ӘРІПТЕСІМІЗ, Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының белгілі сахна шебері, ҚР Мәдениет қайраткері, талантты актер ЖҮНІС ӘЛІМБЕКОВТІ ТУҒАН КҮНІМЕН ҚҰТТЫҚТАЙМЫЗ!
Театр басшылығы мен шығармашылық ұжым атынан ЖҮКЕҢДІ туған күнімен құттықтай отырып, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасына амандық, құт-береке және зор шығармашылық табыстар тілейміз!
Әлімбеков Жүніс Нұрғазыұлы 1961 жылы 22 желтоқсанда Жамбыл облысы Луговой (қазіргі Т.Рысқұлов) ауданына қарасты «Қазақ» ауылында дүниеге келген.1985 жылы Алматы мемлекеттік көркемсурет-театр институтын «Кино және драма актері» мамандығы бойынша тамамдаған.
Ж.Әлімбеков 1985 жылдан Жамбыл облыстық қазақ драма театрында актерлік қызметін үздіксіз атқарып келеді.
Ж.Әлімбеков сахнада өзін еркін сезіне білуімен, сезімталдылығымен, талғампаздылығымен, ой-қиялының жүйріктілігімен жоғары актерлық шеберлігін танытып келе жатқан кейіпкержанды актер. Ол барлық жанрлардағы бейнелерді сомдауға актерлық шеберлік әлеуеті жететін, күш-қабілеті, қимыл-әрекеті мол өнер иесі. Театрдың әр жылдардағы репертуары бойынша 70-тен аса басты рольдерді сомдап келе жатқан көшбасшы актерлардың бірі болып табылады.
Соңғы жылдары театр репертуарындағы М.Байғұттың «Асқаровтың аққайыдары» драмасында – Асанбай Асқаров, Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқтысындағы» - Хазірет, «Қозы көрпеш-Баян сұлуындағы» - Жантық, «Қыз-Жібектегі» - Жыршы, Ш.Айтматовтың «Ана-Жер-анасындағы» - Сыбанқұл, Қ.Ысқақ пен Ш.Құсайыновтың «Қазақтар» тарихи драмасында басты рольдердің бірі – Жәнібек хан, Д.Исабековтің «Пері мен періштесіндегі» - Құлахмет, М.Байжиевтің «Құдаларындағы» - Күрішбек, С.Сматаев пен Т.Теменовтің «Көгілдір таксиінде» - Қайыржан, Ш.Мұртазаның «Тұрар.Сталинге хат» реквиемінде – Иман (колхоз бастығы), У.Шекспирдің «Гамлет» трагедиясында – Полоний және басқа да, барлық тапсырылған рольдерді асқан шеберлікпен сомдап, өзінен кейінгі жас толқын актерларға ерінбей ұстаздық етіп, актерлық өнерге шыңдауда.
ЖҮНІС ӘЛІМБЕКОВ С.Сейфуллиннің 100 жылдығына орай Жезқазған қаласында өткен Республикалық театр фестивальінде Т.Дүйсенбаевтың «Желтоқсан жаңғырығы» спектаклінде желтоқсан құрбаны, «Халық қахарманы» Қайрат Рысқұлбековтың бейнесін өте шебер сомдағаны үшін фестиваль лауреаты атанды.
2005 жылы ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі мен ҚР мәдениет пен өнерді қолдау мемлекеттік қорының «Мәдениет қайраткері» белгісімен және 2013 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен, 2018 жылы «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен, 2019 жылы «Желтоқсан көтерілісінің 30 жылдығы» медалімен марапатталды.
2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына орай, арнайы сахналанған Қ.Ысқақ пен Ш.Құсайыновтың «Қазақтар» тарихи драмасында басты рольдердің бірі – Жәнібек ханның бейнесін өте сәтті шығарып, көрермендер мен театртанушылар тарапынан лайықты бағасын алды және хандық тойын ұйымдастырушылардың Алғыс хатына ие болды.
Жүніс Әлімбеков, сондай-ақ, бірнеше фильмдерге түсіп, өзін шебер киноактер ретінде де танытқан өнер иесі.
ІЗГІ НИЕТПЕН:
Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық
қазақ драма театрының шығармашылық ұжымы, әріптестерің!