Жамбылский областной казахский драматический театр им. Аскара Токпанова
+7 (7262) 45-29-68
+7 (7262) 45-79-70
Телефон доверия:
+7 (7262) 45-53-25
г. Тараз, проспект Абая, 115

Бүгін аяулы  асыл ағамыз  Бақытяр Әбілдаұлының  қасиетті Әулиеата - Тараз жерінің тарихына  қатысты жазған  зерттеу еңбектері мен драмалық шығармалары жөнінде сыр шерткен  белгілі журналист Зарина  Москаудың Жамбыл облыстық "AQ JOL " газетінде жуырда ғана  жарияланған  ТАРИХТЫ  ТІРІЛТКЕН ҚАЛАМГЕР" атты мақаласын  әлеуметтік желі пайдаланушыларының назарына ұсынып отырмыз.

ТАРИХТЫ ТІРІЛТКЕН ҚАЛАМГЕР
Бақытяр Әбілдаұлы. Осы кісінің арқасында Айша бибі мен Қарахан туралы аңыз архив тозаңында көміліп қалған жоқ. Ал Жамбыл қаласы өзінің қазіргі тарихи атауы Таразға қайта ие болды. Ұлы Даланың тарихи тұлғалары Қойгелді, Байзақ, Рысбек сынды ондаған батыр бабамыздың өмірі мен ерлігі туралы алғаш баяндаған да осы ағамыз болатын.
Қияға қанат сермеген
«Қанатын кең жая алмады. Сол өкінішті. Ойымнан кетпейді».
Журналист, публицист, жазушы Бақытяр Әбілдаұлы туралы осылай деп еске алады бүгінде мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков.
Олар Бақытяр Әбілдаұлы екеуі жасты болатын, мектепте, бертінде университетте бірге оқыды.
…Жамбыл. 1970-жылдар. Қазақстанның оңтүстігіндегі шағын қала тұрғындары облыстық «Еңбек туы» газетінде жарияланған мақаланы қызу талқылауда.
Жас ару жайлы баяндалатын «Айша туралы аңыз» тарихи очеркінің күнделікті бас мақалаға, егіс алқаптарынан жазылған репортаждар мен жиналыстар туралы ақпараттарға мүлдем ұқсамайтыны соншалық, оны байқамай қалу мүмкін емес еді. Оның үстіне мақала авторы жас журналист өзінің очеркінде бұрын белгісіз болып келген архивтік құжаттарды келтірген болатын.
Бұл оқиғадан бірнеше жыл бұрын.
…Ташкент. Мемлекеттік архив. Түр-сипаты зиялы жас қазақ тағы да көне құжаттарға беріле үңіліп отыр. Архив қызметкерлеріне ол жақсы таныс, себебі бірінші рет келуі емес. Қашанда ибалы, әңгімелессе баурап әкетеді. Жылнамалардан өзіне қажет деректерді табандылықпен тынымсыз іздейді. Соңғы жолы архивтен қуанып шықты, баспалдақтардан жеңіл аттап, қақпаға қарай жүгіре жөнелді.
Айша бибі туралы аңызды бүгінде бәрі біледі. Тіпті бірнеше нұсқасы да бар. Алайда көне Тараз шаһарындағы қос ғашық туралы аңызды шаң басқан архив қойнауынан алып шығып, екінші өмір сыйлаған жамбылдық жергілікті журналист екенін екінің бірі біле бермейді. Біз бүгін уақыт атты ұлы құдіреттің өзін тізе бүктіріп, ұмытылған тарихты қайта тірілткен осынау таңғажайып адам – Бақытяр Әбілдаұлы туралы әңгімелемекпіз.
Бақытяр мектепте үздік оқушылардың бірі болды, сол кездің өзінде-ақ қағілез баланың бойынан мақсатына жетуге деген ұмтылыс байқалатын. Мектептен кейін олар арман қуып Алматыға аттанды. С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Ұлттық университет) филология факультетіне түсті.
– Ұстаздар жағынан біздің топтың керемет жолы болды. Бізге ұлы Мұхтар Әуезовтің өзі дәріс оқыды. Курсымыз мықты болды, бәрі оқу үздіктері. Дегенмен сол сен тұр, мен атайын студенттердің арасында Бақытяр ерекшеленіп тұратын. Оның керемет талдау қабілеті кейде профессорлардың өзін тығырыққа тірейтін.
