Жамбылский областной казахский драматический театр им. Аскара Токпанова
+7 (7262) 45-29-68
+7 (7262) 45-79-70
Телефон доверия:
+7 (7262) 45-53-25
г. Тараз, проспект Абая, 115

29 10 20 13

Бүгін, 29 қазан, бейсенбі күні Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының директоры, жазушы-драматург БОЛАТ  ҮМБЕТӘЛІҰЛЫ  БЕКЖАНОВ  62 жасында, мезгілсіз дүние салды.
Марқұмның жаназасы 30 қазан, жұма күні сағат 10.00-де Тараз қаласы, Қосы батыр көшесі 62 үй, мекен-жайында болады.
Анықтама үшін телефондар: 8 (726-2) 45-29-68.
Ұялы телефондар: 8-705-149-40-56;  8-701-397-89-918-776-800-44-55.

***

Марқұм Бекжанов Болат Үмбетәліұлы 1958 жылы 4 қарашада  Жамбыл облысы, Талас ауданы, Ойық  ауылында дүниеге келген.
Жамбыл мәдени-ағарту училищесінің театр-көркемөнер режиссері мамандығы бөлімін, сондай-ақ, С.М.Киров атындағы Қазақ  Мемлекеттік  университетінің журналистика  факультетін бітірген.
Болат Бекжанов 1978 жылдан бері 40 жылдан аса уақыт:  журналистік, қаламгерлік, мәдениет және өнер жолындағы шығармашылық қызметте еліміз бен жеріміздің, Отанымыздың,  туған өңіріміздің, оның ішінде қасиетті Тараз жерінің де өсіп-өркендеп, дамуына зор еңбек сіңірді. 
Б.Бекжанов -  «Болмайды ғой», «Редактордың қойын дәптері», «Өмір-драма», «Сахнадан сыр айтамын», «Құс жолынан жыр төктім», «Көз көргендер» атты алты томдық кітабы (2018 ж.) «Шымылдықтың арғы жағы» (1998 ж.), «Бізбіз» (2009 ж.) атты сатиралар жинағының, «Құс қанатындағы сағыныш» (2008 ж.) атты поэтикалық жинақтың авторы.
2018 жылы Б.Бекжановтың 60 жас мерейтойына арналған  «Құс жолынан жыр төктім» атты поэтикалық кеш өткен еді. Осы мерейтой кезінде Болат Бекжановтың баспадан жаңа шыққан  алты томдық кітаптарының тұсаукесері болды.
Б.Бекжановтың қаламынан туындаған «Айша бибі» махаббат дастаны драмасы, «Үйлену увертюрасы» мюзиклі, «Өмір» атты мелодрамасы, «Жеті лақ», «Түлкі-бүлік» атты балаларға арналған ертегі қойылымдары Жамбыл облыстық қазақ драма театрында, сондай-ақ, еліміздің өзге де театрларында сахналанған. Ол орыс драматургі В.Красногоровтың «Әйел тауқыметі», татар драматургі Т.Минулиннің «Альдермаштағы Альдерман» атты драмаларын  қазақшаға аударып, сахналатты.
Ол өмірінің соңғы айларында «Абай-Ақмай» атты жаңа драмасын және Түлкібас жерінің аталу тарихын ел аузындағы аңыздар бойынша зерттеп, сол негізде  «Түлкі батыр» атты поэмасын жазып бітірді.
Болат Бекжанов – сазгер ретінде де танымал болды. Оның бірнеше әндері бүгінде қазақ эстрада жұлдыздарының репертуарларында орындалып жүр.
Болат Бекжанов еңбек жолын  1978 жылдың 1 қаңтарынан   Жамбыл облыстық  қазақ  драма  театрында  актер болып  бастады.  Осы өнер ордасында 1982 жылдың қазан айына дейін қызмет  жасап,  киелі  сахна төрінде  сан алуан  образдарды сомдау  арқылы  тамаша актерлік шеберлік мектебінен өтті.  1979 жылы драматург  Әлдихан Қалдыбаевтың жасөспірімдерге арналған «Шаншар  атай» драмасында   басты роль  - Саматай образын  үлкен шеберлікпен сомдап, сол кездегі  КСРО бойынша  Бүкілодақтық   театр фестивалінің  лауреаты атанды.
1982 жылдан облыстық кәсіподақтар комитетіне қарасты Мәдениет үйінің директоры және  аталған  Мәдениет үйіндегі драма тобының жетекшісі қызметін атқарды.  Осы қызметті атқара жүріп,  жұртшылықты халық шығармашылығы жұмыстарына үлкен белсенділікпен тарта отырып,  Мәдениет үйінің жұмысын үлкен биіктерге көтерді. Осындай белсенді жұмыстары нәтижесінде, 1985 жылы Мәдениет үйіндегі  драмалық  топ  «Халық театры» атағын  алды. Сол жылдары аталған халық театры бірнеше рет облыстық және республикалық халық  театрлары байқауларына қатысып,  жеңімпаз атанды. Ал, Б.Бекжановтың өзі  аталған театр үйірмесінің  «Халық театры» атағын алуына қол жеткізгені   үшін «Халық театрының үздік режиссеры» дәрежесіне ие болды.
