Жамбылский областной казахский драматический театр им. Аскара Токпанова
+7 (7262) 45-29-68
+7 (7262) 45-79-70
Телефон доверия:
+7 (7262) 45-53-25
г. Тараз, проспект Абая, 115

Ұлттық кәсіби режиссураның негізін қалаушы,  театр өнерінің ірі тұлғасы, қазақтан шыққан тұңғыш кәсіпқой режиссер, талантты актер,  ұлы ұстаз, профессор,  «Еңбек  Қызыл Ту», «Халықтар достығы», «Құрмет белгісі» ордендері мен көптеген медальдардың иегері, Қазақстанның халық артисі Асқар Тоқпанов 1915 жылы 13 қазанда Алматы облысы Іле ауданы Шилікемер ауылында дүниеге келіп, 1994 жылы 22 қарашада Алматы қаласында 79 жасында дүние салған.

13.10.21 1


Асқар Тоқпановтың талантты кәсіби режиссер, театр саласын зерттеуші-қаламгер, драматург, аудармашы, өнер саласына жүздеген шәкірттер дайындаған тәлімгер ұстаз ретіндегі еліміздің театр өнерінің қалыптасып, дамуына сіңірген өлшеусіз еңбегі – ұлы ұстаз есімін мәңгілік есте қалдыру шараларына  негіз болып, жалғасын тауып келеді.  
2015 жылы қараша айында Алматы қаласында Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Әзірбайжан және Мажарстан ғалымдары мен өнертанушыларының және мәдениет қайраткерлерінің қатысуымен ұлы режиссердің 100 жылдығы ауқымды іс-шаралармен аталып өтілді және осы білімордасы алдына Тоқпановтың ескерткіші орнатылды. 
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 20 ақпандағы № 70 қаулысымен Жамбыл облыстық қазақ драма театрына, осы өнер ордасында 1968-1972 жылдары бас режиссер қызметін атқарып, ұжымның шығармашылық жұмыстарын үлкен белестерге көтерген   қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби режиссер, көрнекті ұстаз, профессор, Қазақстанның халық артисі Асқар Тоқпановтың есімі беріліп, театр алдында ұлы режиссердің ескерткіші бой көтерді.Асқар Тоқпанов жас кезінде  әке-шешеден ерте айырылып, туған-туысқандарының есігін сағалап жүріп, ауқатты байлардың малын бағып, өмір мен тұрмыс тауқыметін ерте тартқан.