Университеттен кейін мен Алматыда қалдым, Бақытяр Жамбылға қайтты. Оның жүрегі кең болатын. Қашанда көмектесуге дайын тұратыны сүйсіндіреді әрі тәнті қылатын. Зайыбы Ақылай да өзіне сай еді, олардың есігі дос-жарандары үшін қашанда ашық болатын.
Ол өте еңбекқор еді, шаршауды білмейтін. Оның тарихи тұрғыда өте ауқымды ойлай білетін қабілеті мені еріксіз таңғалдыратын. Егер ол ғылым жолын таңдағанда ірі ғалым болар еді. Архивтерге қалай барғаны, құжаттарды қалай көз майын тамызып зерттегені әлі есімде. Оның барлық еңбегі құжаттармен расталған фактілерге негізделіп жазылған, – дейді Мырзекең өткен күндерді емірене еске алып.
Қара нар
Бақытяр Әбілдаұлы ұзақ жылдар Жамбыл облыстық «Еңбек туы» (қазіргі «Aq jol») газетінде еңбек етті, тілшіліктен бастап, ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, бас редактордың орынбасары қызметіне дейін атқарды.
Қаламдас әріптестерінің жадында ол тынымсыз еңбекқор, жазғандарына жаны күйетін автор және жақсы жолдас ретінде қалды. Жазушы-драматург Елен Әлімжан былай деп еске алады:
– Редакцияның қара нары еді. Газеттің бар ауыртпалығын қайыспай көтерді. Осы жұмыстың бәрін ол біліктілікпен үйлестіріп, бағыттап отырушы еді, өзі де көп жазатын.
Кезінде үлкен шу тудырған, облыс аумағындағы Айша бибі, Қарахан баба кесенелерінің тағдырындағы бетбұрысты кезеңге айналған очерк те әріптестерінің есінде.
– Қала азаннан шулап кетті. Мақала әкімшіліктегі аппарат мәжілісінде талқыланып жатты, редакцияда – айтса-айтпаса да. Телефонға тыным болған жоқ. Қоңырау шалмаған аймақ та, адам да қалмады. Бұл Бақытярдың көп жыл бойғы тынымсыз ізденісінің жемісі еді, – дейді драматург.
Тараздың тарихын түгендеген
Бақытяр Әбілдаұлының Айша бибі мен Қарахан батырдың ғашықтық дастанын жаңғыртқан еңбегінен де елеулі тағы бір еңбегі бар. Ол – Жамбыл облысы орталығының тарихи атауы Тараз екенін және оның 2000 жылдық тарихы бар екенін дәлелдеуі. Өкінішке қарай, бұл жайтты қазір екінің бірі біле бермейді. Сол тұста облыстық әкімшіліктің идеология бөлімінде қызмет еткен, сол бір тарихи оқиғалардың тікелей куәсі болған әріптес шәкірттерінің бірі Қуаныш Сабырұлы былай еске алады.
– Бақытяр аға ол кездегі Жамбыл қаласының тарихи аты Тараз екенін, оның 2000 жылдық тарихы бар екенін дәлелдеп, жазып қана қойған жоқ, ресми мойындатуға да барын салды. Елбасы өңірге жұмыс сапарымен келгенде алқалы топ алдында облыс орталығына тарихи атауын қайтару, 2000 жылдығын атап өту туралы мәселені көтерді. Оған өзім куәмін. Елім, жерім деген азаматты өңір басшыларының Президент алдында бұл мәселені көтермеу туралы «өтініші» де тоқтата алмады. Абырой болғанда Нұрсұлтан Әбішұлы дұрыс көтеріліп отырғанын, даңқты тарихымызды жаңғыртуымыз керектігін айта келіп, мәселені зерделеуге уәде берді. Көп ұзамай тарихи мәселелердің қолдау тапқаны туралы қуанышты хабар жетті.
