Жамбылский областной казахский драматический театр им. Аскара Токпанова
+7 (7262) 45-29-68
+7 (7262) 45-79-70
Телефон доверия:
+7 (7262) 45-53-25
г. Тараз, проспект Абая, 115

Жамбыл облыстық қазақ драма театрының 83-ші жаңа маусымы 2018 жылдың 3 қазаны күні жазушы-драматург Мархабат Байғұттың «Асқаровтың аққайыңдары» атты драмасының премьерасымен ашылды.

Автордың өзі айтқандай, бұл драма «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы мақсат-міндеттерге сай, қазақ тарихындағы белгілі тұлғалардың өшпес істері мен өнегелі өмір жолдарын терең танытып, насихаттауға арналған.

Премьераны тамашалауға Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов және облыстық Қоғамдық кеңес төрағасы Жандар Кәрібаев бастаған облыс, қала әкімдіктерінің басшы қызметкерлері, облыстық басқармалардың басшылары, облыстық Ардагерлер кеңесінің алқа мүшелері мен еңбек ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, БАҚ журналистері келді.

Түркістан облысынан келген қонақтар қатарында драма авторы, жазушы-драматург Мархабат Байғұт бастаған бірқатар қоғам қайраткерлері, өнер майталмандары және еңбек ардагерлері болды. Сондай-ақ, Алматы облысы мен Меркі ауданынан Асанбай Асқаровпен қызметтес болған тұстастары, жолдастары, туыс бауырлары болды.

Қойылымда Асанбай Асқаров образын театр артисі, ҚР Мәдениет қайраткері Жүніс Әлімбеков барынша шынайы шығарса, Асқаровтың жұбайы Фатима ролін артист Индира Мұстафаева да бар шеберлігін салып, ерекше сомдап шықты. Ана бейнесін Қазақстанның халық артисі Мәкен Рахымжанова сомдады.

Сондай-ақ, зұлым тоталитарлық режим өкілдері: КПСС Орталық Комитетінің Саяси бюросының мүшесі Соломенцевті сомдаған артист, Республикалық театр фестивалінің лауреаты Мәлік Ақүрпеков, КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің полковнигі Золин ролін сомдаған артист Мәмбет Қожалиев, тергеуші Калиниченко роліндегі артист Жандар Қырықбаев, түрме бастығы, ішкі істер қызметі полковнигі ролінде ойнаған ҚР еңбек сіңірген артисі Асқарбек Сейілхан және тағы басқалар өз кейіпкерлерінің бейнесін барынша шынайы ашып, жеткізе білді.

Премьераны көруге келген көрермендерде шек болмады, зал лық толды. Артистер өнеріне, әсіресе Асанбай Асқаровты сомдаған театр артисі, ҚР Мәдениет қайраткері Жүніс Әлімбековтің өз кейіпкерінің қиын-қыстау, қысталаң сәттегі бүкіл болмысын, ішкі жан-дүниесін, тебіренісін, толғанысын айрықша шеберлікпен көрсете білуіне риза болған көрермендер дүркін-дүркін қол соғумен болды.

Қойылым соңында театр ұжымына облыс әкімінің ықылас гүлі табыс етілді.

Өз кезегінде драма авторы Мархабат Байғұт та сөз алып, осы қойылымды дүниеге әкелген барлық шығармашылық ұжымға шексіз ризашылығын білдіріп, Түркістан облысы мен шымкенттіктер атынан қоюшы-режиссер Қуандық Қасымовқа, қоюшы-суретші Рахат Сапаралиеваға, сондай-ақ, Асанбай Асқаровты сомдаған артист Жүніс Әлімбековке, Фатиманы бейнелеген актриса Индира Мұстафаеваға сый-сияпаттар жасады.