Жамбылский областной казахский драматический театр им. Аскара Токпанова
+7 (7262) 45-29-68
+7 (7262) 45-79-70
Телефон доверия:
+7 (7262) 45-53-25
г. Тараз, проспект Абая, 115

2018 жылдың 9 қарашасы күні Жамбыл облыстық қазақ драма театрында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, жазушы-драматург, театр директоры, Болат Бекжановтың 60 жас мерейтойына арналған «Құс жолынан жыр төктім» атты поэтикалық кеш өтті.

Мерейтой кеші алдында театр фойесінде автордың баспадан жаңа шыққан «Болмайды ғой», «Редактордың қойын дәптері», «Өмір-драма», «Сахнадан сыр айтамын», «Құс жолынан жыр төктім», «Көз көргендер» атты алты томдық кітабының тұсаукесері болды.

Автор кітаптарының тұсаукесер шарасына Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, Халықаралық әдеби «Алаш» сыйлығының лауреаты, ақын Бауыржан Жақып, филология ғылымдарының докторы, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, профессор, Қазақ Ұлттық Университеті жанындағы «Абайтану» ғылыми орталығының директоры Жанғара Дәдебаев, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Шешенстан республикасының «Намыс» орденінің иегері, ақын Рафаэль Ниязбеков, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Айша Көпжасарова, автордың алты томдық кітабының демеушісі, Алматы «Нұрлы Әлем» баспасының директоры, композитор Жарылқасын Дәулет қатысты.

Алты томдықтың тұсаукесерінде Б.Бекжановтың әріптес ағалары мен замандастары, шәкірттері сөз сөйлеп, мерейтой иесін алпыстың биігіне шыққан мерейлі жасымен, өтіп жатқан шығармашылық кешімен және жаңа алты томдық кітаптарының тұсаукесерімен құттықтады.

Одан соң, театр сахнасында болған «Құс жолынан жыр төктім» атты поэтикалық қойылымда Болат Бекжановтың өлеңдеріне жазылған белгілі сазгерлердің әндеріне, автордың өз әндеріне кезек берілді. Сондай-ақ, театр артистері Б.Бекжановтың шығармашылық өнер жолын бейнелейтін сахналық қойылым көрсетті.

Соңынан мерейтой иесін әр тараптан құттықтау шаралары өтті.