Жамбылский областной казахский драматический театр им. Аскара Токпанова
+7 (7262) 45-29-68
+7 (7262) 45-79-70
Телефон доверия:
+7 (7262) 45-53-25
г. Тараз, проспект Абая, 115

БҮГІН, 8 АҚПАН – ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ

ҚАЗАҚ ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ АРТИСІ,

БЕЛГІЛІ САХНА МАЙТАЛМАНЫ

НЕСІПКҮЛ ОМАРБЕКОВА АПАЙЫМЫЗДЫҢ ТУҒАН КҮНІ!

Театр басшылығы мен шығармашылық ұжым атынан НЕСІПКҮЛ әпкені туған күнімен құттықтай отырып, оған зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасына амандық, құт-береке, зор шығармашылық табыстар тілейміз!

Омарбекова Несіпкүл Әлімқұлқызы1950 жылы 8 ақпанда Жамбыл облысы, Луговой ауданы, «Қызыл-шаруа» колхозында дүниеге келген.

1965-1968 жылдары Жамбыл мәдени-ағарту училищесінде оқып, актерлық өнер мамандығы бойынша арнаулы білім алған .

Несіпкүл Омарбекова Жамбыл облыстық қазақ драма театрында 1971 жылдан бері актрисалық қызмет атқарып келеді. Осы елу жылға жуық уақыт аралығында киелі сахнада 100-ге жуық кейіпкерлер бейнесін сомдап, үлкен өнер мектебінен өтті.

Н.Омарбекова - пластикалық қимыл-қозғалысы ширақ, дауыс мәнері ашық, кез-келген кейіпкер образын сомдауға икем-қабілеті зор актриса.

Ол, соңғы жылдары театр репертуарындағы И.Сапарбайдың «Сыған серенадасында» сыған әйелі, И.Содиковтің «Әпендінің бес қатынында» Тотықұс, М.Томанов пен М.Ахмановтың «Екі дос» ертегісінде – Қой, Жаңа жылдық қойылымда – Мыстан, С.Балғабаевтың «Ең жақсы еркек» комедия-фарсында - Мадина-Магдалина, Н.Оразалиннің «Қилы заманында», А.Бекбосынның «Домалақ енесінде», Ә.Әмзеұлының «Қор болған Қодар-айында» - көпшілік сахнасы рольдерінде және басқа да көптеген қойылымдарда өнер көрсетіп келеді.

Несіпкүл Омарбекова бірқатар көркемсюжетті және телефильмдерге де түсіп, киноактриса ретінде де танылған. Мәселен, «Евразия» кинокомпаниясы түсірген «Бақсы» фильмінде басты кейіпкер – Бақсы - Айдай ролін сомдап, осы ролі үшін, Ресей, Словакия, Австралия елдерінде өткен кинофестивальдардың «Ең үздік әйел образы» және «Үздік актриса» номинацияларына ие болған.

«Қара кемпір» атты қысқаметражды фильмде басты роль Қали апа ролін сомдаған.

Ол, әр жылдары Алматы, Мәскеу қалаларында актерлік шеберлігін шыңдау курстарында оқыған.

Н.Омарбекова театрдың Ардагерлер кеңесінің мүшесі ретінде қоғамдық жұмыстарға белсенді ат салысуымен қатар, жас артистерді өнерге баулып, тәрбиелеуге де үлесін қосып келеді.

Жамбыл облыстық қазақ драма театрында елу жылға жуық еңбек етіп келе жатқан сахна майталманы ҚР Мәдениет Қайраткері белгісімен, көптеген Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттармен марапатталған. Ұзақ жылдардан бері Қазақстан Театр қайраткерлері одағының мүшесі.

НЕСІПКҮЛ ӘПКЕ, Сіздің өнер жолындағы ұзақ жылғы жемісті қызметіңіз – кейінгі жастарға зор үлгі-өнеге! Туған күніңізді әрдайым шығармашылық ортамызда мерекелей беріңіз!

ІЗГІ НИЕТПЕН, ҚҰТТЫҚТАУШЫЛАР:

Жамбыл облыстық қазақ драма театрының

шығармашылық ұжымы, әріптестеріңіз!