Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театры

+7 (7262) 45-29-68
+7 (7262) 45-79-70
Сенім телефоны:
+7 (7262) 45-53-25
Тараз қ, Абай проспект, 115

12 10 20 11

Театр басшылығы мен шығармашылық ұжым атынан Кенен Ақүрпековті  туған күнімен құттықтай отырып,  зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасына амандық, құт-береке және зор шығармашылық табыстар тілейміз!
Белгілі театр және кино актері Ақүрпеков Кенен Сәкенұлы, 1981 жылы 12 қазанда Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданы Әбжапар ауылында дүниеге келген.
2003 жылы Т.Жүргенов атындағы Ұлттық Өнер Академиясын «Актер өнері» мамандығы бойынша бітірген.
К.Ақүрпеков театр және кино актері ретінде  өнерсүйер қауымға  сахнадағы және кинофильмдердегі ондаған айтулы рольдерімен танылған талантты өнер иесі. Ол  Қазақстан Жастар одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты. Қазақстан Республикасы «Мәдениет саласының үздігі» белгісінің иегері.


Театр сахнасында Кенен Ақүрпеков  сомдаған Ғ.Мүсіреповтың «Қыз-Жібегіндегі» - Бекежан, Б.Жандарбековтің «Томирисіндегі» - Кир патша, У.Шекспирдің «Ромео мен Джулеттасындағы» - Бинволио, Б.Беделханның «Махамбетіндегі» - Махамбет, С.Назарбектің «Ақ бөбегіндегі» - Есжан бай, М.Байжиевтің «Жекпе-жегіндегі» - Азиз, Г.Хугаевтың «Қара шекпеніндегі» - Көкжал, А.Володиннің «Қос жебесіндегі» - Қалқан құлақ, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян Сұлуындағы» - Қодар, О.Жанайдаровтың «Жұтындағы» - Ахмет, Қ.Қасымовтың «Қыз Жібегіндегі» - Төлеген образдары көрермендерін тәнті етіп, театр сыншылары тарапынан  сан мәрте жоғары бағасын алып, лайықты марапаттаулар мен жүлделерге ұсынылған.
2015 жылы Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай  Жамбыл театры сахналаған Д.Исабековтің «Тыныштық күзетшісіндегі» К.Ақүрпеков сомдаған Демесін образы көрермендер мен театр сыншылары тарапынан өте шынайы да үздік орындалған роль ретінде танылды.
Сондай-ақ, 2016 жылы наурыз айында И.Сапарбайдың «Сыған серенадасындағы»  Шәмші образын  кереметтей  әсерлі орындап, К.Ақүрпеков  тағы да жұртшылық жүрегіне жол тауып, көрермен көзайымына айналды.   
Ол 2016-шы  Жаңа жыл мерекесіне  жас көрермендерге ерекше тарту жасап,  М.Томанов пен М.Ахмановтың «Екі дос» ертегісін және «Жаңа жылдық думанды қойылымды» сахнаға дайындап шығарып,  өзінің режиссерлік таланты мен дарынан да танытты.
Сондай-ақ, қоюшы-режиссер ретінде 2019-шы Жаңа жыл мерекесіне арнап балалар мен жасөспірімдер үшін С.Пірманов пен М.Абайділдаевтің  «Балшық бала» атты ертегісін сахнаға өте сәтті дайындап, шығарды.
К.Ақүрпеков, сондай-ақ, премьерасы 2016 жылдың ақпан айында болған Д.Исабековтің «Әпке» атты психологиялық драмасында Әпкенің інісі Тимурдың «құбылмалы» мінез-құлқы мен жүріс-тұрысын асқан шеберлікпен сомдап, сол спектакльдегі ең шебер ойнаған актер ретінде атап өтілді.
Ол, 2017 жылы сахналанған жаңа қойылымдар: А.Бекбосынның «Домалақ енесінде» - Әмір Темір, С.Балғабаевтың «Ең жақсы еркегінде» Алпан және т.б. рольдерде ерекше шеберлігімен танылды.
