Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театры

+7 (7262) 45-29-68
+7 (7262) 45-79-70
Сенім телефоны:
+7 (7262) 45-53-25
Тараз қ, Абай проспект, 115

Сейілхан Асқарбек Ақылшаұлы 1950 жылы 1 ақпанда Жамбыл облысы Қордай ауданында дүниеге келген.

Білімі – жоғары. 1973 жылы     Құрманғазы атындағы өнер институтын театр және кино актері мамандығы бойынша бітірген.

2010 – 2013 жылдары  Жамбыл облыстық қазақ драма театрының директоры қызметін атқарды.

2013 жылдан бері М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Өнер және мәдениет»  кафедрасында аға оқытушы болып тұрақты ұстаздық қызмет атқарып келеді, әрі Жамбыл облыстық қазақ драма театрында актерлық қызмет атқарады. Қоғамдық жұмыс ретінде – Жамбыл облыстық қазақ драма театрының ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін қоса атқаруда.

Асқарбек Сейілхан шығармашылық  жолда елеулі табыстарға жеткен белгілі сахнагер.

Ол, соңғы жылдары театр репертуарындағы көптеген қойылымдарда  басты және негізгі кейіпкерлер бейнесін, атап айтқанда, олардың ішінде:

- Қ.Ысқақ пен Ш.Құсайыновтың «Қазақтар» атты тарихи драмасында қазақтың тұңғыш ханы Керей хан образын;

- Н.Оразалиннің «Қилы заманында» - Мосқал шал;

- М.Әуезовтің «Еңлік-Кебегінде» - Кеңгірбай;

- А.Бекбосынның «Домалақ енесінде» - Ауыл қариясы;

- Б.Ұзақовтың «Жан дауасында» - Шал;

- С.Мұқышевтің «Апандағы адамдарында» -  Қоянбай Жырықбаев

- Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері - Ақтоқтысында» - Қорамса;

- Б.Есеналиевтің «Таң сырында» - Оразқұл;

- А.Атымтаеваның «Жаңғырған жаңа күн» ертегісінде – Қызыр баба;

- М.Байғұттың «Асқаровтың ақ қайыңдарында» - Полковник;

- Б.Бекжановтың «Айша бибісінде» - Айшаның әкесі – Зеңгі баба;

- У.Шекспирдің «Гамлетінде» - Аруақ;

- Б.Жакиевтің «Жүрейікші, жүрек ауыртпай!» трагикомедиясында  -  Саңырау шал және тағы басқа бірқатар шығырмаларда негізгі рольдерді сомдап келеді.

А.Сейілхан, соңғы жылдары басқа да бірқатар шығармаларда көпшілік  сахнасы рольдерін орындауға да қатысуда. 

А.Сейілхан, сондай-ақ, соңғы жылдары «Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Құнанбай» фильмінде Сарыбай бидің ролін, «Сиырдың сергелдеңі» телефильмінде Шал ролін, «Мәңгілікке қоштасу» және «Тағдыр тәлкегі» сериалында  Байназар ролін сомдады. Сондай-ақ, «Мәдениет үйі» сериалында Мұрап бейнесін сомдады.

Асқарбек Сейілхан 2020 жылы коронавирус пандемиясына байланысты жарияланған карантин уақытында Ұлы Абайдың 175 жылдығына орай түсірілген телевизиялық хабарда Абай Құнанбайұлының бейнесін сомдай отырып, ақынның 45 қара сөзін арнайы телехабар арқылы жатқа оқып шықты және бұл телехабар толықтай әлеуметтік желілерге жарияланды.

А.Сейілхан мұнымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тақырыбында түсірілген видеороликте қоғамның жегі құрты – сыбайлас жемқорлықтың себеп-салдарлары туралы терең әңгіме қозғады. Ол, карантин режимі кезінде басқа да   көптеген  онлайн іс-шараларға белсенді ат салысты.

Асқарбек Сейілхан театрдың Ардагерлер Кеңесінің төрағасы және Көркемдік кеңес мүшесі ретінде театрдың жаңа қойылымдарын талдап, талқылауға, сондай-ақ,  қоғамдық жұмыстарға да белсенді ат салысып келеді.

Актерлік жұмысын жоғары оқу орнындағы ұстаздық қызметімен ұштастыра атқарып,  театр өнері үшін жас мамандар даярлау ісіне ат салысып келе жатқан көрнекті ұстаз-доцент.

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі Асқарбек Сейілхан тек қана соңғы екі-үш жыл көлемінде, оның ішінде: 2021 жылы -  ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың Алғыс Хатымен, 2019 жылы  облыс әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен, 2020 жылы - Ұлы Абайдың 175 жылдығына арналған «Абай мұрасы» отбасылық шығармашылық онлайн конкурсында 1-ші орын жүлдесімен, 2021 жылы - жоғары шығармашылық табыстары мен қоғамдық белсенділігі үшін «Nur Otan» партиясының Алғыс хатымен, 2020 жылы - өнер саласына жас мамандар дайындаудағы жетістіктері үшін «Мұхамед Хайдар Дулати – Үздік табыстары үшін» медалімен, 2019 жылы - ақпарат саласындағы белсенді қызметі үшін «Жамбыл телеарнасына – 30 жыл» белгісімен, 2020 жылы - Шона Смаханұлы атындағы «Қырық өтірік» шығармашылық байқауында 1-ші орын жүлдесімен, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы мәдениет министрлігінің, Жамбыл облысы әкімдігінің, Қазақстан Театр қайраткерлері одағының  Құрмет Грамоталарымен және Алғыс хаттарымен марапатталды.

Отбасында бала-шағасы мен немерелеріне үлгілі тәлім-тәрбие беріп отырған парасатты әке, ұлағаты мол ата.