Жамбылский областной казахский драматический театр им. Аскара Токпанова
+7 (7262) 45-29-68
+7 (7262) 45-79-70
Телефон доверия:
+7 (7262) 45-53-25
г. Тараз, проспект Абая, 115

27 10 20 1

Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының актері, белгілі әнші - композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әбиірбек Тінәлі мен  журналист Есет  Досалының  Жамбыл облыстық "AQ JOL"  газетінің 2020 ж. 26 қазан күнгі  санында жарияланған  Әбекеңнің   өнердегі  қиындығы мен қызығы қатар жүрген салиқалы еңбек  жолы баяндалатын сыр-сұхбатын әлеуметтік желі пайдаланушыларының назарына ұсынып отырмыз.

Әбиірбек ТІНӘЛІ,
әнші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының актері:

«Талас ауданының  Құрметті азаматы» ДЕГЕН ЛЕНТАНЫ ТАҚТЫ, БІРАҚ ҚҰЖАТЫН БЕРМЕДІ
– Әбиірбек Берденұлы, сіздің «Желтоқсан желі» деген әніңізді Түркіменстанның Президенті Гурбанғұлы Бердімұратов «ұрлап» алыпты деген ақпаратты әлеуметтік желіден көзіміз шалып қалып еді. Осы қаншалықты рас?
– Иә, осыдан бір жылдай бұрын бір тыңдарманым әлеуметтік желіге құлаштай мақала жариялады. Ол менің «Желтоқсан желі» әніме түсірілген бейнебаян мен әлгі Түркіменстан басшысы жазған қайырманың видеосын қатар салып, «Еліміз Тәуелсіздік алар кездегі қасиетті, рухани әнімізді ұрлағаны несі?» деп, жағдайды түсіндіріп беруді менен сұрапты. Бердімұратов жазған қайырма ойнақы, жылдам айтылады екен. Дегенмен менің әнімнің қайырмасынан аумай тұр. Олар бұл әнді өздерінің ХХІ Олимпиада ойындарының әнұраны ретінде бүкіл халық болып шырқады. Енді Президент ән айтып жатса, басқалар қалай бөгелсін. Содан жағдайды біліп, біраз туладым. Алматыға Байғали Есенәлиев басқаратын авторлардың құқығын қорғайтын ұйымға бардым. Байғали маған заңгерлерден кеңес алуым керектігін айтып бағыт берді. Маңғыстауда сыйластығымыз бар, өзім жиі хабарласып тұратын ақсақал бар еді. Ол кісі Түркіменстанда 30 жыл тұрып келген. Сол кісіге қоңырау шалып, ақыл-кеңес сұрадым. Ол кісі: «Әбиірбек, сенің «Желтоқсан желіңді» қазір әлем біледі. Бұл мүмкін кездейсоқтық шығар. Мүмкін, тыңдалымы жоғары ән болған соң, қызығып қажетіне жаратқан шығар. Бұл жерде еңбек – сенікі, сенің жаның таза. Қудалап қайтесің? Осы жерден райдан қайтып, қоя салғаның дұрыс болар», – деді. Сол сөзге тоқтап, тыйылдым. Бірақ, ішім удай ашыды. Менің «Желтоқсан желі» әнім 1986 жылы шыққан, әлгі ұрланған қайырма 2018 жылы айтылып отыр. Осыдан-ақ, шығарманың авторы кім екені тайға таңба басқандай білініп тұр емес пе? Қалай айтсақ та өнерде, ән әлемінде тазалық салтанат құрғаны абзал.
– Сіздің бірнеше әндеріңіз, қазіргі тілмен айтқанда «хит» болды. Мұқағали Мақатаевтың сөзінежазылған «Фаризажан» деген әніңізді жүрекпен тыңдайтындар көп. Сіздің бұл әнді Фариза Оңғарсынова апайдың алдында орындап тұрғаныңызды телеарнадан көрген едік. «Фаризажанды» Фаризаның алдында тұңғыш орындағанда қандай сезімде болдыңыз?
