Жамбылский областной казахский драматический театр им. Аскара Токпанова
+7 (7262) 45-29-68
+7 (7262) 45-79-70
Телефон доверия:
+7 (7262) 45-53-25
г. Тараз, проспект Абая, 115

Жамбыл облыстық қазақ драма театрында 29 қазан күні жазушы-драматург Елен Әлімжанның «Әйелдер бір іс бастады» атты комедиясының тұсаукесер қойылымы болды.

Жазушы-драматург Елен Әлімжанның комедия жанрындағы драмалық шығармалары оқырманға да, театр көрермендеріне де бұрыннан таныс.

Жамбыл облыстық қазақ драма театрында Ел-ағаның «Бір қазаққа бір қатын!», «Тақталас», «Жанұран» комедиялары, сондай-ақ, «Жанталас», «Төлеби» атты драмалары қойылып, ұзақ уақыт сахнадан түспей жүргенін өнерсүйер қауым жақсы біледі.

«Әйелдер бір іс бастады» комедиясы – жазушының соңғы жылдары жазған драмалық шығармаларының бірі.

Жазушының сахнаға жаңа дайындалған бұл комедиясының оқиғасында ерлі-зайыптылар арасында жиі кездесетін бір-біріне сенбеу, бірін-бірі қызғану сияқты сезімдердің шарықтау шегіне жетіп, күлкілі аяқталуы баяндалады.

Осындай күлкілі оқиғаны өрбітуге мұрындық болған Еңлікгүл (арт. Гауһар Сұлтанбекова), Гүлбибі (арт. Индира Мұстафаева), Аяжан (арт. Назым Ақылова) есімді үш келіншек ерлерінің адалдығына көз жеткізбек болып, кейде адам баласының ойына келмейтін қулыққа барып, күйеулерін сынап, тексергендері ойнақы әзілге құрылған іс-әрекеттермен баяндалады.

Үш келіншектің бейнесін жасаған артистер Гауһар Сұлтанбекова, Индира Мұстафаева, Назым Ақылова және олардың күйеулерінің рольдерін сомдаған артистер: Мейірбек Есімбекұлы, Жасұлан Қамбатыров және Абзал Дәулетбақовтар өз кейіпкерлерінің іс-қимылдары мен ішкі психологиялық көңіл-күйлерін барынша сенімді көрсете білді.