Жамбылский областной казахский драматический театр им. Аскара Токпанова
+7 (7262) 45-29-68
+7 (7262) 45-79-70
Телефон доверия:
+7 (7262) 45-53-25
г. Тараз, проспект Абая, 115

11.11.21 1

Ағымдағы жылдың 8-9 қараша күндері Алматы облысының орталығы Талдықорғанда «Жаңарған Жамбылдан –жерұйығы Жетісуға!» атты Жамбыл облысының мәдениет күндері өтті. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейлі мерекесіне орай қолға алынған рухани шарада облыстық кітапханалардың «Өткені – өнеге, бүгіні – бекем, болашағы – жарқын Жамбыл өңірі» атты жылжымалы мәдени көрмесі жұрт назарына ұсынылды.


Алдымен Алматы облысы әкімі Амандық Баталовтың ыстық ықыласпен қарсы алып, қабылдауында болған Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек облыс басшылығына және жалпы Жетісу жұртына ризашылығын білдіріп, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың сәлемін жеткізді.

11.11.21 1

Осыдан соң аймақ атқамінерлері Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы ұйымдастырған кітап көрмесін көзбен көрді. Көрмеде көрермендерге Жамбыл облысының 80 жылдығына орай жарық көрген «Тараз мұралары» көптомдық жинағының 110 томы таныстырылады. Сондай-ақ, «Кемеңгерліктің 30 жылы: жаңғырған тарих, жаңарған Тараз» кітап инсталляциясына еліміздің Тәуелсіздік алған сәттен бастап бүгінге дейінгі жүріп өткен жолы қамтылған. Осы орайда көрмеге Тәуелсіздік жылдарында жарыққа шыққан жергілікті 30 қаламгердің туындыларының макеттері мен кітаптарының түпнұсқалары қойылған. Салтанатты шара алдымен Алматы облысында орналасқан Жамбыл Жабаев ескерткішіне гүл қоюдан басталып, жыр абызының әдеби-мемориалды музейіне арнайы экскурсия ұйымдастырылды. Осыдан соң Талдықорғандағы Б.Римова атындағы драма театрының ғимаратында К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының «Жаңарған Жамбылдан – жерұйығы Жетісуға!» атты концерттік бағдарламасына ұласты.

11.11.21 1

Жиналған қауым алдында сөз алған Алматы облысының әкімі алдымен Амандық Баталов жамбылдық әріптестерін мерейлі мерекесімен құттықтап, киелі Жетісу жерінің көркем табиғаты бейнеленген картинаны тарту етті. Сондай-ақ Амандық Ғаббасұлы: «Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Мәдениет – рухани құндылығымыз, тарихымызды, ұлы тұлғаларымызды ұлықтап, ұлтты ұлы істерге жетелейтін ел тетігі» деп атап өтсе, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Бейбітшілік, руханият пен келісім: бәрінің тамыры – мәдениетте. ХХІ ғасырдың ең басты заңы – татулық пен мәдениет» деген еді.

11.11.21 1

Әр жыл сайын Жетісу өңірі дүбірі тойлардан кенде болған емес. Биылғы жылы облысымызда Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен қатар Жолбарыс бидің 350, Наурызбай батырдың 315, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175, ақиық ақынымыз Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығы және басқа да мерейтойлар кеңінен аталып өтуде. Қазақтың рухани алыбы Жамбылдың әрбір мерейтойы мемлекетіміздің мәртебелі белестерінің межесіндей. Жыр дүлділі Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай, биыл облыс бойынша жыл басынан бері көптеген Республикалық, облыстық, Халықаралық шаралар аталып өтілді. Соның ішінде 114 млн. теңге бөліп ақының 30 томдық кітабы баспадан шығарылды. Сонымен бірге жыр абызы туралы арнайы фильмдер түсіріліп, «Жетісу» телеарнасы, әлеуметтік желілер арқылы бабамыздың шығармашылығы кеңінен насихатталуда. Маусым айында Жамбыл Жабаев бюстісінің жөндеу жұмыстары жасалды. Әрі Республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, әдеби-мемориалды музейі қайта жөндеуден өткізілді. Сәуір айында жастар арасында Республикалық айтыс өткізлсе, 5 қараша күні Халықаралық қырғыз-қазақ айтысы ұйымдастырылды. Енді жақын арада автордың әдеби-мемориалды музейінде 30 томдық кітабының тұсау кесері өтпек. Ұлы ақынның артында қалған «Жігерлі болса ер болар, Бірлікті болса ел болар» деген аталы сөзі бар. Бүгінгі кездесудің мақсаты – ел руханияты жолында мәдениетімізді, өнерімізді өркендету, бірлікті ел болу, Тәуелсіздігімізді ұлықтау!», -деп атап өтті.

11.11.21 1

Екінші күнгі бағдарлама «Тараз – Ұлы даланың көне шаһары» атты жылжымалы көрмемен басталып, облыстық кітапханалардың «Өткені – өнеге, бүгіні – бекем, болашағы – жарқын Жамбыл өңірі» тақырыбындағы жылжымалы мәдени шараға жалғасты. Сонымен қатар А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ дарама театрының әртістері сахналаған «Жамбылдың қызыл жолбарысы» қойылымын тамашалауға ұласты. Қойылым авторы – белгілі ақын, драматург Иран Ғайып. Дайындаған және қоюшы-режиссері — Ш.Айтматов атындағы Халықаралық сыйлықтың иегері, талантты режиссер Қуандық Қасымов. Қоюшы-суретшісі – ҚР Мәдениет қайраткері, белгілі суретші Қалтөре Жұмағұлов.
Қойылымда алдымен жыр алыбы Жамбылдың дүниеге келуі, жігіттік шағы, бұрымды қызға ғашық болуы, Сүйінбайдан бата алуы көрніс тапқан. Одан соң сал-серілік, ақындық, жыраулық жолға түсіп, айтыстарға қатысып, елге танылуы сыршыл ақын Айкүміспен, адуынды сөз зергері Құлманбетпен айтыстары суреттеледі. Бір ерекшелігі – Жамбыл Жабаев қайда жүрсе де, киелі жанның қорғаушысындай елес болып, бір Қызыл жолбарыс оның маңайында жүреді.
Ал, қызыл жолбарыстың аңыз емес, ақиқат екенін Жамбылдың Сүйінбайдан бата алған күннен бастап сол киелі аң ылғи өзін маңайлап жүретіні айтылады. Бір қызығы жолбарыс Жамбылдың өзіне ғана көрінеді екен. Қойылымның тағы бір көрнісінде айтыс аламанында ақын сол замандағы би-шонжарлардың елге жасаған қиянатын, әлеуметтік теңсіздіктерді сын садағына алған сәттерін ашып көрсеткен. Осылайша Жамбыл облысының киелі Жетісу жеріндегі мәдениет күндері өз мәресіне жетті.

11.11.21 1

11.11.21 1

Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театры - Акурпиков Малик Дуйсебаевич