Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театры

+7 (7262) 45-29-68
+7 (7262) 45-79-70
Сенім телефоны:
+7 (7262) 45-53-25
Тараз қ, Абай проспект, 115

Әлімбеков Жүніс Нұрғазыұлы 1961 жылы 22 желтоқсанда  Жамбыл облысы Луговой (қазіргі  Т.Рысқұлов) ауданына қарасты «Қазақ» ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Ұлты қазақ. Білімі жоғары. 1985 жылы Алматы мемлекеттік көркемсурет-театр институтын «Кино және драма актері» мамандығы бойынша тамамдаған.

Ж.Әлімбеков 1985 жылдан Жамбыл облыстық   қазақ драма театрында  актерлік қызметін үздіксіз атқарып келеді. Ең алғаш сомдаған И.Родина мен И.Грановскаяның «Дана Гүлжан» ертегісіндгі бір ауыз сөзі жоқ Бөрібасар иттің бейнесінен В.Шекспирдің «Ричард III»  спектакліндегі «Ричард III» образына дейін көтерілуі Әлімбековтың ерінбей еңбек етіп, талмай ізденуінің арқасы.

Ж.Әлімбеков сахнада  өзін еркін сезіне білуімен, сезімталдылығымен, талғампаздылығымен, ой-қиялының жүйріктілігімен   жоғары актерлық  шеберлігін танытып келе жатқан кейіпкержанды актер. Ол барлық жанрлардағы бейнелерді сомдауға  актерлық  шеберлік  әлеуеті  жететін,  күш-қабілеті, қимыл-әрекеті мол өнер иесі. Театрдың әр жылдардағы  репертуары  бойынша  70-тен  аса  басты рольдерді сомдап келе жатқан  көшбасшы актерлардың бірі болып табылады.

Ж.Әлімбеков соңғы жылдары театр репертуарындағы:

- Қ.Қасымовтың «Қыз-Жібек» саунд-драмасындағы – Жыршы;

- И.Сапарбайдың «Сыған серенадасында» - Ақын;

- Ш.Айтматовтың «Ана-Жер-анасындағы» - Сыбанқұл;

- С.Сматаев пен Т.Теменовтің «Көгілдір таксиінде» - Қайыржан;

- У.Шекспирдің «Отеллосында» - Венеция;

- М.Әуезовтің «Еңлік-Кебегінде» - Көбей;

- Қ.Ысқақ пен Ш.Құсайыновтың «Қазақтарында» - Жәнібек хан;

- Н.Оразалиннің «Қилы заманында» - рубасы Жәмеке;

- Т.Нұрмағанбетовтің «Аса мәртебелі, Сейфінде» - Кене шал;

- А.Бекбосынның «Домалақ енесінде» - Асан қария;

- Ә.Әмзеұлының «Қор болған Қодар-айында!» Құрбақа қарын;

- М.Байғұттың «Асқаровтың ақ қайыңдарында» - Асанбай Асқаров;

- С.Мұқышевтің  «Апандағы адамдарында» - Қасқабас;

- Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері - Ақтоқтысында» - Хазірет;

- Б.Есеналиевтің «Таң сырында» - Момын және Шал;

- У.Шекспирдің «Гамлетінде» - Полоний;

- Ш.Мұртазаның «Тұрар. Сталинге хатында» - колхоз бастығы Иман;

- Г.Хугайдың «Шекпен» әпсанасында – Көкжал;

- Б.Жакиевтің «Жүрейікші, жүрек ауыртпай?!» трагикомедиясында – Қария;

- И.Ғайыптың «Жамбылдың Қызыл жолбарысы» драмасында – Сарыбай би және басқа да, көптеген тапсырылған рольдерді асқан шеберлікпен сомдап келеді.

2020 жылы коронавирус пандемиясына байланысты жарияланған карантин уақытында бірқатар онлайн іс-шараларға белсенді ат салысты.

С.Сейфуллиннің 100 жылдығына орай Жезқазған қаласында өткен  Республикалық театр фестивальінде Т. Дүйсенбаевтың «Желтоқсан  жаңғырығы» спектаклінде желтоқсан құрбаны,  «Халық қаһарманы» Қайрат Рысқұлбековтың бейнесін өте шебер сомдағаны үшін фестиваль лауреаты атанды.

2005 жылы ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігінің  «Мәдениет қайраткері» белгісімен,  2013 жылы  «Ерен еңбегі үшін»  медалімен, 2018 жылы «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен, 2019 жылы  «Желтоқсан көтерілісінің 30 жылдығы» медалімен, сондай-ақ, әр жылдары облыс башылығының Құрмет Грамоталармен, Алғыс хаттармен марапатталды.

2021 жылы Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында 60 жылдық мерейлі жасына орай  шығармашылық кешін өткізген актер Жүніс Әлімбеков: ҚР Мәдениет және спорт министрінің, облыс әкімінің атынан арнайы құттықтауға ие болды, Қазақстан Театр қайраткерлері одағының  «Дара» медалімен, Республика кәсіподақтарының «Еңбек даңқы» төсбелгісімен, Ардагерлер кеңесінің мерекелік медалімен, «Желтоқсан-86» қозғалысының «Желтоқсан қозғалысына - 35» жыл медалімен марапатталды.

2022 жылы Әлімбеков Жүніс Нұрғазыұлы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Мәдениет саласындағы аса үздік жетістіктері және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы алды.

Жүніс Әлімбеков, сондай-ақ, бірнеше фильмдерге түсіп, өзін шебер  киноактер ретінде де танытқан өнер иесі. 

Ж.Әлімбеков театрдың қоғамдық жұмыстарына және мәдени-көпшілік шараларға белсене араласады. Облыстық, республикалық дәрежедегі  көпшілік шараларды сахнада жүргізудің хас шебері.  Жоғары оқу орындарында театр өнері үшін жас мамандар даярлау ісіне ат салысып, ұстаздық етеді. Жастармен, оқушылармен жиі кездесулер өткізіп, оларды театр өнеріне баулып отырады.

Қазақстан Театр Қайраткерлері одағының мүшесі. Қазақстан Театр Қайраткерлері одағы Тараз филиалының директоры.

Ж.Әлімбеков – театр ұжымында аса сыйлы азамат, жастарға қамқор ұстаз, отбасында балалары үшін ұлағатты әке, немерелеріне айтары мен үйретері көп шежірелі ата.