Жамбылский областной казахский драматический театр им. Аскара Токпанова
+7 (7262) 45-29-68
+7 (7262) 45-79-70
Телефон доверия:
+7 (7262) 45-53-25
г. Тараз, проспект Абая, 115

Тінәлі Әбиірбек Берденұлы 1957-ші жылы 22-сәуірде Жамбыл облысы, Талас ауданы, Ойық ауылында дүниеге келген. Ұлты-Қазақ. 1977 жылы Жамбыл мәдени - ағарту училищесін театр-көркемөнер режиссер мамандығы бойынша бітіріп шыққан. Актер-қаламгер-әнші-композитор.

1975 жылдан бері 40 жылдан аса уақыт -  әншілік,композиторлық, актерлық, мәдениет және өнер жолындағы  шығармашылық  қызметте еліміз бен жеріміздің, Отанымыздың,  туған өңіріміздің, оның ішінде қасиетті Тараз жерінің де өсіп-өркендеп, дамуына зор еңбек сіңіріп келеді. 

 Ә.Тінәлінің "Желтоқсан желі" атты "Өнер" баспасынан (1998 ж.) жарық көрген авторлық ән жинағы, (2000 ж.) "Нұлы әлем"  баспасынан жарық көрген "Әбиірбектің әндері"атты авторлық ән кітабы, өз қаламынан туындаған "Қос жалғыздық немесе Әттең-ай" прозалық кітабы, (2006 ж.) "Тоғанай Т" баспасынан  жарық көрген "Апалайдың баласы" атты сыр-сұхбат кітабы жинақтарының авторы.

Ә.Тінәлі туралы белгілі жазушы - Т.Айтбайұлы (1998ж.)  "Ән әлемінің Әбиірбегі" атты 17 сыр-сұхбаттан тұратын "Тоғанай Т" баспасынан актер жайындағы кітабын шығарды.

2006 жылы Ә. Тінәлінің Алматы қаласындағы Республика сарайында "Желтоқсан желі" атты үлкен авторлық концерті өтіп, "Анамның тілі", "Желтоқсан желі" авторлық ән альбомдарының тұсау кесері болды. 

 Ә.Тінәлінің "Анамның тілі", "Желтоқсан желі", "Толғанай", "Фариза", "Әттең-ай", "Қос жалғыздық", "Қозы-Баян", "Ұрпақ үні", "Ас суың ба еді атаң-нан қалған?"т.б. көптеген әндері елімізде ғана емес алыс-жақын шетел жұртшылығна да етене таныс.

Ә.Тінәлінің балаларға арнап жазған "Ұйықта бөпем" атты аторлық әні бейнебаян арқылы әлем жұртшылығына кеңінен таралған шығарма ретінде бүгіннің өзінде 10 миллионнан аса тыңдарман жинаған ерекше туындысы болып есептеледі.

 Ә.Тінәлі еңбек жолын 1978 жылдың 1 қаңтарынан Жамбыл облыстық Қазақ драма театрында актер болып бастады. Осы өнер ордасында 1990 жылдың қаңтар айына дейін қызымет жасап, киелі сахна төрінде сан алуан обрыздарды сомдау арқылы, тамаша актерлық шеберлік мектебінен өтті.

Әсіресе 1987 жылы театр сахнасында қойылған жазушы Ш. Айтматовтың "Боранды бекет" драмасындағы Мәңгүрт бейнесі Республика жұртшылығына актер Ә.Тінәлінің сомдауында ерекше ілтипатқа бөленген бейне болды. Қоюшы режесеры - СССР  халық әртісі, Қырғыз мемлекеттік академиялық драма театрының бас режесеры Е. Рысқұлов болатын.

Ә.Тінәлі Мемлекеттік тіл жөнінде сонау 1976 жылы "Анамның тілі", "Ана тілін білмеймін" деген белгілі жерлес сатирик жазушы Ш. Смаханұлы мен Ә.Асылбектің сөзіне Кеңес дәуірінің өзінде Қазақ тілінің маңыздылығын жырлап, насихаттайтын, тіліміздің әнұранындай боп кеткен осынау шығармаларды өмірге алып келген азамат.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының куәгеріндей болған, аязды да,зұлмат күндердің Әнұранына  айналған ақын Ә.Асылбектің сөзіне жазылған "Желтоқсан желі" әні де бүгіндері бүкіл өнер сүйер "жұртым" деген  барша азаматтардың бойтұмарындай боп кеткен дүние.

Белгілі "Қозы Көпеш-Баян Сұлу" драмасындағы трагедиялық желіге құрылған оқиғаға байланысты қос ғашық жайындағы Ә.Тінәлінің "Қозы-Баян" әні де бейнебаянға түсіріліп, қалың жұртшылықтың ілтипатына ие болуда.

Ақиық ақын М. Мақатаевтың өлеңіне жазылған әйгілі "Фариза" әні тек қазақ жұртына емес Алты алашқа мәлім шығармаға айналды.

Ә. Тінәлі жөнінде 1990 жылы "Қазақтелефильм" студиясы "Ұрпақ үні" деген жарты сағаттық автордың "Фариза", "Желтоқсан желі", "Дейсің бе?", "Әке тілегі","Толғанай", "Бажалар мен балдыздар", "Сағыныш" атты жеті шығармасы  аталмыш фильмге арқау болған.

Ә. Тінәлі Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық  қазақ драма театрында актерлық өнермен бірге музыка бөлімінің жетекшісі қызметін атқарды.

Театр сахнасында кейінгі жылдары Ғ. Мүсіреповтың "Ақан сері - Ақтоқты" трагедиясында - Қоңқай, С. Мұқышевтің  "Апандағы адамдар" драмасында - Киізқазық, Б. Бекжановтың "Айша Бибі" драмасында -Шомандүр ұстаз, Шекспирдің "Гамлет" трагедиясында - Актер ролдерін сомдап, жұртшылықтың ілтипатына бөленді.

Ә.Тінәлі Тараз қаласында "ТИГУ жастар театрын" ұйымдастырып, жастарды сахналық өнерге баулып жүрген ұстаз. Бірнеше қойылымдары Астана, Өскемен қалаларындағы жастар фестиваліне қатысып, қомақты жүлделер иеленген ұжым.

Көрермендері Ә.Тінәліні - талантты актер, әнші-композитор, жан-жақты дарынды тұлға ретінде әрдайым мақтан тұтады.

Қорыта айтқанда, Әбиірбек Тінәлі - бүгінгі таңда театр, ән өнері саласында ерекше суреткерлік шеберлігімен сомдалған тұлға.

Бірнеше прозалық, ән жинақтары кітаптарының авторы.

Әндері еліміздің белгілі әншілерінің репертуарларына енген.

Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты, Ұлт Қайраткері.

Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін медалінің иегері.

Қазақ өнеріне сіңірген еңбегі үшін Тараз қаласындағы "Әуендер әлемі" аллеясында есімі тасқа жазылған Өнер иесі.

Желтоқсан оқиғасының 30 жылдығына байланысты медалінің иегері.

"Желтоқсан ардагері" төсбелгісімен марапатталған.

Үйленген, ұл- қызы бар. Ұрпағына өнегелі тәрбие берген өресі биік, парасатты әке. Немерелеріне айтар даналықтарымен шежірелері көп қазына ата.

Жолдасы Майра Асан Аманжолқызы - журналистика саласында қызметші.