Жамбылский областной казахский драматический театр им. Аскара Токпанова
+7 (7262) 45-29-68
+7 (7262) 45-79-70
Телефон доверия:
+7 (7262) 45-53-25
г. Тараз, проспект Абая, 115

02 09 2020 1

Жамбыл облыстық Асқар Тоқпанов атындағы қазақ драма театрының шығармашылық ұжымы кеше 28 тамыз күні ұзақ уақыттан бергі карантиндік шектеулерден кейін жарияланған ішінара жеңілдету шараларына байланысты Тараз қаласындағы ежелгі тарихи орындардың бірі – «Төрткүл» керуен сарайында ашық аспан астындағы түнгі сахнада пандемияға қарсы белгіленген барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып, көрермендерімен қайта қауышты.


Аталған керуен сарайындағы ашық аспан астындағы түнгі сахнада театрдың биылғы жаңа қойылымдарының бірі – Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» трагедиясының премьерасы келушілер санына шектеу қоя отырып, алдын-ала бекітілген тізім бойынша шақырылған біқатар зиялы қауым өкілдері мен өнерсүйер жұртшылық назарына ұсынылды.
Қойылымның басты мақсаты - һас шебер суреткер, халық жазушысы Ғабит Мүсіреповтің «Қозы - Көрпеш – Баян сұлу» пьесасына негізделіп жасалған сахналық қойылымды көрсету арқылы көрерменді қазақ әдебиетінің бастауында тұрған осынау бірегей классикалық туындының мазмұнымен, идеясымен терең тыныстатып, таныстыру, кейінгі толқын ұрпаққа Ұлы даланың ұлы есімдерін танытып, насихаттау, жастардың төл әдебиетіміз бен өнерге деген қызығушылықтарын арттыру екендігі, болса да, түсінікті.
Қоюшы-режиссер, Ш.Айтматов атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты Қуандық Қасымов пен қоюшы суретші ҚР Мәдениет қайраткері Қалтөре Жұмағұловтың шығармашылық бірлестікте жасаған бұл жолғы қойылымдары көрерменді ерекше еліктіріп, желпіндіріп отыратын, шын мәніндегі бөлекше дүние болды.
Режиссер шеберлігінің жемісі ретінде көп нәрсе айтуға болады. Айталық, шығарманың өн бойында шерін ақтарған Шер шайқы (арт.Мәмбет Қожалиев) жыр өзегіндегі негізгі оқиға мен құбылыстарды үнемі даңғырлап жеткізіп жүреді, одан арғы іс-қимылдар басты кейіпкерлердің орындауымен жеткізіледі.
Диалогтар қысқа, негізінен ым-ишара, іс-қимыл арқылы көп жайтты түсіндіреді. Спектакльде Қарабайдың (арт.Руслан Оразалиев) шектен тыс пайдакүнемдігі, Қозы (арт.Елжан Жармухамедов) мен Баян (жас актриса Нұрай Қаражанова) арасындағы риясыз сезім, Баянға ынтық Қодар (арт.Жандар Қырықбаев) мен оның жігіттерінің (артистер Нұрсұлтан Маханов пен Бексұлтан Әлекешов) даңғойлықтары, әпербақандығы кейде еріксіз езу тартқызып, кейде мұңайтады. Бәрінің арасына от салып жүретін Жантықтың (арт.Мәмбет Қожалиев) рөлі де нанымды шыққан. Қойылымда Қозының шешесі Мақпал мен Баянның анасы Күнікейді қуыршақтардың көмегімен актер Мәмбет Қожалиев ойнатып жүрді.
Осылайша, көрерменнің көз алдында махаббат лирикасымен басталып, арты трагедияға ұласатын қойылым оқиғасы қос ғашық Қозы мен Баянның адал да пәк, кіршіксіз таза сүйіспеншілік сезімдерін қорғау жолында мерт болуымен аяқталады. Алайда, Қозы мен Баян адал сүйіспеншіліктері жолындағы осы ерліктерімен махаббат атты өшпес, ескірмес сезімге мәңгілік ескерткіш орнатып кетті.
Қойылым премьерасы коронавирус пандемиясына қарсы карантиндік шектеудің ішінара жеңілдетілуіне байланысты ашық аспан астындағы түнгі сахнада шағын ғана көрерменнің тамашалауымен өткендіктен, әдеттегі театр сахнасында өткен қойылымдардан ерекшелеу, қабылдануы мен әсері де бөлекшелеу болғанын айтқан абзал.

02 09 2020 2  02 09 2020 3  02 09 2020 4  02 09 2020 5  02 09 2020 6  02 09 2020 7  02 09 2020 8  02 09 2020 9