Жамбылский областной казахский драматический театр им. Аскара Токпанова
+7 (7262) 45-29-68
+7 (7262) 45-79-70
Телефон доверия:
+7 (7262) 45-53-25
г. Тараз, проспект Абая, 115

Жамбыл облыстық қазақ драма театры 31 қазан күні сағат 12:00 де М. Ахмановтың, бүлдіршіндерге арналған "Екі дос" ертегісін сахналады.

30 қазан күні сағат 18.30-да Жамбыл облыстық қазақ драма театрында тірісінде-ақ, «Адамзаттың Айтматовы» атанған, әйгілі классик-жазушы Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығына арнап жазылған драматург Байғали Есеналиевтің «Таң сыры» атты драма-элегиясының кезекті қойылымы болды.

Драманың қоюшы-режиссері – Ш.Айтматов атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты, белгілі режиссер Қуандық Қасымов. Қоюшы-суретшісі – ҚР Мәдениет саласының үздігі Рахат Сапаралиева.

Драмаға Шыңғыс Айтматов өмірінің кейбір, көпшілікке беймәлім кезеңдері мен тұстары, сондай-ақ, жазушының «Боранды бекет», «Ақ кеме», «Жәмилә» сияқты бірқатар шығармаларындағы басты кейіпкерлердің бейнелері арқау болған.

Ақ күшіктің туылған күні

Жамбыл облыстық қазақ драма театрында 29 қазан күні жазушы-драматург Елен Әлімжанның «Әйелдер бір іс бастады» атты комедиясының тұсаукесер қойылымы болды.

Жазушы-драматург Елен Әлімжанның комедия жанрындағы драмалық шығармалары оқырманға да, театр көрермендеріне де бұрыннан таныс.

Жамбыл облыстық қазақ драма театрында Ел-ағаның «Бір қазаққа бір қатын!», «Тақталас», «Жанұран» комедиялары, сондай-ақ, «Жанталас», «Төлеби» атты драмалары қойылып, ұзақ уақыт сахнадан түспей жүргенін өнерсүйер қауым жақсы біледі.

«Әйелдер бір іс бастады» комедиясы – жазушының соңғы жылдары жазған драмалық шығармаларының бірі.

Жазушының сахнаға жаңа дайындалған бұл комедиясының оқиғасында ерлі-зайыптылар арасында жиі кездесетін бір-біріне сенбеу, бірін-бірі қызғану сияқты сезімдердің шарықтау шегіне жетіп, күлкілі аяқталуы баяндалады.

Осындай күлкілі оқиғаны өрбітуге мұрындық болған Еңлікгүл (арт. Гауһар Сұлтанбекова), Гүлбибі (арт. Индира Мұстафаева), Аяжан (арт. Назым Ақылова) есімді үш келіншек ерлерінің адалдығына көз жеткізбек болып, кейде адам баласының ойына келмейтін қулыққа барып, күйеулерін сынап, тексергендері ойнақы әзілге құрылған іс-әрекеттермен баяндалады.

Үш келіншектің бейнесін жасаған артистер Гауһар Сұлтанбекова, Индира Мұстафаева, Назым Ақылова және олардың күйеулерінің рольдерін сомдаған артистер: Мейірбек Есімбекұлы, Жасұлан Қамбатыров және Абзал Дәулетбақовтар өз кейіпкерлерінің іс-қимылдары мен ішкі психологиялық көңіл-күйлерін барынша сенімді көрсете білді.

Жамбыл облыстық қазақ драма театры 22 қазан күні, Б. Айдарбековтың "Тағдыр тәлкегі" мұңлы драмасын сахналады.

Жамбыл облыстық қазақ драма театры 16 қазан күні Абай Құнанбаев атындағы №26 мектебіне М. Ахмановтың "Екі дос" ертегісін көшпелі қойылыммен сахналады.

Жамбыл облыстық қазақ драма театры 11 қазан күні Сарыкемер ауылы "Теремок" және "Мұрагер" балабақшаларында М. Ахмановтың "Екі дос" ертегісін көшпелі қойылыммен сахналады.

