Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театры

+7 (7262) 45-29-68
+7 (7262) 45-79-70
Сенім телефоны:
+7 (7262) 45-53-25
Тараз қ, Абай проспект, 115

Қаражанова Нұрай  Нұрланқызы 2000 жылдың 06 наурызында  Тараз  қаласында туылған.  

Білімі арнайы  орта. Тараз  қаласындағы  Абай атындағы Жамбыл  гуманитарлық колледжіне 2016 жылы  түсіп, оны 2020 жылы «Сөйлеу  жанрының әртісі»  мамандығы бойынша бітірген.

Н.Қаражанова Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ  драма театрында 2020 жылдың 22 мамырынан бері  жұмыс  жасап, өзіне тапсырылған рольдерді байыпты ойнауға күш салуда.

Қойылымдардағы өзі сомдаған кейіпкерлердің бейнесін де ішкі жан-дүние толғаныстары мен тартысты сәттерді де нанымды суреттейді. Ізденімпаз, алғыр, еңбекқор актриса.

Театр репертуарындағы әр алуан жанрдағы  қойылымдарда басты, негізгі және жанама кейіпкерлерді сомдап, актерлік шеберлігін  жан-жақты танытып келеді. Атап  айтар болсақ, Ғ.Мүсіреповтің  «Қозы  Көрпеш –Баян сұлу» трагедиясында басты кейіпкер Баянды, Иран Ғайыптың  «Жамбылдың  қызыл  жолбарысы» спектаклінде Бұрым  қызды, Б.Жакиевтің  «Жүрейікші, жүрек  ауыртпай» драмасында Қарияның  немере қызын, Қ.Мұраттың  «Мұғалім» драмасында Іңкәр ролін,  С.Құдайбергеннің  «Періште  қонған үй» драмасында Назым  Жәнібекова бейнесін, С.Пірмановтың «Ұлт ұстазы»символикалық  композициясында Бәдрисаны, Б.Бекжановтың  «Айболит пен қарақшы» ертегісінде Торайды шебер сомдап келеді.

Сомдаған рольдері және мәдени-көпшілік шараларға тұрақты қатысқаны үшін 2021 жылы Қазақстан Театр қайраткерлері Одағының Грамотасымен марапатталған.    

Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасы  Тәуелсіздігінің 30 жылдығы» мерекесіне орай облыс әкімдігі мәдениет, архивтер  және  құжаттама басқармасы басшысының Алғыс хатымен және облыстық кәсіподақтың марапаттауларына ие болған.

2022 жылы «ТЕАТР ЖӘНЕ КИНО САЛАСЫНЫҢ ҮЗДІК ЖАС АКТЕРІ» НОМИНАЦИЯСЫ БОЙЫНША «ӘУЛИЕАТА ҮМІТІ» СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ЛАУРЕАТЫ АТАНДЫ.