Жамбылский областной казахский драматический театр им. Аскара Токпанова
+7 (7262) 45-29-68
+7 (7262) 45-79-70
Телефон доверия:
+7 (7262) 45-53-25
г. Тараз, проспект Абая, 115

2018 жылдың 24-25 қаңтарында Жамбыл облыстық қазақ драма театрында Болат Жандарбековтің «Сақтар» романынындағы Сақ патшайымы Томириске қатысты оқиғалар желісінде дайындалған «Томирис» драмасының тұсаукесер қойылымы сахналанды.

Драманың қоюшы-режиссері – астаналық режиссер Дина Жұмабекова. Қоюшы суретшісі – ҚР Мәдениет саласының үздігі, театрдың бас суретшісі Рахат Сапаралиева.

Шығармада Сақ патшайымы Томиристің ерлік жорықтары, Рустам батырға қосылуы, парсы патшасы Кирді жеңіп, басын алуы және басқа да оқиғалар қоюшы-режиссердің сахналық идеясы мен ой-қиялы арқылы өрбіп, қызықты баяндалады.

Әрбір сахналанған шығармада режиссердің ой-тұжырымы, көзқарасы, оларды сахналық тілмен, түрлі қимыл-әрекетпен, шиеленісті тартыстармен, жеткізудегі идеясы мен қиялы  мен-мұндалап тұрары анық.

Осы тұрғыдан алғанда, қоюшы-режиссер Дина Жұмабекованың драманы сахналаудағы түпкі режиссерлік шешімі роман оқиғасынан көп алшақтап кетпегенімен, қойылымға өзіндік бояу, бедерлі үлгі беру мақсатында шартты пластикалық әрекеттер мен сахналық қиялға көп жүгінгендігі байқалады.

Көнеден келе жатқан тарихи мәліметтер мен аңыздар бойынша Томирис – ежелгі сақ-массагеттердің көсемі Мөденің (Мадияның) шөбересі.  Томиристің әкесі Сыпыра (Спаргапис) да қолбасшы батыр, сақ тайпаларының патшасы болған.

Томирис ат құлағында ойнайтын керемет шабандоздық пен соғыс өнерінің қыр-сырын жастайынан әкесі Спаргапистен үйреніп, жігіттің жігітіне бергісіз, өжет те сұлу қыз болып өседі.

Бой жеткен соң, Томирис тигрохауд тайпасының патшасы Ұлы Кавадтың баласы Рустамға тұрмысқа шығады.

Жан-жақтан аш қасқырдай анталаған жаудан елін, жерін қорғауда бар ауыртпалық өзіне түсіп тұрғанын Томирис іштей сезеді. Қасындағы көсемдері мен уәзірлері де әйел-патшаға бағынуды іштей қаламайды.

Осындай сәтте, ол күйеуі Рустам батырды және жеке сақшысы Бахтияр батырды тірек тұтады.

Үйленіп, ұлды болып, оның есімін әкесінің құрметіне Спаргапис деп қояды.  Баласы Спаргапис ат жалын тартып мінгеннен-ақ, ержүрек, батыл боп өседі.   

Осындай жағдайда, күллі әлемді өзіне қаратуды мақсат тұтқан Парсы елінің патшасы Кирдің көзі массагеттер мекендеген Ұлы далаға түседі.

Кир патша Томириске:  «Маған әйел боласың, оған көнбесең, еліңді, жеріңді шабам! Қиратам! Жоям! Бәріңді құл етем, күң етем!» деп, шарт қояды.

Томирис Кир патшаға: «Мен даланың ерікті қызы Томириспін! Мен өз елімнің көк аспанын, ұшы-қиырсыз даласын сүйемін және оларды қапас торға - гаремге айырбастамақ емеспін! Мен күң болу үшін туылған жоқпын!  Сен сияқтылардың айтқанын жасауға дайын тұратын, көңілдес әйел де емеспін! Патшайым болып туылғанмын, патшайым болып өлемін! Білем, Парсы патшасы, саған мен емес, менің патшалығым керек! Кеш болмай тұрғанда, тоқта да, өзіңнің патшалығыңа билік құрып жата бер! Өзіңді «патшалардың патшасымын» деп, жар салып келесің, мейлі, айта бер, бірақ бізбен шайқасу ойыңа келмесін! Қасиетті акинақпен, соғыс рухымен ант етемін! Сен қанша тойымсыз болсаң да, мен сені қанға тойдырамын!» - деп жауап қайтарады.

Одан әрі, драма оқиғасында Томиристіңелі мен жерін қорғау жолында жасаған қадамдары, ерлік істері,соғыс кезінде баласы Спаргапис пен күйеуі Рустамнан айырылып қалуы, сенімді серігі Бахтиярдың сатқандық әрекеттері, басқа да оқиғалар баяндалады.

Ақыры, соңында, көзі қанға толған, қанішер Парсы елінің патшасы Кирмен ақтық шайқасқа түсіп, оның басын шауып, қан толтырылған меске бөктіріп жеңіске жеткен Томирис патшайымның жеңісті сәті салтанат құрады.  

Драмада Томирис бейнесін белгілі сахна шебері, Халықаралық және Республикалық театр фестивальдарының лауреаты,  артист  Анар Сағымбекова сомдап, кейіпкерінің бойындағы өжеттік, батылдық, сұлулық, әйелге тән нәзіктік болмыстарын шынайы жеткізе отырып, асқан шеберлікпен көрсете білді.

Рустам батырды сомдаған белгілі актер Мәмбет Қожалиев те оның – тигрохауд тайпасының патшасы Ұлы Кавадтың баласы, тақ мұрагері  болғандығына қарамастан, өзі сүйген Томириске деген шынайы махаббатын  соңына дейін сақтап, оған қызмет ету жолында мерт болуын барынша сенімді жеткізді.

Томиристің баласы – Спаргапистің бейнесін жасаған артист Елжан Жармұхамедовтің ойнаған роліне де көрермені  риза болды.

Парсы елінің патшасы ашкөз, қанышер Кирді сомдаған Қазақстан Жастар одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты, белгілі актер Кенен Ақүрпековтің жағымсыз рольде ойнағанына қарамастан, оның керемет актерлік шеберлігі көрерменді еріксіз сүйсінтті.

Сондай-ақ, соңында сатқындық әрекет жасаған, Томиристің көмекшісі  Бахтиярдың бейнесін жасаған артист Сухраб Мадумаровтың сахналық ойыны да сенімді бейнеленді.    

Сахнадағы басқа да кейіпкерлер: Рустамның бауыры – Зогактың бейнесін – артист Жандар Қырықбаев, тайпа көсемдері Хусрау мен Шапур рольдерін артистер Мейірбек Есімбекұлы мен Мадияр Орнықбай әсерлі сомдап шықты.