Жамбылский областной казахский драматический театр им. Аскара Токпанова
+7 (7262) 45-29-68
+7 (7262) 45-79-70
Телефон доверия:
+7 (7262) 45-53-25
г. Тараз, проспект Абая, 115

06 01 21 1

Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының Көркемдік басқару құрамы мен шығармашылық ұжымы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласын талдап, зерделеу бойынша дөңгелек үстел отырысын өткізді.
Ең бірінші болып, аталған мақаланың негізгі мазмұны мен идеясы, мақсат-міндеттері жөнінде театрдың көркемдік жетекшісі, ҚР Мәдениет саласының үздігі Мәлік Ақүрпеков әңгімелеп берді.


– Президентіміздің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында бүгінгі күннің көкейтесті мәселелері мейлінше кеңінен қамтылып айтылған, - деп атап өтті М.Ақүрпеков.
Президентіміз еліміздің «Қазақстан-2030» және «Қазақстан-2050» Стратегияларының бағдары мен белестеріне қатысты, өткен 30 жылдың әрбір онжылдығында атқарылған маңызды істерге, сондай-ақ, алдағы онжылдықтарға межеленген миссияларға тоқталып өтті.
Соның ішінде, біздің мәдениет және өнер сласы бойынша «Мәдени мұра» бағдарламасының жүзеге асырылғандығы, тарихымыздың жинақталып, түгенделгені, тіліміз, діліміз, дініміз секілді ұлттық құндылықтарымыздың қайта оралғандығы, ұлттық болмысымыз бен төл мәдениетіміз, салт-дәстүрлеріміздің бүтінделіп, нығайып келе жатқандығы, Дүние жүзіне тарыдай шашылған қазақ бауырларымыз үшін Ұлы көшке жол ашылғандығы және басқа да мәселелер айтылған.
Мақалада «Мәдени мұра» бағдарламасының ұлт шежіресін түгендеуге жол ашқандығы аталып өтілген.
Біз, өзіміздің шығармашылық ұжым - Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театры тарапынан да осы айтылған «Мәдени мұра», сондай-ақ «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалары аясында ұлт шежіресін түгендеуге қосқан үлестерімізді мақтан ете аламыз.
Мәселен, Президент атап өткен «Кейкі батыр», «Тар заман» фильмдерінде біздің театрдың артистері Кенен Ақүрпеков, Мәмбет Қожалиев, Жандар Қырықбаевтар басты рольдерді сомдады.
Халқымыздың өткенінен сыр шертетін «Құнанбай», «Абай жолы» сияқты фильмдерде Құнанбайдың анасы – Зере ролін театрымыздың шежіре актрисасы, ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Нұрсифат Салықова, Сарыбай бидің ролін – театрдың ұстаз-актеры, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Асқарбек Сейілхан, Абайдың ұлы Әбіштің ролін театрымыздың талантты актері ҚР Мәдениет саласының үздігі Кенен Ақүрпеков сомдады.
Театрымыздың репертуарында да «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламаларының мақсат-міндеттеріне сай ұлт шежіресін түгендеуге арналған қойылымдар аз емес. Олардың ішінде: Б.Жандарбековтің «Томирис», М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек». Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш - Баян сұлу», «Ақан сері - Ақтоқты», Ш.Мұртазаның «Тұрар. Сталинге хат», А.Бекбосынұлының «Домалақ ене», Н.Оразалиннің «Қилы заман», Б.Бекжановтың «Айша бибі», Қ.Қасымовтың «Қыз Жібек», М.Байғұттың «Асқаровтың ақ қайыңдары» және т.б. драмалар бар.
Мақаланың «Қоғам мен құндылық» тарауында еліміздің ең басты құндылықтары мен береке-байлығымыз – ел мен жер, тіл, ел бірлігі, ұлтаралық татулық пен келісім, патриоттық жасампаздық, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу, қуатты экономика мен өндіріс және осылардың бәрінен құралатын қастерлі Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай қорғап, сақтау мәселесі айтылған.
Біз, театр ұжымы бұл тарапта да ел мен жер тұтастығы жолындағы ғажайып ерліктерді, Қазақ мемлекеттілігінің – Ұлы Тұран, Алтын Орда, Қазақ хандығы сияқты баспалдақтарын, Отанға, елге, жерге деген шексіз сүйіспеншіліктерді көрсетіп, насихаттайтын туындыларды көптеп сахналап, өз көрермендерімізге көрсетуіміз қажет, - деп аяқтады қысқаша түсіндірме баяндауын М.Ақүрпеков.
Содан соң, театрдың бірқатар ардагер артистері де Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласына орай өз ойларын ортаға салды.