Жамбылский областной казахский драматический театр им. Аскара Токпанова
+7 (7262) 45-29-68
+7 (7262) 45-79-70
Телефон доверия:
+7 (7262) 45-53-25
г. Тараз, проспект Абая, 115

АСАН Зарина Нұрлықұлқызы, 1995 жылы  28 қарашада Жамбыл облысының Тараз қаласында  дүниеге келген.

 Білімі жоғары. М.Х.Дулати атындағы  көпсалалы колледжді - «Актер өнері» және Тараз мемлекеттік университетін «Мәдени-тынығу» мамандықтары  бойынша бітірген.

Облыстық қазақ драма театрында 2014 жылдың қыркүйек айынан бастап, штаттағы актриса ретінде қызмет атқарады. 

Зарина Асан  осы уақыт аралығында өзі сомдаған кейіпкерлерді жанды бейнелей алатын, актерлік шеберлігі толысып, жетілген, талантты  өнер иесі ретінде  танытты.  

Зарина Асан соңғы жылдары театр репертуарындағы:

Қ.Қасымовтың «Қыз Жібек» саунд-драмасында – Қыз Жібек.

Б.Айдарбековтің «Тағдыр тәлкегі» драмасында – Нұргүл.

Мұхтар Әуезовтің «Еңлік - Кебек» трагедиясында  - Еңлік.

Дулат Исабековтің «Тыныштық күзетшісі» драмасында әкесі майданда қаза болған Перизат атты жас қыз;

Б.Әбілдаұлының «Айша бибісінде» Қараханның ғашығы Айша сұлу; 

Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқтысында» - Ақтоқтының құрбысы;

Ә.Әмзеұлының «Қор болған Қодар-айында!» - Баян елес;

И.Сапарбайдың «Сыған серенадасында» - биші қыз;

А.Бекбосынның «Домалақ енесінде» - Періште;

Ш.Айтматовтың «Ана – Жер-анасында» - биші қыз;

Б.Бекжановтың «Үйлену увертюрасында» - биші қыз;

Е.Уахитовтың «Алтын дуалында» - биші қыз;

У.Шекспирдің «Отеллосында» - биші қыз;

Ж.Омаровтың «Құлыншағында» - Қара қасқа құлын;

Б.Соқпақбаевтың «Қожанасыр келе жатырында» - Тұтқын қыз

 және басқа да оннан аса қойылымдар мен ертегілерде негізгі кейіпкерлер бейнелерін сомдады.

Сондай-ақ,  бірқатар қойылымдар мен балаларға арналған ертегілерде көпшілік сахнасындағы рольдерді сомдады.  

Зарина Асан өз мамандығымен қатар, балетмейстер ретінде,  көп  тарапты бишілікпен және ән айтумен әуестенеді.

Аға буын өнер иелерін ұстаз тұтып, олардан актерлік техниканың әр алуан элементтерін үйренуден жалықпайды.

Зарина Асан 2018 жылы Халықаралық театр күні мерекесіне орай, Б.Айдарбековтің «Тағдыр тәлкегі» драмасында – Нұргүл бейнесін асқан шеберлікпен бейнелеп шығарғаны үшін «Ең өзекті тақырыптағы бейне» номинациясының жүлдегері» дипломымен марапатталды.

Зарина, соңғы жылдары, атап айтқанда, 2019 жылы  Татарстанның Қазан қаласында өткен Халықаралық «Науруз» фестиваліне, сондай-ақ, өз елімізде Ақтөбе қаласында өткізілген бүкіләлемдік өнер сайысына Қыз Жібек ролімен қатысып, театрдың биіктен көрініп, аталған Фестивальдардың  дипломанты дәрежесін алуына зор еңбек сіңірді. 

2020 жылдың үздік жас актрисасы ретінде танылып,  Жамбыл облысы әкімінің  «ӘУЛИЕАТА  ҮМІТІ - 2020» жастар сыйлығының  лауреаты атанды.  Сондай-ақ, соңғы жылдары, Мәдениет басқармасы мен театр басшылығының Алғыс хаттарымен, грамоталарымен марапатталған.

Отбасылы, жолдасы – осы театрдың белді артисі Нұрсұлтан Маханов екеуі ұл-қыздарына өнегелі тәлім-тәрбие беріп отырған жарасымды жұп.