Жамбылский областной казахский драматический театр им. Аскара Токпанова
+7 (7262) 45-29-68
+7 (7262) 45-79-70
Телефон доверия:
+7 (7262) 45-53-25
г. Тараз, проспект Абая, 115

06 11 20 02

Театр – рухани орда, Ұлы өнердің темірқазығы. Қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар әуезов бұл жайында: «Театр — сымбатты өнердің ішіндегі ең зор өнердің бірі.» деп баға береді. Хас сұлудың жанарындай өнер саласының бір пұшпағы театрдың халықтың жан сусарына айналған рухани ордасы екендігіне дау жоқ.
Күні кеше ғана А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма тетрының 85 ші жаңа маусымының ашылуына орай ағылшынның ұлы драматургі Уильям Шекспирдің «Гамлет» трагедиясының қойылымы (премьерасы) болып өткені белгілі. Ал өткен аптаның бел ортасында аталмыш театрдың алтын қоры тағы бір тамаша спектальмен толықты. Бұл жолы жазушы-драматург Баққожа Мұқайдың «Сергелдең болған серілер» атты комедияның премьерасы сахналанды.


Комедияны сахнаға дайындаған қоюшы-режиссері – белгілі режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ш.Айтматов атындағы Халықаралық сыйлықтың иегері Қуандық Қасымов. Ал сценографиясын жасаған қоюшы-суретшісі – Қазақстан Республикасының Мәдениет саласының үздігі Рахат Сапаралиева.
Жалпы алғанда Жамбыл облыстық қазақ драма театры репертуарын халқымыздың бай рухани құндылықтарын танып-білуге тәрбиелеуді көздейтін жаңа қойылымдармен толықтыруда жүйелі жұмыстар атқарып келеді. Осындай қойылымдарымен шет елдерге гастрольдік сапарларға шығу, Халықаралық театр фестивальдарына қатысу арқылы халқымыздың бай тарихы мен әдеби мұраларын әлем халқына танытып, насихаттауда өзіндік үлесі бар.
Жаңа қойылым премьерасы коронавирус індетінің әлі де толастамай отыруына байланысты, облыстың Бас санитарлық дәрігерінің соңғы қаулысының талаптарына сәйкес БАҚ өкілдері мен сан жағынан шектеулі, 50-ге жуық көрермендердің арнайы медициналық маска тағып келу және театр залында бекітілген арақашықтыты сақтап отыру тәртібімен өтті.
Жалпы комедия өткен ғасырдың 80-ші жылдары жазылса да, негізгі тақырыбы мен оқиғасы бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Тарқатып айтатын болсақ, көптеген бойжеткен қыздарымыз түрлі себептермен тұрмысқа шықпай, отырып қалған «кәрі қыз» атанып жүрсе, көп жігіттердің 30-дан, 40-тан асқанша «сүрбойдақ» болып жүруі бүгінгі заманда да көбеймесе, азайған емес.
Комедия «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Дәстүр мен ғұрып» арнайы жобасының мақсат-міндеттеріне сәйкес, осы өзекті мәселенің себеп-салдары мен өзектілігін бүгінгі режиссерлік көзқараспен тереңдете қаузап, жастарға жөн сілтеп, ой салу мақсатында дайындалды.
Комедияда басты рольдердің бірі – өз қиялындағы жігітті кездестіре алмай, жігіт таңдаумен жүріп көп уақыт өткізіп, отырып қалса да, әлі де күйеуге тиуден дәмелі Сайра атты қыздың рөлін белгілі актриса Индира Мұстафаева ойнады.
Сайра қызға сөз айтып, жамырай таласып жүрген сүр бойдақтардың бейнелерін театр артистері Нұрсұлтан Маханов, Жандар Қырықбаев және Әбу Шоңбаев жасады. Сайра қыздың қиялындағы Икс атты жігіттің рөлін белгілі талантты актер Руслан Оразалиев ойнайды. Ал, Сайра қыздың құрбысы Айжанның рөлін актриса Ризат Қылышбаева сомдады.
– Спектакль көпшіліктің көңілінен шықты деп ойлаймын. Аталмыш қойлым қазіргі заманға лайқыталып жасалған. Өткен ғасырда жазылған дүние болғанымен бүгінгі таңда да өзектілігін жоғалтпаған тақырып. Кейіпкерлер сол бұрынғысынша. Десе де, әр актердің өз ізденісі мен өз бояуы бар. Дайындық кезінің өзінде бір-біріміздің образымызға күліп, көңілімізден шығып жүрді. Көрерменнің ықласынан сезесің ғой, спектакль соңында әр актер сахнаға шыққан сәтте ыстық қошеметін аямады.
Өзім сомдаған кейіпкеріме келетін болсам, әлгі үш сүр бойдақ жігіт бөлек, ал мен мүлде басқа адам болып ойнаймын.. Мен тек қана қиялдағы адам болдым, яғни, қыздың арманындағы еркек. Мінсіз жігіт дейміз ғой. Өз басым алдыңғы комедияларда мұндай үлкен махаббатқа толы рөлді ойнап көрген емеспін, тұңғыш рет десем де болады. Өзімнің жаңа қырымды көрдім, – дейді театр актері аталмыш спектакльдегі сұлудың арманына айналға Икс атты кейіпкерді ойнаған Руслан Оразалиев.
Сондай-ақ, сахнада театрдың өзге де артистері өздерінің рольдерін лайықты сомдап шықты. Алдағы уақытта аталмыш спектакль тағы да көпшілік назарына ұсынылатын болады.