Жамбылский областной казахский драматический театр им. Аскара Токпанова
+7 (7262) 45-29-68
+7 (7262) 45-79-70
Телефон доверия:
+7 (7262) 45-53-25
г. Тараз, проспект Абая, 115

Askar

Биыл барша еліміз үшін қастерлі саналатын Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы мен жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы мерекеленетін айтулы кезеңде – Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының құрылғанына да 85 жыл толып отыр.

Осы орайда, «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалары аясындағы мақсат-міндеттерге сай Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығын, Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының 85 жылдығын бір арнаға тоғыстыра отырып, облыстық «Jambyl» телеарнасынан жыл бойы эфирге шығарылып тұратын 10-15 минуттық «Театрым – тағдырым» атты телебағдарлама өзінің алғашқы хабарын театр директоры, ҚР Мәдениет саласының үздігі Малик Акурпиковпен арнайы сұхбат алудан бастады. Аталмыш бағдарламаны «Jambyl» телеарнасының тележурналисі, белгілі қаламгер-ақын Жұлдыз Бейсек тұрақты жүргізетін болады.

«Театрым – тағдырым» атты телебағдарламаның алдағы кезекті хабарларына театрдың белгілі өнер қайраткерлері: Қазақстанның халық артисі Мәкен Рахымжанова, ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Нұрсифат Салықова, Қазақстанның еңбек сіңірген артистері – Майра Әлімбетова, Асқарбек Сейілхан, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әбиірбек Тінәлі, Ш.Айтматов атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, белгілі режиссер Қуандық Қасымов, ҚР Мәдениет қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Жүніс Әлімбеков, ҚР Мәдениет саласының үздігі, театрдың көркемдік жетекшісі Анар Сағымбекова, ҚР Мәдениет саласының үздігі, театрдың бас суретшісі Рахат Сапаралиева, белгілі сахна майталмандары: ҚР Мәдениет қайраткерлері мен Мәдениет саласы үздіктері: Несіпкүл Омарбекова, Макен Райсханова, Ерсін Қалыбаева, Галина Қойшыбаева, Айжан Атымтаева, Ахмет Әнапия және басқа да актерлер мен актрисалар қатысады.

Көрермен қауым аталмыш телебағдарламадан театрдың 85 жылдық тарихи белестері, әр кездері қол жеткізген жетістіктері мен табыстары, театрдың негізін қалаушы айтулы тұлғалары, белгілі өнер қайраткерлері мен сахна майталмандары, режиссерлері, суретшілері, репертуары және тағы басқа да көптеген деректермен танысатын болады.

Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театры - қасиетті Әулиеата – көне Тараз жерінде 1936 жылы «Әулиеата театры» болып құрылған осы өңірдегі мәдениет пен өнердің қасиетті қарашаңырағы.

Өнер ордасы өз шымылдығын тұңғыш рет 1936 жылы 16 наурызда Бейімбет Майлиннің «Келін мен шешей» атты комедиясымен ашқан.

1939 жылы 14 қазанда Жамбыл облысының құрылуымен бірге театр Жамбыл облыстық қазақ драма театры болып аталды.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 20 ақпандағы № 70 қаулысымен театрға қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби режиссер, қазақ театр өнері педагогикасының негізін қалаушы, актер, көрнекті ұстаз, профессор, Қазақстанның халық артисі Асқар Тоқпановтың есімі берілді.

Артында 85 жылдық бай тарихы бар театр бүгінгі күні көрермен қауымға үздіксіз мәдени қызмет көрсету арқылы «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалары аясындағы міндеттерге сай қазақстандық патриотизмді белсенді дәріптеуге, халқымыздың ұлттық рухын көтеруге, бай мұраларымыз бен құндылықтарымызды жете танытып, насихаттауға, жас ұрпаққа сарқылмас тәрбие нәрін беруге өзіндік зор үлесін қосып келеді.