13.10.21 2

13.10.21 3


 Сөйтіп жүргенде Совет үкіметі орнап, бай-манаптардың малдары тәркіленіп, Асқар жалшылықтан босайды.
Бала Асқар 1920-шы жылдары белсенді большевик Қасым Көшелеков деген азаматтың көмегімен Алматыдағы тұңғыш қазақ мектебі – Үлгілі-тәжірибелік тоғыз жылдық мектептің интернатына орналастырылады.
1931 жылы озат оқушы Асқар ҚазПИ-дің жаңа ашылған дайындық курсына оқуға ілігеді. 1932 жылы ҚазПИ-дің қазақ тілі мен әдебиеті факультетінің 1-ші курсына студент болып қабылданады.
Институтта оқып жүріп, факультет жанында ұйымдастырылған драма үйірмесінің белсенді мүшесіне айналады. Драма үйірмесіндегі жас Асқардың бойынан театр өнеріне деген ерекше құлшыныс ұшқынын тап басып таныған Темірбек Жүргенов пен Жұмат Шанин ағалары оған Москваға театр өнері институтына барып оқуға кеңес береді. 
Сөйтіп, Асқар Тоқпанов 1933 жылы КазПИ-дің филология факультетінің 1-ші курсын бітірер-бітірместен, сол ағаларының ақыл-кеңес беріп, қолдауымен Алматыдағы оқуын тастап,  Москвадағы Луначарский атындағы театр өнері институтының режиссерлік факультетіне  оқуға түседі.  Осы өнер институтын «қызыл дипломмен» бітірген талантты жас режиссер Асекең, ең алғаш практикаға  Алматыға  келгенінде, Мұхтар Әуезов пен Леонид Собелев бірігіп жазған «Абай» трагедиясын Алматы академиялық театрында еш теңдессіз, керемет көркем шешім тауып, сахналайды. 
А.Тоқпанов 1939 жылы Москвадан өнер институтын бітіріп, Алматыға келген күннен бастап, сол кездегі театр училищесіне оқытушылық-ұстаздық қызметке шақырылып, өмірінің соңына дейін осы жұмыстан қол үзбей, киноактерлар  училищесінде, сондай-ақ, консерваторияның театр актерлары факультетінде, кейіннен өзі негізін қалауға белсенді ат салысқан Т.Жүргенов атындағы Өнер Академиясында   оқытушы, аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі, профессор қызметтерін атқарады. Ұстаздық қызметімен қоса, Алматыдағы академиялық театрда және балалар мен жасөспірімдер театрында режиссерлік қызмет атқарып, ондаған ғажап туындылар сахналады. 
А.Тоқпанов  Жамбыл облыстық қазақ драма театрында да 1968-1972 жылдары бас режиссер қызметін атқарды. Ол, осы аз ғана уақыт ішінде  Жамбыл театрында  «Тоқпановтың өнер мектебін» қалыптастырып кетті деп, батыл айтуға болады.
Жамбыл облыстық қазақ драма театрында сахналаған  қойылымдары ішінде де Бүкілодақтық және республикалық байқауларға қатыстырылып, жүлделі орын алғандары баршылық. Мәселен,  Н.Погодиннің «Кремль куранттары» драмасы бойынша қойған спектаклі 1970 жылы  Бүкілодақтық театр фестиваліне қатысып, лауреат атанды.  Тоқпановтың  өзі сол спектакльде В.И.Лениннің ролін ойнады.
Сондай-ақ, А.Тоқпанов 1972 жылы  Жамбыл театрында сахналаған  С.Жүнісовтың «Ажар мен ажал» спектакліндегі Ажар ролі үшін Рахима Тезекбаева Қазақстан театрларының І-Республикалық байқауының  лауреаты атанды. 
Оның Жамбыл облыстық қазақ драма театрында сахналаған  М.Әуезов пен Л.Соболевтің «Абайы» және М.Әуезовтің  «Еңлік-Кебек» спектакльдері  өз өміршеңдіктерін танытып, ұзақ жылдар бойы сахнадан түскен жоқ.
А.Тоқпанов – сахнада ондаған рольдер сомдап, сүбелі бейнелер жасаған дарынды актер де болған. Мәселен, ол «Асауға тұсауда» - Лорд пен Педантты қатар ойнаса, «Абайда» - Сырттан биді, «Майрада» - адвокат Ақаевты, «Кремль куранттарында» Ленин бейнесін және т.б. көптеген образдарды сомдады.
Драматург ретінде Тоқпановтың қаламынан «Тазша бала», «Тасыған төгіледі» және т.б.  пьесалар туындаған.
Ал, аудармашы ретінде ол, Чеховтың «Шағаласы» мен «Ивановын», А.Н.Островскийдің «Шындық – қатты, бақыт – тәттісін», М.Горькийдің «Форма Гордеевін», Ибсеннің «Лорасын», Сафроновтың «Стряпухасын», Салынскийдің «Серуендегі сергелдеңін» қазақша сөйлетті.
А.Тоқпановтың қазақ театры өнеріне  сіңірген еңбектері жөнінде  кезінде  талай зерттеу материалдар, кітаптар жарық көрді.