Б.Бекжанов  1990 жылы Жамбыл облыстық телерадиокомитетіне режиссерлық қызметке шақырылып,  осы ұжымда 1993 жылға дейін   редактор,  аға  редактор қызметтерін атқарды. 1993 жылы  Жамбыл облыстық   «Ақ жол» газетіне әдеби қызметкер болып ауысты. 2001-2005 жылдары – Тараз қаласы әкімінің кеңесшісі-баспасөз хатшысы,  облыстық   «Ақ жол» газетінің тілшісі  қызметтерін атқарды. 2005 жылы  жаңадан ашылған  Жамбыл облыстық «Ар-Ай» жастар газетіне  бас редактор болып тағайындалып, осы газет жұмысының қалыптасып,  жолға қойылуына көп еңбек сіңірді. 2010 – 2014 жылдары Тараз  қалалық «Жамбыл – Тараз»  газетінде бас редактор  қызметін  атқарып,  газет материалдарының сапалық деңгейін көтерумен қатар, көптеген ел қызығып оқитын жаңа айдарлар мен арнайы беттер ашуды қамтамасыз етті.  
Б.Бекжанов  2014 жылдан өмірінің соңына дейін Жамбыл облыстық қазақ драма театрының директоры қызметін атқарды.
Ол театр  директоры және  театрдың Көркемдік кеңесінің төрағасы ретінде театрдың зор шығармашылық жетістіктерге қол жеткізуіне көп еңбек сіңірді.  Театр репертуарына өз еліміздің, сондай-ақ, шет ел классиктерінің де жұртшылыққа кеңінен танымал туындыларын енгізуді жолға қойды.  Сонымен қатар, сахнаға бүгінгі күн тақырыбындағы, тарихи тақырыптардағы шығармаларды, әр түрлі  оқиғалы комедияларды, балаларға арналған ертегілер мен  шағын сюжетті спектакльдерді  қоюды ұтымды ұйымдастыра білді.  Сол қойылымдардың көпшілігімен Астана, Алматы қалаларына және өзге де өңірлерге  тұрақты түрде гастрольдік сапарлар ұйымдастырып тұрды. Болавт Бекжановтың басқаруындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театры тек соңғы екі-үш жыл көлемінде бірнеше рет  Республикалық және Халықаралық театр фестивальдарының лауреаты атанды. Театр 2017 жылы Румыния елінде өткен Халықаралық театр фестиваліне «Қыз Жібек» саунд-драмасымен қатысып, «Ашық аспан астындағы үздік қойылым» және «Үздік театр» номинацияларын жеңіп алды. Театр, сондай-ақ, 2019 жылы  Татарстанның Қазан қаласында өткен Халықаралық театр фестивалінде де арнайы жүлдеге ие болды.
Болат Бекжанов Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі  ретінде,  осы одақтың игі бастамалы жұмыстарына да белсенді түрде ат салысып,  белгілі драматургтермен тұрақты байланыс  ұстау нәтижесінде,  театр репертуарын жаңа туындылармен байытып отыруға үлкен мән берді. Ол,  театртанушы ретінде де, салиқалы ойлар қозғайтын туындылар жазып, қаламгерлік қабілет-қарымын тағы бір қырын танытқан еді.
Оқырмандары  Б.Бекжановты –  талантты ақын-жазушы, драматург, сазгер, жан-жақты дарынды тұлға ретінде мақтан тұтты. Ол – өзі туып-өскен Жамбыл облысы Талас ауданының және Тараз қаласының  Құрметті азаматы.
Ол әдебиет, мәдениет және өнер жолындағы осынау зор еңбектері үшін әр жылдары Қазақстан Республикасының «Мәдениет қайраткері» белгісімен,  Қазақстан Театр қайраткерлері одағы тағайындаған республикалық «Еңілікгүл» кәсіби  сыйлығының «Жыл драматургі»  номинациясы жүлдесімен, Республикалық көркем әдебиет туындылары байқауының  «Үздік балалар драматургі» жүлдесімен, «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдығы»,  «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығы» медальдерімен марапатталған болатын. 
Болат Бекжанов жұбайы Жалғат Айтуева екеуі отбасында 4 ұл-қыз тәрбиелеп, өсірді, бүгінде ұл-қыздарының  бәрі де жоғары білімді қызметкерлер.
Марқұм Болат Үмбетәліұлы Бекжановтың  алды – пейіш, арты – кеніш, жатқан жері жайлы болсын! Біз, Болат Бекжановтың халқымыздың мәдениетіне, әдебиетіне, ғибраты мол театр өнеріне сіңірген еңбегі мен  артында қалған мол мұрасы  кейінгі  ұрпақ санасынан өшпей,  жаттала беретініне кәміл сенеміз.
 

Асқар Тоқпанов атындағы
Жамбыл облыстық қазақ драма театрының Көркемдік басқару және  шығармашылық құрамы мен ұжымы