– Ой, өте ауыр, қиын болды. Ол кезде Таразда тұрамын. Фариза Оңғарсынова апайды жақсы танымаймын. 1991 жылы Алматыдағы кино үйінде концерт бердім. Аталған мекеменің директоры Сәкен Тәнекеев деген азамат еді. Мың болғыр, келісімін берді. 800 орындық зал көрерменге лық толды. Фариза апай да, Мұқағалидың жұбайы Лашын апай да шақырылды. Таласта аудандық атқару комитетінде жауапты қызмет істеген Бекзада Оразбекова деген кісінің баласы да маған болысып, сол іс-шараның басы- қасында жүрді. «Алатау» арнасының жігіттері таспаға жазатын болды. Мен оларға ән айтылып жатқанда Фариза апайдың бет-жүзін айқын түсіруді өтінгенмін. Ондағы ойым «Фаризажанды» тыңдап отырған кездегі Фаризаның көңіл-күйін, жан толғанысын білгім келген. Үлкен камера ғой. Апай олардың түсіріп жатқанын байқап, жүзін төмен салған екен. Сонда да операторлар түсіріп үлгеріпті. Фариза ақынның көзі мөлдіреп, жасқа тұнған екен. Ән айтылып бітті. Көрермендер мені гүл шоқтарына көміп тастады. Мен ол гүлдерді Фариза апайға сыйладым. Фариза апай да ізет көрсетіп, Лашын апайға ұсынды. Әншейінде түрі суық, сұсты көрінетін Фариза апай пора-пора боп жылаған екен. Бірақ, менің өнерпаз ретінде мерейім өсті. Қазақтың қатал мінезді ақынына, Мұқағали мойындаған ақын қызға шығармамның ұнағанына қуандым. Сол жылдары «КТК» телеарнасында жақсы бағдарлама бар болатын. Сол бағдарламада қонақ болып отырып, берген сұхбатында Фариза апай: «Ақын болып жаратылуым Алла берген қасиет болар. Бірақ, ақын болып танылуымның 50 пайызы Мұқағалидың «Фаризажан» өлеңі мен оған ән жазған Әбиірбектің еңбегі екенін мойындаймын», – деді. «Фаризажанды» Мақпал Жүнісова дүниежүзі қазақтарының құрылтайында концерт бергенде орындады. Сонда сырт елдегі қандастарымыз Мақпалды домбырамен концерт беруге шақырып, «Фаризажанды» міндетті түрде орындаңызшы» деп өтінген екен. Мақпал бұл әнді өзінше орындайды. Мен сияқты орындауы шарт емес. Ал мен жақсылыққа қолым жеткен сайын шалқаймаймын, еңкейемін. Еңкейген сайын әр пендеге берер Алланың сыйы шексіз. Нағыз тұлпар жайшылықта елеусіз, ұсқынсыз болып тұрады екен. Ал шапқан кезде одан жүйрік, одан сұлу жануар болмайды. Қарапайым қалпымда қалып, ел таңданар тамаша әндер жаза берсем деймін.
– Ертеректе берген бір сұхбатыңызда сіздің әндеріңізге тұрақты түрде сөз жазатын үш ақын туралы айтыпсыз. Олар – Мұқағали Мақатаев (оның өлеңдеріне қарап жазасыз), Әбдірахман Асылбеков, Исрайл Сапарбаев. Жаныңызға неге осы ақындар жақын?
