Жамбылский областной казахский драматический театр им. Аскара Токпанова
+7 (7262) 45-29-68
+7 (7262) 45-79-70
Телефон доверия:
+7 (7262) 45-53-25
г. Тараз, проспект Абая, 115

Жамбыл облыстық қазақ драма театрының талантты актері, әріптесіміз ЖАНДАР ҚЫРЫҚБАЕВ Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылған Жамбыл облысының әкімі А.Мырзахметовтің қабылдауына қатысып, театр өнеріндегі зор жетістіктері үшін өңір басшысының Алғыс хатымен марапатталды және сыйақы ретінде 200 мың теңге көлеміндегі сертификатқа ие болды.

Жандар Қырықбаев 83 жылдық тарихы бар Жамбыл облыстық қазақ драма театрында өшпес іздерін қалдырған кешегі Шәріпбай Сәкиев, Мұхаметқали Табанов, Қарабай Сатқанбаев, Спандияр Мұқышев және т.б. аса талантты алдыңғы буын ағаларының асқақ рухты жолдарын жалғастыруға барынша талпынып келе жатқан дарын иесі.

Ол, өзінің алғашқы актерлық қадамынан-ақ болашағынан зор үміт күтттіретін талантты актер екендігін танытты. Жандар Қырықбаев соңғы жылдары М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» трагедиясындағы Есен образын барынша шынайы сомдап, әсерлі шығарды. Сондай-ақ, И.Сапарбайдың «Сыған серенадасы» сазды драмасында Сағыныш қыздың күйеу жігіті Абзалдың ролін өмірдегі жанды бейнеден аудырмай, аса әсерлі етіп сомдады. Ә.Оразбековтің «Бір түп алма ағашы» мелодрамасында Зарқымбек образын шебер жасады. Қ.Жүнісовтің «Алғашқы махаббат» комедиясындағы басты кейіпкерлердің бірі Ержан бейнесін үлкен шеберлікпен сәтті шығарып, өнерсүйер қауымның ықыласына бөленді. Қ.Байсейітов пен Қ.Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-ай!» комедиясында қиялилау суретші Сұлтанды ойнаған артист Жандар Қырықбаевтың актерлік шеберлігіне көрермені тіптен ерекше тәнті болды. Мар Байжиевтің «Қалыңдық пен күйеу» драмасында Күйеу жігіттің ролінде ойнап, көрермен көзайымына айналды. Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған Қ.Ысқақ пен Ш.Құсайыновтың «Қазақтар» тарихи драмасында Тойкелді, Ә.Файзуллаұлының «Алтын Адам» аңыз ертегісінде атты әскер бейнесін шынайы суреткерлікпен сомдап шықты. Сонымен қатар, балаларға арналған көптеген ертегі-қойылымдарда бекітілген рольдерді асқан шеберлікпен сомдап, көрермендерін тәнті етіп келеді.

Ж.Қырықбаев бірнеше фильмдерге түсіп, киноактер ретінде де танылып жүрген өнер иесі.