2017 жылы К.Ақүрпеков басты роль – Төлеген ролін сомдаған «Қыз Жібек» саунд-драмасы Ақтөбе қаласында өткен Республикалық театр фестивалінде, сондай-ақ, Румыния елінде өткен Халықаралық театр фестивалінде «Ең үздік қойылым» номинациялары бойынша бас жүлдені жеңіп алды.
2019 жылы К.Ақүрпеков театрда сахналанған үш бірдей жаңак қойылымдарда басты рольдерді сомдады.
Атап айтсақ, ол, 2019 жылдың қаңтар айында сахналанған жаңа қойылым – Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері - Ақтоқтысында» -  қазақтың ұлы әнші, композиторы Ақан сері образын мейлінше әсерлі де сенімді сомдап шықты. Ақанды сомдаған Кенен өмір бойы үстем тап өкілдерінің озбырлықтарымен күресіп өткен серінің бейнесін барынша шынайы жеткізіп, спектакльдің басынан аяғына дейін шындық үшін шырылдып, әділдікке жете алмай шарқ ұрды. Оның жалғыз сүйеніші – ән, жыры, домбырасы болды...
К.Ақүрпеков, сондай-ақ, 2019 жылдың наурыз айында сахналанған жаңа қойылым – Мар Байжиевтің «Сен! Мен!» драмасында Сен-Ескендір және   Мен-Азиз атты  бір-біріне мүлдем қарама-қайшы екі кейіпкерді бір қойылымда, бір мезгілде  үлкен шеберлікпен ойнап шығып, асқан шеберлігін танытты.
Актер Кенен Ақүрпековтің 2019  жылғы зор жетістіктерінің бірі – ол, жаңа қойылым – жазушы-драматург Б.Бекжановтың «Айша бибі» махаббат дастаны драмасында қазақ даласындағы махаббат символы саналатын Айша бибінің ғашығы Қарахан қаған бейнесін үлкен шеберлікпен сомдаумен қатар, 9-12 ғасырларда қазақ даласында билік құрған Қараханидтер мемлекетінің негізін қалаушы ұлы сардар-хан бейнесін де өткір ойынымен аса сәтті сомдап шықты.
Кенен театрдың 2020 жылғы жаңа қойылымы Ш.Мұртазаның «Тұрар. Сталинге хат» драмасында Алаш арысы, белгілі мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың ролін аса сәтті шығарып, көрерменін тәнті етті.
К.Ақүрпеков  балаларға арналған көптеген ертегілерде де басты рольдерді аса шеберлікпен  сомдап, үлкендермен қатар, жас көрермендердің де сүйікті  актеріне айналған  талантты өнер өкілі.
К.Ақүрпеков бірнеше фильмдерге түсіп, киноактер ретінде танылып жүрген өнер иесі. Ол  «Тар заман» кинофильмінде Алаш көсемдерінің бірі – Ахмет Байтұрсыновтың ролін ерекше шеберлікпен  сомдап, көрермендер мен кинотанушылар тарапынан лайықты бағасын алды. К.Ақүрпеков, сондай-ақ, «Ән аға» фильмінде Шәмшінің әкесі – Қалдаяқты, «Қаламгер» фильмінде – белгілі классик жазушы Әнуар Әлімжановты, «Кейкі мерген» фильмінде  - Амангелді Имановты, «Үзілмес үміт» фильмінде  Талғат образдарын  да  аса шебер сомдап, қазақтың  кино өнерінің дамуына да зор үлес қосып келеді.
Кенен аға, Сіздің өнер жолындағы ұзақ жылғы жемісті қызметіңіз – кейінгі жастарға зор үлгі-өнеге! Туған күніңізді әрдайым шығармашылық ортамызда мерекелей беріңіз!

ІЗГІ НИЕТПЕН, ҚҰТТЫҚТАУШЫЛАР: Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының басшылығы, шығармашылық ұжымы, әріптестеріңіз!

12 10 20 12  12 10 20 13  12 10 20 12      12 10 20 12  12 10 20 18  12 10 20 12  12 10 20 12  12 10 20 12  12 10 20 12  12 10 20 12  12 10 20 12  12 10 20 12  12 10 20 12  12 10 20 12  12 10 20 12