– Мұқағалиды бала күнімізден біліп, өлеңдерін оқып өстік. «Сәби болғым келеді - ау, сәби болғым, ана сүті аузынан арылмаған» деген ән жолдарын ыңылдап айтып жүріп, есейдік. Кейінірек М.Мақатаевтың жиырмадан астам өлеңіне ән жаздым. Біразын әншілер айтып жүр. Ал «Майгүлге», «Көктемде келер...» деген өлеңдеріне жазған әндерім әлі көпке ұсынылған жоқ. «Табыт үні» поэмасынан «Мен сені сүйем, жарық күн» өлеңдеріне ән жаздым. Содан соң Исрайл Сапарбай мен Әбдірахман Асылбековтың өлеңдеріне көптеген әндерім жазылды. Мүмкін, қазақи болмысынан, қарапайым қалыптарынан болар, осы ақындар жаныма жақын. Жазылған әндерімнің бәрін үнтаспаға жаздырып, сақтап қойдым. Көпшілігін домбырамен өзім орындап, жаздырдым. Бәрі сақтаулы. Ғаламторға жариялап қоюға ықыласым жоқ. Себебі, ғаламторда ұрлық көп. Бір елдің Президенті әнімді ұрлап жатқанда, басқаға не дерсің? Менің «Алақаннан ұшқан ақ құсым» деген әнімнің ырғағы мен Саят Әбеновтың «Бәрі де бәрі сынақ білемін» деген әуенін салыстырып көрші. Аумайды. Ол үшін де дауласып жүрген жоқпын. Кімнің әні бірінші жазылғаны, кімнің жаны таза екені Аллаға да, көпшілікке де аян.
Менің әндерім «Алтын қорда» жоқ. Кезінде «Қазақ» радиосының басшысы қызметін атқарған Нұрлан Өнербаевқа төрт кассета әнімді аманаттап апарып берген едім. Біреуін де сақтамапты. «Шалқар» радиосында ақын Қалқаман Сарин істеп жүргенде мені шақырды. Бірақ, оған барудың сәті түспеді. Бірақ, әнімнің бәрі таза, түсінікті дауыспен жазылып, өз үйімнің «Алтын қорында» сақтаулы тұр. Енді жеке сайт ашып, шығармаларымды сонда сақтасам деймін. Сайттан өзгелер көшіріп ала алмайтындай мүмкіндігін жасасам деген ойым бар.
– «Ас суың ба еді атаңнан қалған» деген әніңізді қазір көп жерден естіп қаламын. Кезінде теледидардан да тыңдағанымыз бар. Бұл әннің өмірге келу тарихын айтып бере аласыз ба?
– Қазір арақ-шарап ішетіндер азайды ғой. Бұл ән ішкілік көп ішілетін кезде жазылып еді. Жас күнімде қырғыздың «Ұлан» деген фильмін көргенім бар. Басты рөлдердің бірінде қырғыздың танымал актері Сүлейменқұл Чокморов ойнайды. Сол фильмнің басты кейіпкері партком, кеңшар директоры болып жүріп, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысына көтеріледі. Бір күні ішеді. Салынып ішеді. Құлдырай бастайды. Қайтадан төмендеп кеңшар директоры, бригадир болып кетеді. Уақыттар өткенде ешкімге керегі жоқ маскүнемге айналады. Содан мас күйінде қазулы тұрған көрге құлап түседі. Осы көріністердің бәрін қырғыз режиссері Төлеміш Өкеев өте жақсы көрсете білген. Оператор фильмге қажетті бояуларды, жүрекке жетер штрихтарды жақсы алған екен. Осы фильм көріністері естен кетпей жүретін. Ішімдік қасіреті – әлемдік деңгейдегі кесел. Қазір Тараз қаласында 265 мейрамхана бар екен. Оның ішінде 500 адам сиятыны, 1 мың адам сиятыны да кездеседі. Қазір карантин кезі деп тойлар азайды ғой. Осыдан бір- екі жыл бұрын сол мейрамханалар тойдан босамайтын. Күніне 265 мейрамханада – той. Әр мейрамханада 400-500 адам отыр. Осынша адам арақпен уланып жатыр. Айтпақшы оны 265-ке көбейтіңіз. Менің бірде әлеуметтік желіге осы мәліметтерді жазғаным бар. Қазір сол ащы судың кесірінен өтірік мақтау, өтірік қолпаш, өтірік бақытты сезіну, өтірік ізеттер көбейіп кетті. Мейрамханалардың аты да – «Сұлтан сарай», «Ақсарай», «Нұр- Береке». Ішкіліктің салдарынан әр отбасында ұрыс-керіс, ажырасу, жанжалдасу орын алып жатыр. Осындай жәйттерді ойлай келе, ұлт болашағына, жастардың тәрбиесіне оң әсері бола ма деп, «Ас суың ба еді атаңнан қалған» деген ән жаздым. Әуелі көңіліме әуен келді. Исрайл Сапарбайға сөзін жаздырдым. Бұл әуен тоғыз буын екен. Есенбек Сәтбаевқа орындатып осы әнге бейнебаян түсірдік. Қазір Бекболат Тілеухан орындап жүр. Бекең «Тоғыз буынға жазылған әнді бірінші рет көріп тұрмын» деп қалды жолыққанда. Енді осы әннің желісі бойынша қысқаметражды шығарма жазып, сахнада жалғыз өзім ойнап шықсам деген жоспар-ниетім бар. Сәті келсе, көре жатарсыздар.