Жамбыл облыстық қазақ драма театры 10 қазан күні Тараз қаласындағы "Медина" балабақшасында С. Пірмановтың "Ақ күшік" ертегісін көшпелі қойылыммен сахналады.

Астана қаласының «Жастар театры» Елордамыздың 20-жылдық мерейтойына орай Тараз қаласындағы гастрольдік сапары аясында 9 қазан күні, сағат 19.00-де Жамбыл облыстық қазақ драма театрының сахнасында жазушы-драматург Болат БЕКЖАНОВТЫҢ «Өмір» атты драмасының премьерасын көрсетті. Драманың қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі режиссер Нұрқанат ЖАҚЫПБАЙ. Көрермендер драмадан шынайы Өмір суретін көрді.

Жамбыл облыстық қазақ драма театрында 7, 8, 9, 10 қазан күндері Астана қаласының «ЖАСТАР» театры гастрольдік қойылымдарын өткізеді.
Билеттер театр кассасында сатылады. Келіңіздер, көріңіздер!
7 қазан, сағат 19.00-де - Ғ.Мүсірепов. «Жібек», мюзикл.
8 қазан, сағат 12.00, 13.00-де – Ю.Алесин. «Золушка», ертегі.
8 қазан, сағат 19.00-де – У.Шекспир. «Асауға тұсау», комедия.
9 қазан, сағат 12.00-де – Ю.Алесин. «Золушка», ертегі.
9 қазан, сағат 19.00-де – Б.Бекжанов. «Өмір»,  драма. Премьера.
10 қазан, сағат 12.00-де – Б.Соқпақбаев. «Көзіме бір көрінсең, бала  ғашық...» сахналық повесть.
10 қазан, сағат 19.00-де – Н.Жақыпбай. «Жанарымдағы жалғыз әуен» әуенге табыну.

2018 жылдың 5-қазанында өткен, Қазақстан Республикасы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына кезекті әрі маңызды жолдауын, Жамбыл облыстық қазақ драма театры мен Жамбыл облыстық орыс драма театры ұжымдары тікелей эфирде тамашалады.

Жамбыл облыстық қазақ драма театрының 83-ші жаңа маусымы 2018 жылдың 3 қазаны күні жазушы-драматург Мархабат Байғұттың «Асқаровтың аққайыңдары» атты драмасының премьерасымен ашылды.

Автордың өзі айтқандай, бұл драма «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы мақсат-міндеттерге сай, қазақ тарихындағы белгілі тұлғалардың өшпес істері мен өнегелі өмір жолдарын терең танытып, насихаттауға арналған.

Премьераны тамашалауға Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов және облыстық Қоғамдық кеңес төрағасы Жандар Кәрібаев бастаған облыс, қала әкімдіктерінің басшы қызметкерлері, облыстық басқармалардың басшылары, облыстық Ардагерлер кеңесінің алқа мүшелері мен еңбек ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, БАҚ журналистері келді.

Түркістан облысынан келген қонақтар қатарында драма авторы, жазушы-драматург Мархабат Байғұт бастаған бірқатар қоғам қайраткерлері, өнер майталмандары және еңбек ардагерлері болды. Сондай-ақ, Алматы облысы мен Меркі ауданынан Асанбай Асқаровпен қызметтес болған тұстастары, жолдастары, туыс бауырлары болды.

Қойылымда Асанбай Асқаров образын театр артисі, ҚР Мәдениет қайраткері Жүніс Әлімбеков барынша шынайы шығарса, Асқаровтың жұбайы Фатима ролін артист Индира Мұстафаева да бар шеберлігін салып, ерекше сомдап шықты. Ана бейнесін Қазақстанның халық артисі Мәкен Рахымжанова сомдады.

