Жамбылский областной казахский драматический театр им. Аскара Токпанова
+7 (7262) 45-29-68
+7 (7262) 45-79-70
Телефон доверия:
+7 (7262) 45-53-25
г. Тараз, проспект Абая, 115

Жас кеткен пақырды, жас кеткен ақынды, жас кеткен досыңды, әріптесіңіді еске алу – ә дегенде, бір күрсінтіп, бір мұңайтып, жүрекке салмақ салғанмен, артынша, тұңғиық естелік-әлеміне шомып, сол марқұм досыңмен, әріптесіңмен, өзі өлсе де ізі өлмес жанмен  бірге өткен күндердің елесіне ілесіп, іштей егіліп, бір күліп, бір жылап, отырғаның...   

Бүгін – 4 қараша, біздің,  Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының  ұжымы үшін: сондай қимас асыл жан, өмірінің соңғы жылдары  осы ұжымда басшы болған,  белгілі жазушы-драматург, ақын, композитор Болат Үмбетәліұлы Бекжановтың туған күні.

Марқұм Болат Бекжановтың көзі тірі болғанда, бүгін Пайғамбар жасы 63-ке толып, мәдениет, ақпарат, телевидение, театр өнері, түрлі басылымдар секілді маңызды салаларда еңбек еткен  ұзақ жылғы бейнетінің зейнетін көруге асығып отырар еді...

Бөкеңнің  өзінің кіндік кескен – туған жеріне деген сағынышы  еш басылмай өтті... Туған жеріне кеше барып келсе, бүгін қайтадан сағынып, өлең арнап отыратын...

Оның «Туған жерге»  деген мына өлеңінен де сондай  сағыныш сезімі атойлап тұр. 

Кіндік бір кескен көркем де мекен,

Көз салып тұрмын қыраттан.

Бал күнге кіріп кетер ме екем,

Жасасам енді бір аттам, - дейді ақын.

Б.Бекжанов ең алғашқы еңбек жолын Жамбыл облыстық  қазақ  драма  театрында  актер болып  бастады.  Осы өнер ордасында 1982 жылдың қазан айына дейін қызмет  жасап,  киелі  сахна төрінде  сан алуан  образдарды сомдау  арқылы  тамаша актерлік шеберлік мектебінен өтті.    

1979 жылы жазушы-драматург  Әлдихан Қалдыбаевтың жасөспірімдерге арналған «Шаншар  атай» драмасында   басты роль  - Саматай образын  үлкен шеберлікпен сомдап, сол кездегі  КСРО бойынша  Бүкілодақтық   театр фестивалінің  лауреаты атанды.

         1982 жылдан Жамбыл облыстық кәсіподақтар комитетіне қарасты Мәдениет үйінің директоры және  аталған  Мәдениет үйіндегі драма тобының жетекшісі қызметін атқарды.  Осы қызметін атқару барысында  ел ішінен шыққан өнерпаздарды  халық шығармашылығы жұмыстарына үлкен белсенділікпен тарта отырып,  Мәдениет үйінің жұмысын жоғары  биіктерге көтерді. 

Осындай белсенді жұмыстары нәтижесінде, 1985 жылы  оның басқаруындағы Мәдениет үйінің  драмалық  тобы  «Халық театры» атағын  алды. Бұл жетістікте – Б.Бекжановтың режиссерлік еңбегі ерекше. Ол, сол халық театры сахнасында көптеген танымал драматургтермен қатар, қазақтың классик-жазушыларының ондаған туындыларын өте сәтті сахналады. Сол жылдары аталған халық театры бірнеше рет облыстық және республикалық халық  театрлары байқауларына қатысып,  жеңімпаз атанды. Ал, Б.Бекжановтың өзі  аталған театр үйірмесінің  «Халық театры» атағын алуына қол жеткізгені   үшін «Халық театрының үздік режиссеры» дәрежесіне ие болды.