Тағы бір есімде қалған оқиға , Тәуелсіздіктің елең-алаңы – 1992 жылдар болатын. Парламент депут аттығына сайлау науқаны қызып жатқан. Бір азамат депутаттыққа түсіп, Семей жақтағы бір ауылда болдық. Ауыл клубында жиын өтті. Сонда ауылдың үлкен ақсақалы депутаттыққа үміткерге: «Осы клубтың артында бір бес баласы бар отбасы тұрады. Бәрі мектеп жасында. Мектепке бесеуі бір аяқкиімді кезектесіп киіп жүр. Оның өзі ескі, тозығы жеткен. Соны көзіңізбен көрмейсіз бе?» – деді. Депутаттыққа үміткермен бірге барып, әлгі отбасын көрдік. Бес балаға тиесілі – бір етік. Сонда көзімізге жас алдық. Депутаты бар, басқамыз бар қолымыздан келгенше көмектесіп кеттік. Бірақ, ондай отбасылар жалғыз емес қой.
Тағы бірде «Алатау» телеарнасының Ұлдай Ибадулла жүргізетін «Ар» деп аталатын бағдарламасынан бір сұмдық сюжет көрдік. Алыстағы тозған лашық. Онда 8-9 жасар қыз бала қазанға бірдеңе қайнатып жатыр. Журналист: «Аналарың қайда?» – деп сұрады. «Қайтыс болған». «Әкелерің қайда?». «Ақша іздеп кетті». «Қазанға қайнатып, не істеп жатырсың?» «Қарнымыз ашты. Ұн жоқ, нан жоқ. Жем қайнатып жатырмын, осыны жейміз», – деді қыз. Көзіме ыршып жас келді. Жанардан пырт-пырт төгілді. Қаным қайнады. Аласұрдым. Содан ән туды. «Ауылдағы ананың әлдиі» деп атадық. Әбдірахман Асылбеков аға сөзін жазды.
«Балам, балам, балам-ай,
Барады не боп заман-ай.
Бесеуің үшін бір етік,
Қалғанын қайдан табам-ай!
Бекем де бекем бекембіз,
Берілмес халық екенбіз,
Қайсар да қайтпас қалыппен,
Мұнан да аман өтерміз,
Әлди, әлди-ай, әлди, әлди–ай» деген сай сүйекті сырқыратар жолдары бар. Бірақ, осы ән жарыққа шыға қойған жоқ. Жалпы, ана мұңы, ана қасіреті мені бейжай қалдырған емес. Алдында қазақ аналарының қайсарлығының символы ретінде «Толғанай» әнін жазғаным елдің есінде болар.
– «Қазақстан» Ұлттық арнасындағы «Дара жол» бағдарламасында берген сұхбатыңызда бала күндеріңіз жайлы, ауыл қарияларының сізге берген әсері жайлы айттыңыз. Ауылдан нені үйрендіңіз? Қазір ауылыңызға барып тұрасыз ба?