1997 жылы қыста Президентіміз Қарахан баба кесенесі алдында Жамбыл қаласына өзінің тарихи Тараз деген атын қайтару туралы Жарлыққа қол қойды. 2000 жылы Бақытяр Әбілдаұлына осы елеулі еңбегі үшін Тараз қаласының Құрметті азаматы атағы берілді. Ал 2002 жылдың 25-26 қыркүйек күндері көне шаһардың 2000 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО аясында тойланды.
Ел асыға күткен премьера
Мерзімді басылымда, күнделікті шығатын газетте жұмыс істей жүріп Бақытяр аға шығармашылыққа, ізденіске, зерттеуге де уақыт тапты. Сол кездің өзінде ел тарихының мәнін терең түсінген азамат жылдар бойы архивте отырды, құжаттарды зерттеді, тарих тереңінде жатқан мәліметтерді тірнектеп жинады. Онымен де қоймай, тиісті мекемелерге хат жазып, олардың назарын облыс аумағындағы тарихи ескерткіштердің күтімсіздіктен, жауын-шашыннан жойылып бара жатқанына аударды.
Айша бибі туралы аңызды ол өзі Ташкент архивінен тапқан құжаттардың негізінде қайта жаңғыртты. Жоғарыда айтылған тарихи очеркін де сол деректердің негізінде жазды.
Сондықтан да 1984 жылы Жамбыл облыстық драма театрының директоры Әлібек Әмзеевтің Айша бибі туралы пьеса жазу туралы ұсыныспен дәл осы Бақытяр ағаға қайырылғанына таңғалуға болмайтын еді.
– Мен театрға директор болып 1983 жылы келдім. Қызметімді театр репертуарын өзгертіп, мазмұнын байытудан бастадым. Режиссер Асқар Құлдановпен ақылдаса келіп, Айша бибі туралы аңызды шығаруымыз керек деп шештік. Пьесаны жазып беруді Бақытяр Әбілдаұлынан өтіндік. Оны аңызға екінші өмір сыйлаған адамнан басқа кім жазуы мүмкін? Қуана келісті. Құлшына кірісті. Жарты-ақ айдың ішінде бірінші нұсқасын жазып бітірді. Бірақ одан кейін де шығармасын шыңдау жұмыстарын тоқтатқан жоқ. Премьерасы 1985 жылы тамыз айында болды. Залға ел сыймай кетті, – деп еске алады Әлібек Әмзеев.
Басты рөлде ол кезде жас актриса, бүгінде ҚР еңбек сіңірген қайраткері Гүлшат Қыпшақова ойнады, Қараханның рөлін талантты актер, марқұм Спандияр Мұқашев асқан шеберлікпен сомдады.
Сол жылдары Жамбыл қалалық мәдениет бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған Москау Ноқрабеков те ол оқиғаларды жақсы біледі.
– Премьераны ел асыға күтті. Ол жылдары ұлттық мәдениетіміз, тарихымыз туралы шығармалар жоқтың қасы болатын. Оның үстіне Бақытяр Әбілдаұлының газет бетінде баяндалған аңызы елге танылып қалған. Сондықтан көрермен «Айша бибі» спектакліне қуана келді, тіпті бірнеше қайтара келіп көргендер де аз болған жоқ. Бұл аса қуанышты жай еді, – дейді Москау Ноқрабеков.
«Айша бибі» театр репертуарынан ұзақ уақыт түскен жоқ. Спектакль жоғары наградаларға ие болды. Ең бастысы – көрерменнің көңілінен шықты.
– «Айшадан» кейін Бақытяр тарихи тақырыптағы «Төле би», «Сыпатай батыр» және басқа бірнеше драмалық шығарма жазды, дегенмен оның шығармашылығының шыңы қос ғашықтың махаббат тарихы болып қалды, – дейді Ә.Әмзеев.
Ән қанатында
Спектакльге музыканы бастапқыда Нұрғиса Тілендиев жазуы керек болатын.
– Біз Нұрекеңмен келісіп, пьесаның мәтінін беріп те қойғанбыз. Өкінішке қарай, жұмысының қауырттығына байланысты жаза алмады. Ол кезде Нұраға фильмге музыка жазып жатқан, оркестрімен гастрольдерге де шығуы керек болды. Бұл туралы маған телефон арқылы өзі айтты. Ақылдаса келіп, қойылым музыкасын сол кездегі облыстық филармонияның директоры, сазгер Алтынбек Қоразбаев жазады деп шештік, – дейді Әлібек Әмзеұлы.
