Жамбылский областной казахский драматический театр им. Аскара Токпанова
+7 (7262) 45-29-68
+7 (7262) 45-79-70
Телефон доверия:
+7 (7262) 45-53-25
г. Тараз, проспект Абая, 115

Жамбыл облысының 80 жылдық мерекесі аясында Жамбыл облыстық қазақ драма театрына ұлттық кәсіби режиссураның негізін қалаушы, қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби режиссер, көрнекті ұстаз, профессор, Қазақстанның халық артисі Асқар Тоқпановтың есімінің берілуіне орай - ОСЫ үлкен тұлғаға арналған ескерткіштің тұсаукесер салтанаты өтті.

ЕСКЕРТКІШТІҢ АШЫЛУ САЛТАНАТЫНА облыс басшылығы мен қала жұртшылығы, республиканың түкпір-түкпірінен арнайы шақырылған қонақтар, сондай-ақ, А.Тоқпановтың өз кіндігінен тараған ұрпақтары: ұл-қыздары, немере-шөберелері келіп қатысты.

КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов, Қазақстан Театр қайраткерлері одағының төрағасы, Қазақстанның халық артисі Тұңғышбай Жаманқұлов, Қазақстанның халық артисі, Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері Есмұхан Обаевтар жамылғыны шешіп, ескерткішті ашты.

Жамбыл облысы жұртшылығы атынан: облыс әкімі Мырзахметов Асқар Исабекұлы мен облыстық мәслихаттың хатшысы Қарашолақов Бағлан Жиенәліұлы ЕСКЕРТКІШКЕ гүл шоғын қойды.

Зиялы қауымның атынан Асанәлі Әшімов, Тұңғышбай Жаманқұлов және Есмұхан Обаевтар да гүл шоқтарын қойды.

Осы мереке аясында Асқар Тоқпановтың шығармашылық өмір жолы мен шәкірттерінің, замандастарының естелік-лебіздерінен тұратын шығармаларды қамти отырып, Алматы қаласындағы «Нұрлы Әлем» баспасынан жаңа шығарылған «ТОҚПАНОВ ТҰЛҒАСЫ» атты КІТАПТЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ өткізілді.

Мерекеге келген қонақтар театр фойесіне жаңа дайындалып қойылған Асқар Тоқпановтың шығармашылық, отбасылық өмірінен деректер беретін ФОТО-СТЕНДТЕРМЕН танысты.

Мереке қонақтарының назарына арнайы дайындалған «ТОҚПАНОВ ТАҒДЫРЫ» атты ДОКУМЕНТАЛЬДІ ФИЛЬМ ұсынылды.

Содан соң, қонақтар Тоқпановтың өзі бас режиссерлік қызмет атқарып, «Тоқпанов мектебін» қалыптастырған өнер ұжымы – Жамбыл облыстық қазақ драма театрының жаңа дайындаған қойылымы – Б.Бекжановтың «АЙША БИБІ» махаббат дастанын тамашалады.

Шара барысында қонақтар театрда жаңа дайындалып ілінген, А.Тоқпановтан бастап, театр өнеріне ерекше еңбек сіңірген көрнекті өнер қайраткерлерінің бояумен қолдан салынған ПОРТРЕТТЕРІМЕН танысты.

Сондай-ақ, мерекеге жиналған көпшілік қауым мен қонақтар ОСЫ МЕРЕКЕГЕ АРНАЙЫ ШАҚЫРЫЛҒАН ТОҚПАНОВТЫҢ ҰРПАҚТАРЫМЕН танысты.

Көпшілік қауым, сондай-ақ, Асқар Тоқпановтың ескерткішін жасап, орнатуға ДЕМЕУШІЛІК КӨРСЕТКЕН КӘСІПКЕР АЗАМАТТАРМЕН де танысты.

Мереке шаралары аясындаАсқар Тоқпановтың ұрпақтарына, шәкірттеріне, арнайы шақырылған қонақтарға, демеушілерге СЫЙ-ҚҰРМЕТ КӨРСЕТУ, жекелеген тұлғаларды МАРАПАТТАУ рәсімдері де өткізілді.

Осы атқарылған іс-шаралардың бәрі де - Ұлы даланың ұлы есімдерін, халқымыздың өшпес рухани құндылықтарын, Тоқпанов еңбектерін ел есінде, жас ұрпақ жадында мәңгілікке қалдыруда үлкен танымдық үлгі, ұлағат болғаны сөзсіз.

Осы іс-шараға келген қонақтар мен жалпы жұртшылық қауым ұлттық кәсіби режиссураның негізін қалаушы, қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби режиссер, көрнекті ұстаз, профессор, Қазақстанның халық артисі Асқар Тоқпановтың есімін мәңгілік есте қалдыруға бағытталған игі істердің жүзеге асырылуына тікелей ұйтқы болған Жамбыл облысының әкімі АСҚАР МЫРЗАХМЕТОВКЕ және ұлы тұлға ТОҚПАНОВ ЕСКЕРТКІШІНІҢ бой көтеруіне демеушілік көмек көрсеткен кәсіпкер азамат «SUPER PHARM» ЖШС директоры Қаймолдаев Қайрат Әмірханұлына және Қаймолдаұлы Әмірхан балаларына АЛҒЫС сезімдерін жеткізді.