– Ауыл қариялары тұнған тәрбие мектебі еді. Тінәлі әулетінен тараған Аманбай, Бодаубай ақсақалдардың әр ісінен өнеге үйрендік. Қонақбай нағашы атамның да үйретері көп еді. Оның баласы Тұрарбек ұзақ жыл тракторшы болды. Ән айтатын. Әкем Берденнің бала күнімде мені тізесіне отырғызып алып, ескі әндерді шырқап отырғанын талай естідім. Әсіресе, есте қалған бір жағдай бар. Ауылымызда Несіпбай Досалыұлы деген ақсақал болды. Маған алыс нағашы болып келеді. Анам сол кісінің руының қызы. Несекең ауыл ардақтаған ақын еді. Кезінде айтысқа түсіп, біраз ақындарды жеңген деп еститінбіз. Өзі бір аяғы қара санынан кесілген, жарымжан кісі. Сондықтан, ауылдан ұзап шыға алмапты. Бірақ, Несіпбай ақсақал жалғыз аяғымен-ақ көк есегімен бір ауылдың поштасын тарататын, хат- хабарын жеткізетін. Сонда есекпен кеңшар орталығынан поштаны алып ыңылдап келе жатады. Әр үйге газетін беріп, қайтадан ыңылдап кете барады. Мен ақсақалды алыстан көріп, ыңылын естіп тұрамын. Аяңдап менің қасыма да келеді. Жетіп барып сәлем беремін. «Жиен, аманбысың? Газетіңді ал» дейді. Мен екі-үш газетті алып қала беремін. Ақсақал ыңылдап кете барады. Күндегі көрініс осы. Өнерпаз болуыма осындай көріністердің әсер еткені анық. Былтыр сол Несекең қарияның немере інісі осы жағдайға байланысты өлең жазыпты. «Қайран көкем қадіріңді білмедім, Ыңылыңмен шақтың екен кімге мұң. Сездіңіз бе ыңылыңнан нәр алып, Ауылымда композитор жүргенін» деген жолдары бар ұзақ өлең. Жалғандығы жоқ әсерлі шығарма. Сақтап қойдым. Несіпбай ақсақалдың ақындығы, өнері өшпей жалғасып жатыр екен деп қуандым.
Ауылға сирек барамын. Онда қазір ет жақыннан ешкім жоқ. Тінәлі әулетінен Аманбай, Бодау көкелерімнің балалары бар. Оған да шүкір. Дегенмен, бұрынғы ауылдас ата, апаларымның аңқылдаған аппақ пейілін, ыстық құшағын ерекше сағынамын. Дегенмен кейінгі жас ұрпақ бізді тани ма? Ол да бір өзекті өртейтін мәселе. Карантин шектеу қоймаса, алда ауылымның Мәдениет үйінде домбыраммен, таза табиғи жанды дауысыммен концерт берсем деген ойым бар.
– 2009 жылдары Қаратау қаласында өткізген бір концертіңізде Талас ауданының 80 жылдығына шақырылмағаныңызды айтып, өкпе білдіріп едіңіз. Аталған ауданның 90 жылдық тойына бардыңыз ба? Өкпеңіз жазылды ма?
– Ол кезде мен Талдықорған қаласында тұратынмын. Екі арасы мың шақырымдай ғой. Мың шақырымнан әнімді тарту етіп туған өңірдің тойына келетін едім. Сол кездегі аудан әкімі Оңласын Жиенқұловтың назарында болмаған екенбіз. Мүмкін көмекшілері дұрыстап түсіндіре алмаған шығар. Сонша қашықтан келіп, Қаратау қаласында концерт беріп тұрып, көңілдегі назымды айтқаным рас. Басшылардың жөнсіздігі болмаса, елге ешқашан өкпелемеймін ғой. Елге қайта қызмет етеміз. Айтпақшы, 60 жылдығымда Қаратауда өткен бір жиында сол кездегі аудан әкімі Болат Рысмендиев сахнаға көтеріліп, «Талас ауданының Құрметті азаматы» деген лентаны маған таққан. Бірақ, құжаты дұрыс емес екен. Сол құжат әлі дұрысталған жоқ. Ұзынқұлақтан естуім қазіргі Талас аудандық мәслихаттың хатшысы: «Бұрын алып қойған. Ол кісіге атақ бермейміз», – депті. Жолым түссе, маған таққан ленталарын апарып берейін деп жүрмін. Құжатымен сыйлап бермесе, құр лентаны қайтемін? Өскен өңірге деген осындай кішкентай назым бар.
