Жамбылский областной казахский драматический театр им. Аскара Токпанова
+7 (7262) 45-29-68
+7 (7262) 45-79-70
Телефон доверия:
+7 (7262) 45-53-25
г. Тараз, проспект Абая, 115

Бүгін 7 сәуір – Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының актрисасы, Қазақстанның халық артисі, «Құрмет белгісі» орденінің иегері МАКЕН әпке РАҚЫМЖАНОВАНЫҢ туған күні!

МАКЕН РАХЫМЖАНОВА 1952 жылы 7 сәуірде Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Жаңа шаруа ауылында дүниеге келген.

Білімі жоғары. 1972 жылы Қазақтың Мемлекеттік Академиялық Еңбек Қызыл Ту орденді М.Әуезов атындағы академиялық драма театры жанындағы театр студиясын актер мамандығы бойынша бітірген. Одан кейін М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «Мәдени шараларды ұйымдастырушы» мамандығы бойынша тамамдаған.

Мәкен Рахымжанова «Құрмет белгісі» орденінің, «Қазақстанның еңбек сіңірген артисі», «Қазақстанның халық артисі» атақтарының иегері.

Макен әпке 1972 жылдан бері, жарты ғасырға жуық уақыт бойы Жамбыл облыстық қазақ драма театрында үзіліссіз еңбек етіп, бар өнері мен рухани күш-қуатын актерлік қызметке жұмсап келеді.

Ол осы уақыт ішінде театр тарихында өзіндік биік орны бар, сахна өнерінің айтулы саңлағына айналған белгілі актриса. Бар ғұмырын театр өнеріне арнап келе жатқан ол, бүгінгі дейін 100-ден аса сахналық қойылымдарда тек қана басты және негізгі рольдерді сомдапты. Көпшілік сахнасында ойнаған рольдері де жетерлік.

Кезінде оның М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Ә.Тәжібаев, Қ.Мұхамеджанов, С.Шаймерденов, О.Бөкеев, Ә.Тарази сынды және басқа да қазақ жазушылары мен классиктерінің, сондай-ақ, У.Шекспир, М.Шолохов, А.Чехов және т.б. орыс және әлем классиктері туындыларының басты кейіпкерлерін сахнаға шығарудағы кәсіби актрисалық шеберлігі сан мәрте мойындалып, театр өнерінде қол жеткізген жетістіктері театртанушылар тарапынан да, көрермен халық тарапынан да лайықты бағасын алған.

Макен Рахымжанова өзі сомдаған кейіпкерлерінің ішкі жан-дүниесін шынайы дәлдікпен бере алатын сезімтал, шығарманың идеясын терең түсініп, оны сахнаға сол қалпында бере білетін айрықша шебер сахнагер. Режиссуралық шешімдерді тез түсінетін, қай жанрда болмасын өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленетін алғыр актриса. Ол өзінің бар жаратылыс болмысымен театр өнері үшін жаралғандай, сондықтан да, сахнада сомдаған бейнелерінде еш жасандылық жоқ, дәл өмірдің өзіндей бояуы қанық.

Ол, әр жылдары театр репертуарындағы У.Шекспирдің «Ричард ІІІ» спеткаклінде - Королева Маргарита, М. Байжиевтің «Құдаларында» - Сайраш, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуында» - Мақпал, Ж.Мольердің «Бәледен құтылдың медицина!» комедиясында - Николь, Е.Уахитовтың «Алтын дуалында» - Хадиша, М.Шахановтың «Танакөзінде» - Ана, Ә.Әмзеевтің «Қара кемпірінде» - Қали, Д.Исабековтің «Тыныштық күзетшісінде» - Хадиша, Ш.Мұртазаның «Домалақ анасында» - Рух рольдерін және басқа да шығармаларда көптеген басты рольдерді сомдады.   Ал, соңғы үш жыл көлемінде театр репертуарындағы М.Шахановтың «Танакөзінде» - Нұргүл апа, Д.Исабековтің «Тыныштық күзетшісінде» - Хадиша, Ә.Оразбековтің «Бір түп алма ағашында» - Дәметкен, Ш.Айтматовтың «Ана-Жер-анасында» - Толғанай, Н.Оразалиннің «Қилы заманында» - Ана, С.Балғабаевтың «Ең жақсы еркегінде» - әйелдер қоғамының меңгерушісі және басқа да шығармаларда көптеген басты, негізгі рольдерді сомдап келеді. Сондай-ақ, Қ.Ысқақ пен Ш.Құсайыновтың «Қазақтар», А.Бекбосынның «Домалақ ене» және т.б. шығармаларда көпшілік сахнасындағы кейіпкерлер бейнесін жасап келеді.

М.Рахымжанова театр өнеріндегі осындай зор жетістікті шығармашылық қызметі үшін 1976 жылы «Құрмет белгісі» орденмен марапатталса, 1986 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, 1996 жылы Қазақстанның халық артисі атақтарына ие болды. 2019 жылы «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен, олармен қатар, көптеген медальдармен, Құрмет Грамоталарымен, Алғыс хаттармен марапатталды. 2012 жылдан бері Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының құрметті азаматы. Отбасылы, балалары мен немерелерінің өнегелі де мол шежірелі анасы.

07.04.20 1

07.04.20

07.04.20

07.04.20

07.04.20

07.04.20

МАКЕН ӘПКЕ, Сіздің өнер жолындағы ұзақ жылғы жемісті қызметіңіз – кейінгі жастарға зор үлгі-өнеге! Туған күніңізді әрдайым шығармашылық ортамызда мерекелей беріңіз!

ІЗГІ НИЕТПЕН, ҚҰТТЫҚТАУШЫЛАР:

Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының басшылығы, шығармашылық ұжымы, әріптестеріңіз!