Тоқпанов – театр өнеріндегі қайталанбас дара тұлға екендігі даусыз ақиқат. Зерттеушілердің  салмақтап,  бағалауынша, Асқар Тоқпановтың өнердегі  жолы 4 бағытта дамып, жалғасқан. Оның біріншісі – режиссерлық жол болса, екіншісі – өнер жолына шәкірт  тәрбиелеп, ұстаздық етуі. Үшіншісі – актерлығы. Төртіншісі – кереметтей ойшыл қаламгерлігі, драмалар жазуы және аудармашылдық қызметі.
Асқар Тоқпановты талантты   режиссер ретінде  танытқан  сахналық қойылымдары  өте көп.  Ол, әсіресе, дүниежүзі драматургтерінің: орыс, қазақ, шет ел классиктерінің, туысқан елдер қаламгерлерінің туындыларын барынша қамтып  сахналауға үлкен мән берген режиссер. Ол сахналаған қойылымдардың  жанры да, тақырып аясы да сан алуан. Мәселен, әр жылдары ол сахналаған Шекспирдің «Асауға тұсауы», Д.Гоу мен Д.Юссоның «Терең тамырлары», А.Штейннің «Намыс соты», Н.Кеккерилидің «Батыл хикая туралы аңызы», Н.Гогольдің «Ревизоры», Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқтысы», Ш.Құсайыновтың «Алдар көсесі» мен «Көктем желі», Ғ.Мұстафиннің «Миллионері», М.Ақынжановтың «Ыбырай Алтынсарині», Ә.Тәжібаевтың «Майрасы», Т.Ахтановтың «Махаббат мұңы»,  Б.Майлиннің «Майданы» режиссердің осындай еңбектерінің жемісі.
Асқар Тоқпановтан сабақ алып,  тәрбиесін көрген шәкірттері арасында бүкіл еліміз ғана емес, әлем халқы танитын тұлғалар да жеткілікті. Тәлімгер режиссердің тәлімін көріп, түлеп ұшқан шәкірттері арасында: Асанәлі Әшімов, Тұңғышбай Жаманқұлов, Шолпан  Жандарбекова, Фарида Шәріпова, Сәбит  Оразбаев, Бикен Римова, Райымбек Сейтметов, Зәмзәгүл Досанова, Мұхтар Бақтыгереев, Қарғаш Сатаев, Мәриям Жақсымбетова, Нүкетай Мышбаева, Торғын Тасыбекова, Күләш Сәкиева, Алтын Ружева және т.б. дарынды өнер саңылақтары қазақ театр және кино өнерінің әлемге танылуына зор  үлес қосқан тұлғалар. Тоқпановтан тәлім алып, өсіп-көркейген режиссерлар да қаншама. Олардың қатарында Маман Байсеркенов, Қадыр Жетпісбаев, Тастан Өтебаев, Жақып Омаров, Әскер Құлданов және т.б. атауға болады.
Жамбыл облыстық қазақ драма театрының артистері: Мақсұт Салықов, Нұрсифат Салықова, Гүлжарқын Сәдібекова, Жорабек Шүленбаев, Қанипа Ерғалиева, Оразғали Әбділманов, Әтіркүл Дүйсекенова, Гүлбаршын Өскенбаева, Әлібек Әмзеев, Төлентай Жүршиев, Сара Рахманқұлова, Әуесхан Шәймерденов, Ахмет Өтебаев, Шәмшәгүл Жәменкеева, Мәкен Райсханова, Жұмасан Дүйсекенов, Кәмила Әбжанова, Люба Үсіпжанова, Рахима Тезекбаева, Қауия Мәденова, Әубәкір Рахимов, Асан Омарбеков, Мәкен Рахымжанова, Қарабай Сатқанбаев, Шәмшәгүл Жәменкеева, Несіпкүл Омарбекова, Атахан Әпсаматов, Мағзом Бақытжанов, Үмбет Әлжанов, Құрақ Оразбаев, Шалқия Ақжолова және басқалар Асқар Тоқпановтан көп нәрсе үйреніп, тәлім-тәрбиесін көрген шәкірттері.
Асқар Тоқпанов ағамыздың драмалардағы реальді шындықты сахна арқылы көркем суреттеп жеткізуге аса шебер, реалист режиссер болғандығы өнер адамдары арасында жиі айтылады. Туа біткен талантымен қоса, Тоқпанов бітім-болмысы, табиғи жаратылысы соған тән, жаны сұлу, әсерленгіш, өте сезімтал да, нәзік жан болған. Даусы керемет әнші, термеші, домбырашы, төгіліп тұрған шешен де болған. Ол халық әндері мен халық композиторларының 300-ге жуық әндері мен өлеңдерін жатқа білсе,  100-ге жуық хисса, дастан, жырларды жатқа білген.
Қорыта айтқанда, ұлттық өнеріміздің ірі тұлғасы, зерделі зерттеуші, білгір аудармашы, талантты режиссер, актер, ұстаз, профессор, Қазақстанның халық артисі Асқар Тоқпановтың  театр өнерінің дамуына, сондай-ақ,  жоғары білікті актерлер мен режиссерлер даярлау ісіне  сіңірген еңбегі орасан зор. Осы еңбектері жоғары бағаланып, оған  1957 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, 1974 жылы Қазақстанның халық артисі құрметті атақтары  берілді. Ол, сонымен бірге «Еңбек  Қызыл Ту», «Халықтар достығы» және  «Құрмет белгісі» ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталған ірі тұлға.
А.Тоқпанов  1978 жылдан бастап өмірінің соңына дейін қазіргі Т.Жүргенов атындағы Өнер Академиясында  доцент, кафедра меңгерушісі профессор  қызметтерін  атқарды.
Ұлы режиссер А.Тоқпанов 1994 жылы 22 қарашада дүниеден өтті.