– Сіздің жандүниеңіз – актер. Сонау жетпісінші жылдардың соңынан бастап, 12 жыл бойы Жамбыл облыстық драма театрында еңбек еткеніңізді білеміз. Арада ұзақ жыл өткенде 2015 жылдары біздің өңірдің театрына музыка бөлімінің меңгерушісі болып қайта оралып, көп ұзамай актерлікке ауысып кеттіңіз. Сахнада актер болып ойнаған кезіңізді сағындыңыз ба?
– Мен өзі көшпелі қазақпын. Бірақ, өз елімнің, Отанымның ішінде жүрдім. Жамбыл облыстық драма театрынан 1991 жылы кеттім. Алматыға, үлкен рухани ортаға өнер іздеп, өзімді дамытсам деп кеттім. Алматыда жүріп жаман болған жоқпын. Әндерім жарыққа шығып, телеарналардан жиі орындалды. Концерттер беріп тұрдым. Одан Талдықорған драма театрына шақырылып, ол жақта 12 жыл жүріп қалдым. Содан уақыт өте ойланып, туған топырағыма қайттым ғой. Одан бері де 5-6 жыл өтіп кетті. Сөйтіп, туған жерді сағынып келгенімде кейбіреулердің: «Бұл кезінде, қиын кезде Жамбыл жерін сатып кеткен» деген сөзін де ұзынқұлақтан естіп, көңілім құлазығанын несіне жасырайын. Мен басқа ортаға өнер іздеп кеттім. Оған өкінбеймін. Ұзақ жылдар өтіп, сәті келгенде туған жерге оралдым. Жамбыл театрына музыка жетекшісі болып келдім әуелі. Сосын актерлық құрамға ауысып кеткенім рас. Дұрыс айтасың. Сахнаны сағындым. Кезінде өзім тер төккен сахнада қайтадан актер ретінде өнер көрсеткім келді. Бұйырған рөлдерде ойнап жүрмін. Көрерменге әсері жаман емес секілді. Осы жерде айта кетейін. ТИГУ деген өнерге қатысы жоқ университеттен 0,5 бірлікпен театр үйірмесін ашып, әрі режиссер студенттерді тәрбиелей бастап едім. Бұл қасиет те менің қанымда бар екен. Жақында қысқарып қалдым. Жалғыз мен емес, ТИГУ-дан жүз адам қысқарды. Сол қысқартуға ілігіп кеттік. Бірақ, театрдағы жұмысым жалғасып жатыр.
– Көшпелі қазақпын дейсіз бе?
– Бәрі өнердің арқасы ғой. 2001 жылы Талдықорғанға ауыстым. Содан қараша айының соңғы күндерінде ме, желтоқсанның алғашқы күндерінде ме, әйтеуір, қадір түні болды. Мен көп уақыттан бері алғаш рет мешітке барып, Аллаға жалбарындым. Дәретпен, таза көңілмен келгенмін, бірақ намаздың еш сөзін білмеймін. Бірақ, ниетім, ықыласым дұрыс. Жұртпен бірге сәждеге жығылып жатырмын. Кейде қалып кетемін. Қасымдағы кісі менің жағдайымды байқады- ау деймін. «Не істеп жатырсыз?», – деді. «Бауырым, ел не істесе, соны жасап, Аллаға жалынып жатырмын. Осы уақытқа дейін алаңсыз, еркін, қамсыз жүріппін. Сол күндерім, жылдарым үшін кешірім сұрап жатырмын», – дедім. Аяғым иілсем икемге келмейді. Елу жылдай иілмеген аяқ қой. Содан аяғым қанша ауырса да шыдап, қадір түнін құрметтеп, түнімен намаз оқып шықтым. «Адамнан сұрағанның екі көзі шығады, Алладан сұрағанның екі бүйірі шығады» деген осы ғой. Ертеңіне Алматыдан Талғат Айтбайұлы деген азамат қоңырау шалады. «Құтты болсын, Тәуелсіздіктің 10 жылдығына орай біраз кісіге марапаттар беріліпті. Сол марапаттың ішінде сен де жүрсің. «Алматы Ақшамы» газетіне жарияланыпты. Бір газет алып қойдым. Үйге кел», – дейді. Алматыға құстай ұшып жеттім. Мен ҚР Президентінің Жарлығымен «Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері» атағын алыппын. Бұл атақ жеті кісіге ғана беріліпті. Олардың арасында Мұрат Әуезов, Кәкімбек Салықов бар. Мен солармен бірге алыппын. Бұл марапатты мен сол кездегі Алматы қаласының әкімінің қолынан алдым. Оның ертеңіне маған Талдықорған қаласынан үш бөлмелі пәтер берілді. Жаңа көршілерім мені танитын болып шықты. 12 жыл бойы сыйласып, тату көрші болдық. Міне, бір қадір түнін құрметтеймін деп, Алланың қалауымен шексіз нығметке бөленгенім бар.
