Жамбылский областной казахский драматический театр им. Аскара Токпанова
+7 (7262) 45-29-68
+7 (7262) 45-79-70
Телефон доверия:
+7 (7262) 45-53-25
г. Тараз, проспект Абая, 115

Сағымбекова Анар Бақытқызы 1978 жылы 10 мамырда Жамбыл облысы, Меркі ауданында дүниеге келген.

Білімі жоғары.Түркістан қаласындағы Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің актерлік бөлімін бітірген.

1998 жылдан  Жамбыл облыстық қазақ драма театрында актриса болып еңбек етеді. Қоюшы-режиссер ретінде де театр репертуарының жаңа туындылармен толығуына үлес қосуда.

А.Сағымбекова 2021 жылдың 1 ақпанынан 2022 жылдың наурыз айына дейін театрдың көркемдік жетекшісі қызметін атқарды. Сонымен қатар, осы уақыт аралығында театрдың көркемдік кеңесінің төрайымы болды.

Анар Сағымбекова актрисалық шеберлігі жан-жақты толысқан, актерлік өнердің теориясы мен практикасын терең меңгерген, режиссерлік жұмыстың қыр-сырына да мейлінше жетік өнер иесі.

А.Сағымбекова соңғы жылдары  театр репертуарындағы:

 -И.Сапарбайдың «Сыған серенадасында» - Изольда;

 - Ш.Айтматовтың «Ана – Жер-анада» - Жер-ана және Әлиман;

- Ә.Оразбековтің «Бір түп алма ағашында» - Әлия;

- Ж.Омаровтың «Құлыншақ пен бөлтірігінде» Ана дала;

- М.Байғұттың «Асқаровтың ақ қайыңдарында» - Ана;

- А.Бекбосынның «Домалақ енесінде» - Рухия;

- С.Балғабаевтың «Ең жақсы еркегінде» - Мадина-Магдалина;

- Б.Жандарбековтің «Томирисінде» - Томирис;

- Б.Бекжановтың «Айша бибісінде»  - Бабаджа хатын;

- У.Шекспирдің «Гамлетінде» - королева Гертруда

- Қ.Қасымовтың «Шер-Хан» драма-элегиясында Домалақ ана және тағы басқа бірқатар қойылымдарда басты және негізгі кейіпкерлер бейнесін сомдады. Көптеген қойылымдарда көпшілік сахна рольдерін  ерекше шеберлікпен сомдады.

Анар Сағымбекова актрисалығымен қатар, режиссерлік қарым-қабілетімен де танылып жүрген талантты өнер иесі. Ол театрдың ағымдағы репертуарындағы бірнеше қойылымдар мен балаларға арналған ертегілердің қоюшы-режиссері. Оның режиссерлік қолтаңбасымен дайындалған Ұлы Абайдың 175 жылдығына арналған «Желсіз түнде жарық ай!» поэтикалық-композициялық қойылымы, Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған С.Пірмановтің «Ұлт ұстазы» символикалық композициясы, Б.Бекжановтың «Айболит пен қарақшы» ертегі қойылымы, Қ.Жүнісовтің «Алғашқы махаббат», Б.Соқпақбаевтың «Қожанасыр келе жатыр», С.Пірмановтың «Алтын жұмыртқа», А.Атымтаеваның «Жаңғырған жаңа күн» атты қойылымдары көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп келе жатқан шығармалар. 

А.Сағымбекова, сондай-ақ, театр сахнасына Жаңа жыл және Наурыз мерекесіне орай дайындалған  балаларға арналған қызықты қойылымдар мен думанды бағдарламалардың қоюшы-режиссері ретінде де  белсенді қызметімен танылып келеді. Қоғамдық жұмыстардың белсенді ұйымдастырушысы. Қазақстан Театр қайраткерлері одағының белді мүшесі.

Ол облыс  көлемінде өткізілетін түрлі мерекелік және басқа да мәдени-көпшілік іс-шаралардың сценарийлерін жазып, ұйымдастыруда үлкен шеберлігімен танылған мықты ұйымдастырушы.

А.Сағымбекова 2020 жылы коронавирус пандемиясына байланысты жарияланған карантин уақытында көптеген  онлайн іс-шаралардың белсенді ұйымдастырушысы ретінде танылды.

Республикалық және Халықаралық театр фестивальдерінің лауреаты А.Сағымбекова соңғы жылдары ҚР «Мәдениет саласының үздігі», ҚР «Халық алғысы» белгілерімен, «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне – 30 жыл» мерекелік медалімен,    Қазақстан Республикасы Президентінің  Құрмет грамотасымен,  облыс және қала әкімдерінің  Алғыс хаттарымен, Құрмет грамоталарымен марапатталды.