Жамбыл облыстық қазақ драма театрында Шер-ағаң – Шерхан Мұртазаның «Сталинге хат» драмасын белгілі актер, көрнекті режиссер, Қазақстанның халық артисі Тұңғышбай Жаманқұлов сахнаға дайындап жатыр. Өткен жылдың соңынан бері дайындалып жатқан қойылымның тұсаукесері (премьерасы) алдағы наурыз айының басында болады деп жоспарланып отыр.
Драма оқиғасында Алаш ардақтысы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың 1930-шы жылдары кеңестік ұжымдастыру саясатының зардаптарын жоюға бел шеше, батыл кірісіп, сол уақытта Қазақстанда бірінші басшы болған Ф.И. Голощекиннің қазақ жерінде қасақана, қолдан ұйымдастырған «кіші қазан төңкерісіне» ашық түрде қарсы шығуы, Қазақстан халқын ашаршылық апатынан құтқару жөнінде Сталинге ашық хат жазуы, соңынан өзі тікелей нақты ұсыныстармен барып, бетбе-бет кездесуі суреттеледі.
Тұрар Рысқұлов 1894 жылы 26 желтоқсан күні қазіргі Түркістан облысының Түлкібас ауданында дүниеге келген. 1937 жылы 21 мамыр күні Кисловодскіде демалыста жүрген Т.Рысқұлов «ұлтшыл», «халық жауы» деген айыппен тұтқынға алынып, сол қуғын-сүргіннің құрбаны болады.