Жамбылский областной казахский драматический театр им. Аскара Токпанова
+7 (7262) 45-29-68
+7 (7262) 45-79-70
Телефон доверия:
+7 (7262) 45-53-25
г. Тараз, проспект Абая, 115

Ақүрпеков Кенен Сәкенұлы 1981 жылы 12 қазанда Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданы Әбжапар ауылында туылған. Ұлты қазақ, білімі жоғары. 2003 жылы Т.Жүргенов атындағы Ұлттық Өнер Академиясын «Актер өнері» мамандығы бойынша бітірген.

Т.Жүргенов атындағы Ұлттық Өнер Академиясын «Актер өнері» мамандығы бойынша бітірген соң, 2015 жылға дейін Н.Жантурин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрында актер болып қызмет атқарған.

Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрында 2015 жылдан бері актерлік қызмет атқарып келеді.

Осы театрда еңбек еткен жылдар ішінде, ол өзін болашағынан зор үміт күттіретін нағыз талантты актер ретінде танытты.

Актер Кенен Ақүрпеков өзі орындаған рольдердің қай-қайсысымен де  жұртшылық жүрегінен жылы орын алып, көрермен көзайымына айналып келеді.  

К.Ақүрпеков соңғы жылдарда театр репертуарында:

- И.Сапарбайдың «Сыған серенадасындағы» Шәмшіні;

- А.Бекбосынның «Домалақ енесіндегі» - Әмір Темірді;

- С.Балғабаевтың «Ең жақсы еркегінде» Алпанды;

- Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері - Ақтоқтысындағы» - қазақтың ұлы әнші, композиторы Ақан серіні;

- Мар Байжиевтің «Сен! Мен!» драмасындаңғы Ескендір мен Азизді;

- Б.Бекжановтың «Айша бибі» махаббат дастанындағы Қарахан қағанды;

- Ғ.Мүсіреповтің «Қыз-Жібегіндегі» - Төлегенді;

- Е.Әлімжанның «Абылай» тарихи драмасындағы Абылай ханды;

-Иран Ғайыптың «Жамбылдың қызыл жолбарысында» Жамбылды;

-Ш.Мұртаза «Тұрар.Сталинге хатында» Т.Рысқұловты;

- У.Шекспир «Гамлетінде» Король Клавдийді;

- С.Құдайбергеннің «Періште қонған үй» драмасында Нұрлан Амангелдиевичті;

- Қ.Қасымовтың «Шер-Хан» драма-элегиясында Б.Момышұлын;

 -С.Пірмановтың «Ұлт ұстазы» символикалық композициясында А.Байтұрсынов бейнелерін өте жоғары деңгейде шебер сомдаған сахна майталманы.

Кенен Ақүрпеков сонымен қатар, талантты киноактер ретінде де танылып, бірқатар фильмдерге түсіп, танылған өнер иесі. Олардың қатарында ол:

 - «Тар заман» кинофильмінде Алаш көсемдерінің бірі – Ахмет Байтұрсыновты;

 - «Ән аға» фильмінде Шәмшінің әкесі – Қалдаяқты;

 -«Қаламгер» фильмінде – белгілі классик жазушы Әнуар Әлімжановты;

- «Кейкі мерген» фильмінде - Амангелді Имановты;

- «Үзілмес үміт» фильмінде Талғаттың рольдерінде ойнады.

Кенен Ақүрпеков қоюшы-режиссер ретінде де сүбелі еңбек етіп жүрген талантты режиссер. 2021 жылы оның сахнаға дайындаған Г.Хугаевтың «Шекпен» әпсанасы көрерменнің ерекше ықыласына ие болды.

К.Ақүрпеков, сондай-ақ, М.Томанов пен М.Ахмановтың «Екі дос», С.Пірманов пен М.Абайділдаевтің «Балшық бала» атты ертегілерін сахнаға өте сәтті дайындап шығарып, жас көрермендерге тамаша қойылымдар тарту етті.          

Актер Кенен Ақүрпеков осындай жоғары актерлік шеберліктері үшін көптеген Алғыс хаттармен және Құрмет грамоталарымен марапатталған. Қазақстан Жастар одағының «Серпер» сыйлығының лауреаты. 2021 жылы «ҚР Мәдениет саласының үздігі» марапатына ие болды.

К.Ақүрпеков қоғамдық жұмыстарға белсенді түрде ат салысады. Қазақстан Театр қайраткерлері Одағының белсенді мүшесі.

Отбасылы, 3 ұл-қыз өсіріп отырған өнегелі әке.