен: әдебиет, өнер мен мәдениет саласы бойынша, Ш.Айтматовтың шығармаларын сахналап, ұлы суреткердің терең ойлы фәлсафасын көркемдік биік деңгейге көтеріп, қоғамның дамуына үлес қосқаны үшін «Ш.Айтматов атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты» атанды.
Қуандық Қасымов қойған ондаған үздік қойылымдар өз елімізбен қатар, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Румыния, Македония, Мысыр Араб Республикасы және басқа да алыс - жақын шет елдерде өткен Халықаралық театр фестивальдарына қатысып, үнемі үздіктер қатарынан көрінген.
Қуандық Құлмамырұлы Қасымовты бүгін Пайғамбар жасы - 63-ке толуымен шын жүректен құттықтаймыз!
ІЗГІ НИЕТПЕН, ҚҰТТЫҚТАУШЫЛАР:
Жамбыл облыстық Асқар Тоқпанов атындағы қазақ драма театрының басшылығы мен шығармашылық ұжымы!