– Биыл – А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрына 85 жыл. Оның бірнеше жылына өзіңіз куә болдыңыз. Сахна саңлағы болған алдыңғы толқын ағалар туралы не естелік айтар едіңіз?
– Бозбала күнімде театр есігін жүрексіне қағып, он екі жыл актер болғанымды жоғарыда айттым. Театр директоры Тұрар Дүйсебаев еді. Алдыңғы толқын абыздар, аңыздар, Халық әртісі Шәріпбай Сәкиев, талантты Тұрар Ізбасаров, еліміздің Еңбек сіңірген әртісі Мұхаметқали Табанов, Тұрсынтай Жәкенова, Тезекбаева, Үмбет Әлжанов, Мағзұм Бақытжанов, Шәмшәкүл Жәмекеева, Қарабай Сатқанбаев (менің ұстазым), Спандияр Мұқышев, Көпесбай, Мәкен Рахымжанова, Мәкен Райысханова, Мақсұт Салықов, Нұрсифат Салықова, Жасұзақ Әйтпенбетов, Төлентай Жүршиев аға-апалармен бірге қасиетті сахнада бірге өнер көрсеттік. Соларға қарап өстік, қалыптастық. Ол кезде әр жас актерге бір тәжірибелі актерды жетекші ететін. Менің жетекшім Қарабай Сатқанбаев болды. Ұстазым деп құрметтеп отырғаным сол. Аты аталған актерлардың бәрі – бір-бір тұлға болатын. Олардан үйренгеніміз өте көп.
– Ол кезде екі сағаттық қойылымның соңынан бір сағат концерт береді екенсіздер. Бұл көрерменнің өнерге деген ыстық ықыласынан ғой деймін...
– Ол жылдары сәуір-тамыз айларында Өзбекстан, Қырғызстанға гастрольге шығатынбыз. Төрт айға жоспарланған сапар. Бұхара облысының Тамды, Кенимех аудандарындағы әр кеңшарды аралап өнер көрсеттік. Күніне кейде екі кеңшарға қойылым қоямыз (екі сағаттан), артынан міндетті түрде бір сағат концерт бар. Халық соған үйренген. Қойылымнан соң кетпей отырып алады. Домбырамен, жанды дауыспен айтылған әнді Бұхара облысының қазақтары керемет тебіреніп тыңдаушы еді. Күніне 6 сағат өнер көрсету ештеңе емес. Әңгіме кешке басталады. Әртістер кеңшарлардағы әр үйге бөлінеді. Маған таласып қалатындар көп. Оның себебі бар. Өзімізге бөлінген үйге түсеміз. Ол кезде уақыт түн мезгіліне ауысып кетеді. Әлгі үйдің ақ дастарханынан дәм татып отырып, көңілдерін көтеріп, бір-екі ән орындап бересің. Сол-сол екен көрші ата, апалар сәлем беріп келе бастайды. Қолдарында бір-бір магнитофон. Бір ақсақал: «Қарағым, Әбиірбек, былтыр да келіп ән шырқап кетіп ең. Жыл бойы сендерді сағынамыз. Қашан келеді деп күтіп жүреміз? Бір ән шырқап жіберші айналайын», – дейді. Бір ән орындап бересің. Содан бір ақ жаулықты әже: «Айналайын, мың болғыр, мен үшін бір ән болса», – дейді. Қалай көңілін қалдырасың. Сағат түнгі 2 болса да бір ән орындап бересің. Содан бір апа: «Мынау, нәрсені сенің әніңді басып алу үшін көтеріп келдім. Ішінде жаңа кассета бар», – дейді. Содан магнитофондардың бәрін жинастырып, кассета толғанша тағы ән шырқаймын. Ұйқы жоқ. Көз жұмулы. Шарықтап басталған дауыс ең төменгі нотаға дейін жеткен. Сөйткеніңше таң атады. Труппа меңгерушісі келіп: «Ал жиналыңдар, келесі ауылға барамыз», – дейді. Түнімен көз ілмеген, мең-зең күйде әртістердің автобусына барып отырамын. Сол кезде әлгі ауыл адамдары магнитофоннан сенің әніңді тыңдап, қуанып кетіп бара жатады. Бір жерде «Ананың тілі», бір жерде «Фаризажан», енді бір жерде «Толғанай» айтылып жатыр. Ұйқым қанбаса да әнім қалды-ау деп қуанып сен кетіп бара жатасың. Келесі кеңшарға жеткенше қалғып кетемін. Әр жылда төрт айымыз осылай өтті.