Ал бұл туралы композитор, Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Алтынбек Қоразбаевтың өзі:
– Бақытяр Әбілдаұлы тарихымызды жаңғыртуда орасан жұмыс атқарды. Оның өлмес тарихи шығармалары – соның дәлелі. Солардың арасындағы шоқтығы биігі «Айша бибі» пьесасының қойылымына музыканы мен үш айға толмайтындай уақытта жаздым. Әрине, алдымен пьесаны оқып шықтым, ондағы оқиғаларды жүректен өткіздім. Спектакльде бас кейіпкер орындайтын «Айшаның әні» бар. Оның музыкасын да мен жаздым, сөзі Бақытяр ағаның өзінікі. Ән хитқа айналды десем, артық айтқандық емес. 80-жылдардың соңында оны үлкен де, кіші де айтатын. Үлкен сахнада оны Мақпал Жүнісова, Қарлығаш Қожағазина шырқады, мен өзім де концерттерімде міндетті түрде орындаймын, – деп еске алады.
Бұл әнді сіздердің де сан рет тыңдағандарыңызға сенімдімін.
Сырлы сазбен айшықталған ғашықтық сезімге толы жыр жолдары ел арасына тез тарады. Біздің отбасымыздағы сүйікті әндердің бірі де осы «Айшаның әні» еді. Беріле шырқайтынбыз, ал әкеміз домбырамен сүйемелдейтін. Кейін домбырамен орындауды өзіміз де үйреніп алдық.
Көзден кетсе де,
көңілден кетпеуі тиіс
Оның ғұмыры ұзақ болған жоқ. Журналист, жазушы, драматург, зерттеуші Бақытяр Әбілдаұлының бақилық дүниеге аттанғанына – биыл он жыл.
Қос ғашық Айша бибі мен Қарахан батыр туралы шығарманың тұңғыш қойылымының премьерасына 35 жыл толып отыр.
Осы уақыт аралығында қос кесене Жамбыл облысының ең танымал символына айналды. Бұл тарихи нысандар киелі орындардың республикалық тізіміне енгізілген және бүкіл Қазақстаннан, басқа елдерден саяхаттап келетін туристердің, дертіне шипа іздеп келетін зиярат етушілердің сүйікті жерлері.
Ал осы аймақ мәдениетінің, тарихының үлкен бір қатпарын сақтап қалу жөніндегі ең алғашқы және ең маңызды қадамды көп жылдар бұрын облыстық «Еңбек туы» газетінің журналисі Бақытяр Әбілдаұлы жасаған болатын. Жас тілші Әулиеата өңірінде сандаған ғасыр бойы махаббат символындай болып тұрған тұлғалар туралы мәліметтерді көрші елдің архивтерінен өз бетінше табандылықпен іздеді.
Көнекөздер мен Бақытяр ағаның замандастары, әрине, оның еңбегін, шығармашылығын жақсы біледі. Алайда, неге екені белгісіз, облыстық музейде де, тіпті «Рухани жаңғыру» орталығында да өзінің табанды еңбегімен, ізденісімен уақыт тегершігін кері айналдыра алған, Тараз шаһарының даңқты тарихы бар екенін дәлелдеп, сол кездің өзінде-ақ рухани жаңғыруымызға өлшеусіз үлесін қосқан, махаббат символына айналған аңызды тарих тозаңынан аршып алып, халқымызбен қайта қауыштырған адамға арналған не кабинет, не стенд, не тақта жоқ.
Шынын айтқанда, өте өкінішті жайт. Өйткені мұндай адамдар мақтанышымыз болуы тиіс. Жастарымызға, жалпы қоғамымызға, өзінің туған жеріне, өзінің сүйікті ісіне беріле қызмет етудің үлгісі қажет.
Бұл орайда шығармашылық адамдарын ынталандыру мақсатында журналистер арасындағы сыйлықтың Бақытяр Әбілдаұлы атындағы «Тарих зерттеушісі» номинациясын тағайындаған дұрыс болар еді.

26.10.20 2


Зарина МОСКАУ,
журналист.