Сондай-ақ, зұлым тоталитарлық режим өкілдері: КПСС Орталық Комитетінің Саяси бюросының мүшесі Соломенцевті сомдаған артист, Республикалық театр фестивалінің лауреаты Мәлік Ақүрпеков, КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің полковнигі Золин ролін сомдаған артист Мәмбет Қожалиев, тергеуші Калиниченко роліндегі артист Жандар Қырықбаев, түрме бастығы, ішкі істер қызметі полковнигі ролінде ойнаған ҚР еңбек сіңірген артисі Асқарбек Сейілхан және тағы басқалар өз кейіпкерлерінің бейнесін барынша шынайы ашып, жеткізе білді.

Премьераны көруге келген көрермендерде шек болмады, зал лық толды. Артистер өнеріне, әсіресе Асанбай Асқаровты сомдаған театр артисі, ҚР Мәдениет қайраткері Жүніс Әлімбековтің өз кейіпкерінің қиын-қыстау, қысталаң сәттегі бүкіл болмысын, ішкі жан-дүниесін, тебіренісін, толғанысын айрықша шеберлікпен көрсете білуіне риза болған көрермендер дүркін-дүркін қол соғумен болды.

Қойылым соңында театр ұжымына облыс әкімінің ықылас гүлі табыс етілді.

Өз кезегінде драма авторы Мархабат Байғұт та сөз алып, осы қойылымды дүниеге әкелген барлық шығармашылық ұжымға шексіз ризашылығын білдіріп, Түркістан облысы мен шымкенттіктер атынан қоюшы-режиссер Қуандық Қасымовқа, қоюшы-суретші Рахат Сапаралиеваға, сондай-ақ, Асанбай Асқаровты сомдаған артист Жүніс Әлімбековке, Фатиманы бейнелеген актриса Индира Мұстафаеваға сый-сияпаттар жасады.

83 Маусымының ашылуына қызу дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Маусымды танымал режиссер: Қуандық Қасымовтың "Асқаровтың АҚҚАЙЫҢДАРЫ" драмасының премьерасымен бастаймыз!!!

Жамбыл облыстық қазақ драма театры Тараз қаласының Карбышев атындағы #16 орта мектебінде, автор әрі театр актрисасы А. Атымтаеваның "Жаңғырған жаңа күн" атты ертегісін көшпелі қойылыммен сахналады. Ертегіде жан-жануарлардың өзара достық пен татулықта Жаңа күнді үлкен шаттық пен қуаныш үстінде қарсы алуы баяндалады.

Көптен күткен туынды! Жамбыл облыстық қазақ драма театры сахнасында Қазақстан Республикасының халық әртісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Парасат ордені иегері атақты артист Тұңғышбай Қадырұлы Жаманқұловтың "ҚУЫРШАҚТАР" атты психологиялық моноспектаклінің премьерасы өтті. Қоюшы режиссер: Қуандық Құлмамырұлы Қасымов.

2018 жылдың 20-21 қыркүйегі күндері Тұңғышбай Әл-Таразидің «ДАТ» театры Жамбыл облыстық қазақ драма театрында Қолғанат Мұраттың «Қуыршақтар» атты психологиялық моноспектаклін көрсетеді.

Спектакльде басынан-аяқ актердің өзі өмір кешеді.

Шығарма оқиғасы адамзат баласының жеке тұлға бола тұрып, басынан кешер қиындықтары, қасіреті, ашынуы, арпалыспен жүріп ғұмырдың аяқталуы жайлы баян етеді. Сондай-ақ, шындық пен аярлықтың күресіндегі қатыгездіктердің бетін ашуға ұмтылады.

Қойылым режиссері – Халықаралық Ш.Айтматов атындағы сыйлықтың лауреаты Қуандық Қасымов.

Қойылымның басталуы 20-21 қыркүйек күндері сағат 18-30-да.

Билеттер театр кассасында сатылады. Билет саны шектеулі. Сатылымға 100 ғана билет шығарылады. Бағасы – 10 000 теңге.

Байланыс телефондары: 45-29-68, 45-79-89

Жамбыл облыстық қазақ драма театры Сарыкемер ауылы "Мұрагер" балабақшасының бүлдіршіндеріне, "Жаңғырған жаңа күн" атты спектаклін көшпелі қойылымда сахналады.