Бірде қызық болды. Өзбекстанның бір ауылында жүрміз. Әр үйге бөлген. Үш әртіс бөлінген үйімізге келе жатыр едік. Үй иесі әйелдің ащы дауысы шықты: «Әртіс деген де бәле болды. Жылда келеді. Біздің әртіске деген тамағымыз бар ма? Бала-шағаға не береміз?» деп баж-баж етеді. Ондай үйге қалай барасың? Бірақ, кеңшар басшылары жетелеп кіргізді. Амал жоқ, сыртқы тапшанда отырмыз. Содан шай келді. Сол шайға маңдай жібіп, қолыма домбыра алып, бір ән салдым. Үй иесі де, әйелі де тыңдап қалды. Екінші ән орындалды. Сонда үй иесі: «Ойбай, айналайын, Әбиірбек бауырым, мынау керемет қой. Әніңе бір демалып қалдық. Жаңағы әйелімнің айқайына ренжімеңдер. Бір сиырымыз пойыз қағып кетіп, соған үйде ренжісіп отыр едік. Ыңғайсыз кезде айтылған сөз болды. Кешіріңдер», – деді. Әйелі де: «Ойбай, кешіріңіздер» деп кішірейіп, басқаша сыңай танытты. Лезде қой сойылып, қазан көтеріліп, жағдай өзгеріп сала берді. Әннің, өнердің құдіреті ғой. Келесі жылы барғанымызда да сол үй бізді аттай қалап, арнайы сұрап алды. Кейде менің бір жылдың 8 айын сыртта гастрольде өткізетін кезім болды. Екі сағат қойылымға ақы аламын, ал концертті тегін орындап жүрдік. Бірақ, жұрттың алғысынан жаман болған жоқпын.
– Әніңіздің кейіпкері Толғанаймен байланысыңыз бар ма?
Кейінгі кезде байланыс жоқ. Бірақ, шүкір Толғанай өсті, есейді, бойжетті. Қазір Қаратау қаласында тұрмыста деп естідім. Одан әрі өсіп-өне берсін. Мен «Толғанай» әні арқылы батыр ананың ерлігін көрсеттім. Жүректерге әсер еттім деп білемін.
– Қазір қайда тұрып жатырсыз?
– 2016 жылдары сол кездегі облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев №13 «Бәйтерек» шағын ауданынан екі бөлме пәтер берген. Қазір 4-5 перзентіммен сонда қысылып, тұрып жатырмыз. Маған осы жаста шығармашылық бір бөлме керек. Оған мүмкіндік қайда? Үйді тегін берді, рахмет. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевты бұрыннан білем, қарапайым азамат. Талай мәрте жолыққанбыз. Облыс әкіміне жағдайымды айтып, қаланың орталығынан үш бөлме пәтер сұрайын деп едім. Қазіргі тұрған үйімді алып, орнына орталықтан берсе деген тілегім бар. Халыққа өнер сыйлап жүрген өнер адамдарына қашанда қолдау болса, қанеки.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан Есет ДОСАЛЫ.