         Б.Бекжанов сол жылдары халық шығармашылығының,  оның ішінде, әсіресе,   халық театрының тамаша ұйымдастырушысы  болып танылумен қатар, өзін  ізденімпаз журналист,   қарымды қаламгер, қаламы өткір сатирик, шабытты ақын,  нәзік сезімді сазгер ретінде де   жан-жақты дарынымен  мойындатты.  Көптеген ел азаматтарының мәдениет пен өнердегі жетістіктері туралы, өңірден шыққан белгілі тұлғалар туралы жазған туындылары аудандық, облыстық және республикалық  басылымдарда  жиі жарияланып тұрды. Көптеген  сыршыл жырлары мен әндері де    сол жылдары дүниеге келе бастады. 

 Б.Бекжанов  1990 жылы Жамбыл облыстық телерадиокомитетіне режиссерлық қызметке шақырылып,  осы ұжымда 1993 жылға дейін   редактор,  аға  редактор қызметтерін атқарды. 1993 жылы  Жамбыл облыстық   «Ақ жол» газетіне әдеби қызметкер болып ауысты.

2005 жылы  жаңадан ашылған  Жамбыл облыстық «Ар-Ай» жастар газетіне  бас редактор болып тағайындалып, осы газет жұмысының қалыптасып,  жолға қойылуына көп еңбек сіңірді.

         2010 – 2014 жылдары Тараз  қалалық «Жамбыл – Тараз»  газетінде бас редактор  қызметін  атқарып,  газет материалдарының сапалық деңгейін көтерумен қатар, көптеген ел қызығып оқитын жаңа айдарлар мен арнайы беттер ашуды қамтамасыз етті. 

         2014 жылы Жамбыл облыстық  қазақ  драма  театрының директоры қызметіне тағайындалып, өмірінің соңына дейін осы жұмысын еш мінсіз атқарды...

Болат Бекжанов – артында мол мұра қалдырып кеткен жан-жақты шығармашылық өнер иесі.

Ол  «Шымылдықтың арғы жағы», «Бізбіз» атты сатиралар жинағы арқылы шебер сатирик ретінде танылды.

 «Құс қанатындағы сағыныш» атты поэтикалық жинағы – Бөкеңді ғажап, сыршыл ақын ретінде  мойындатты.

 Әр жылдары жазылған «Үйші», «Бестамнан жаяу барып Берлинді алған», «Байғыз,  Пәтес, Пәуескі» атты және т.б. әңгімелері мен повестері, «Редактордың қойын дәптері» жазбалары  - Бөкеңнің кереметтей шебер публицистік  қарым-қабілетін танытты.   

2018 жылы жазушы Б.Бекжановтың 60 жас мерейтойына арналған  «Құс жолынан жыр төктім» атты поэтикалық кеш өтті. Осы мерейтой кезінде Б.Бекжановтың баспадан жаңа шыққан  «Болмайды ғой», «Редактордың қойын дәптері», «Өмір-драма», «Сахнадан сыр айтамын», «Құс жолынан жыр төктім», «Көз көргендер» атты алты томдық кітабының тұсаукесері болды.

Б.Бекжановтың қаламынан туындаған «Айша бибі» махаббат дастаны драмасы, «Үйлену увертюрасы» мюзиклі, «Өмір» атты мелодрамасы, «Жеті лақ», «Айболит пен Қарақшы» атты балаларға арналған ертегі қойылымдары Жамбыл облыстық қазақ драма театрында, сондай-ақ, еліміздің өзге де театрларында сахналанып жүр.

Б.Бекжанов аудармашы ретінде де орыс драматургі В.Красногоровтың «Әйел тауқыметі» атты драмасын, татар драматургі Т.Минулиннің «Альдермаштағы  Альдерман»  қазақшаға аударып, сахналатты.

Б.Бекжанов – сазгер ретінде де танымал. Оның бірнеше әндері бүгінде қазақ эстрада жұлдыздарының репертуарларында орындалып жүр.

Артына осындай мол дүние қалдырған әріптес досымыз, ұстазымыз Болат Бекжанов  қай шығармасына да туған жердің әсем табиғатын,  тамаша адамдарын, жетістіктері мен табыстарын арқау етті.  

Төмендегі  бейнебаянда марқұмның достарының, әріптестерінің, інілері мен шәкірттерінің және өмірлік жары Жалғат Айтуеваның  ой-тебіреністері беріліп отыр...