Жамбылский областной казахский драматический театр им. Аскара Токпанова
+7 (7262) 45-29-68
+7 (7262) 45-79-70
Телефон доверия:
+7 (7262) 45-53-25
г. Тараз, проспект Абая, 115

Қожалиев Мамбет Әуезбайұлы 1979 жылы 19 желтоқсанда Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданы, Әбжапар ауылында туған. Ұлты қазақ. Білімі жоғары.

2008  жылы  М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік  университетін  «Актерлық өнер»   мамандығы бойынша бітірген уақыттан бері  Жамбыл облыстық қазақ драма театрында актер болып қызмет  атқарып келеді.

Ол өз ізденісі мен талабының  жемісі ретінде көптеген режиссерлердің  назарына ілігіп,  әр жанрдағы спектакльдерде басты ролдерде ойнау мәртебесіне  ие болды.  Театр репертуарындағы  көптеген қойылымдарда басты және негізгі рольдерді  аса тартымды да шебер сомдауы нәтижесінде   театртанушылар мен  көрермен тарапынан лайықты бағасын алды,  талантты актер ретінде танылды.

М.Қожалиев үнемі өзінің кәсіби шеберлігі мен біліктілігін арттыруға зор көңіл бөліп, ізденіс пен  талпыныс  үстінде жүреді. Астана қаласында біліктілігі мен шеберлігін арттыру курсында оқып,  жоғары квалификациялық сертификатқа да ие болған.

М.Қожалиев соңғы жылдары театр репертуарында:

 Атап айтқанда, ол 2019 жылдан бері:

-Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқты» трагедиясында Мұратты;

- Б.Бекжановтың «Айша бибі» махаббат дастанында Өстамурді;

-Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуында» Шер, Жантық ролін;

-Ш.Мұртазаның  «Тұрар. Сталинге хатында» Каганович бейнесін;

-Е.Әлімжанның  «Абылай» тарихи драмасында Абылай ханды;

-Иран Ғайыптың «Жамбылдың қызыл жолбарысында» Көкбөріні;

-Қ.Қасымовтың «Қыз Жібек» саунд драмасында  Бекежанды;

-Қ.Шаңғытбаев пен Қ.Байсейітовтің «Беу,қыздар-ай» комедиясында ақын жігіт Әубәкірді;

-С.Құдайбергеннің  «Періште  қонған үй» драмасында Ержанды;

-С.Пірмановтың «Ұлт Ұстазы» қойылымында Ақтас рольдерін сомдады.

М.Қожалиев  театрдың кәсіподақ ұйымының  белді мүшесі ретінде, қоғамдық жұмыстарға белсенді түрде ат салысады.

Мәмбет  Қожалиев барлық сомдаған образдарын ешбір артық әсірелеусіз, шынайы көрсете біледі. Ол  өзі ойнаған рольдеріндегі кейіпкерлер бейнесін  сомдауда бар жинақтаған тәжірибесі мен шеберлігін барынша пайдалана білетін сахна саңлағы.

Мәмбет  Қожалиев сондай-ақ,  бірқатар балаларға арналған  ертегі қойылымдарда да өзін  шебер актер  ретінде танытып келеді.

Мәдениет пен өнер саласын дамытудағы  белсенді  еңбектері үшін  Жамбыл облысы әкімінің арнайы стипендиясына және  Құрмет грамотасына,  2021 жылы «ҚР Мәдениет саласының үздігі» белгісіне ие болған.  

М.Қожалиев  театр өнерінің биіктерінен көрінуге қабілет-қарымымейлінше жеткілікті дарынды актер. 2009 жылдан бері Қазақстан Театр қайраткерлері Одағының мүшесі.